10.04.2019.
«Ақ жол» депутаттары қазақстандықтарды қала түтінінен қорғауды және оны кәсіпорындарға салынатын экологиялық міндетті төлемнің есебінен жүргізуді талап етті – бұл туралы депутат Кеңес Әбсатиров Мәжілістің пленарлық отырысында мәлімдеді.
«Тәуелсіздік жылдары экологиялық қауіпсіздіктің үш Тұжырымдамасы қабылданды. Алайда, бұған қарамастан, қазақстандықтар атмосфералық ауаға зиянды заттарды шығарудың құрбаны болып келеді. Бүгінгі таңда 5 қала жоғары ластану деңгейіне ие (Алматы, Екібастұз, Петропавл, Ақсай және Шу) және 9 қала өте жоғары деңгейге жеткен (Атырау, Өскемен, Балқаш, Теміртау, Қарағанды, Жезқазған, Ақтау, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе)», – деп айтылған фракцияның депутаттық сауалында.
Бірақ атмосфералық ауаны бақылау қызметі зиянды заттарды шығарудың шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРК) асып кеткені жөнінде хабардар етуге тіпті асықпайды. Ал, біздің елімізде шекті рұқсат етілген концентрация нормалары халықаралық стандарттардан артта қалған. Мәселен, майда ыдыранды шаң-тозаңның Қазақстанда қабылданған орташа күнделікті шекті нормасы 0,35 мг / м3 құрайды. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен 0,25 мг / м3 мөлшері шегінен асып түседі.
Халықаралық стандарттарға сүйенсек, қарапайым жылу электростансылары ғана бар Қазақстанның барлық қалалары экологиялық ластанған қалалардың тізіміне енгізілер еді.
«Ақ жол» депутаттарының пікірінше, мұндай жағдайға тап болудың бірден-бір себебі – Экологиялық кодексте табиғатты пайдаланушылардың қоршаған ортаны қорғау шараларын жүргізуін ынталандыру нормаларының болмауы. Кәсіпорындар үшін кей кездері заманауи тазалау құрылғыларын орнатқаннан гөрі, зиянды қалдықты шектен тыс шығарғаны үшін айыппұл төлеу тиімдірек болып отыр.
Екінші бір жағынан алып қарасаңыз, кәсіпорындардың көкейінде тұрған сұрақ – жыл сайын өсіп жатқан экологиялық төлемдер қайда кетіп жатыр?
«Атмосфералық шығарындыларды азайту және кəсіпорындардың қымбат технологиялық шешімдерін қолдануға көмектесу үшін бұл төлемдерді мақсатты пайдаланатын уақыт келіп жетті», – деп есептейді «ақжолдықтар».
Ауа ластануымен күресудің әлемдік тәжірибесі қалада шығарындыларды азайтудың көптеген шешімдерін көрсетіп берді: консервативті – жасыл көшеттердің ауданын арттыру, инновациялық – «ауа дәлізін» құру. Осы арқылы ластанған ауа қаладан шығарылады.
Алайда, қалалардағы түтінмен күресудің негізгі жолы қалдық шығарудың стационарлық көздеріне қатаң талаптар қою (Қазақстанда олардың үлесіне шамамен 2 млн.тонна-дан келеді). Бұл , бірінші кезекте, жылу энергетикалық кәсіпорындарға қатысты.
Мәжілісмен Абсатиров атап өткендей, өнеркәсіптегі және қоршаған ортадағы ахуалы бізге ұқсас Ресейдің Красноярскіде қолға алған энергетикалық нысандарды жаңғырту үдерісі үлгі бола алады. Мұнда ЖЭО-1-ге тазалау деңгейі 99%-ды құрайтын электрсүзгілерін орнату жоспарланып отыр. Бұл зауыттан шығарылатын зиянды қалдықтардың концентрациясын 3-5 есеге азайтуға мүмкіндік береді. Ал ЖЭО-2-ге отынды жағып бітіру әдісін енгізу зиянды шығарындыларды 50% -ға дейін азайтады.
Осы орайда, «Ақ жол» фракциясы талап етеді:
1) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес ауаны ластаушы заттарға қойылған шекті рұқсат етілген концентрация нормативтерін енгізуді;
2) жаңа Экологиялық кодексте қоршаған ортаны қорғау бойынша инновациялық әдістерді қолданатын табиғатты пайдаланушылар үшін экономикалық тұрғыдан ынталандыру шараларын қарастыруды (салықтық шегерімдер, жеңілдіктер беру және тағы да басқа) талап етеді.
Бұдан басқа, депутаттар министрден ауаны ластаушы заттар шығарындыларын азайту және қоршаған ортаға зиянды заттар шығарғаны үшін алынатын төлемдерді пайдаланудың ағымдағы тәртібі туралы ақпарат беруін сұрады.
«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру және сайлаушылардың талап-тілектерін орындау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
https://qazaquni.kz/2019/04/10/98276.html