08
Сәуір

08.04.2026

ШОБ кластерінің үлгісінде (Qarmet АҚ базасында) металлургиядағы терең өңдеуді дамыту туралы

ҚР Премьер-Министрі

О.А. Бектеновке


Биылғы жылдың 10 ақпанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту мәселесін экономиканың өнеркәсіптік негізін қалыптастырумен тікелей байланыстыра отырып, индустрияның негізгі осалдығы – шикізат өндірушілердің басымдығында екенін атап өтті. «Өңдеуші өнеркәсіп өнімінің 40 пайыздан астамы металлургия саласына тиесілі. Сонымен қатар, металлургия экспортының жартысынан көбі төмен деңгейде өңделген өнімдерге келеді. Нәтижесінде біз бастапқы өңделген өнімдерді экспорттап, жоғары деңгейде өңделген тауарларды импорттауды жалғастырып отырмыз… Бұл тәжірибе тоқтатылуы тиіс» - деді президент.

Айта кету керек, 2024 жылы отандық өнеркәсіпті шикізат пен материалдармен қамтамасыз ету бойынша Президент тапсырмаларын орындау мақсатында «Ақ жол» фракциясының бастамасымен «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға металлургиялық өнімнің тек отандық өңдеушілер сұраныс білдірмеген көлемдерін ғана экспортқа бағыттау жөніндегі талаптар енгізіліп, Парламент тарапынан қабылданды.

Алайда ЕАЭО СЭҚ ТН кодтары бойынша тауарларды жіктеу жүйесін нақтылау барысында бұл норма бастапқы өңдеу өнімдеріне (дайындамалар, слябтар, прокат және басқа да жартылай фабрикаттар түрінде) қолданылмады. Ал Мемлекет басшысы атап өткендей, дәл осы өнімдер қазіргі таңда экспортта басым үлеске ие. Бұл мәселенің екі ықтимал шешімі бар:

біріншісі – бастапқы өңделген металл өнімдерінің экспортын шектеу. Алайда Мемлекет басшысы жаңа шектеулер саланың дамуына кері әсер етуі мүмкін екенін орынды атап өтті. Немесе кейінгі өңдеу сатыларын дамыту. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, мұндай жобалардың шикізат өндірушілермен тікелей ұйымдастырушылық байланыссыз тиімділігі төмен болып келеді.

Осыған байланысты мәселені тек шектеу шаралары арқылы шешу мүмкін емес, ол ел ішінде шикізатты терең өңдеуге қолайлы әрі икемді жағдайлар жасауды талап етеді.

Біздің ойымызша, ең тиімді әрі икемді тәсіл «Qarmet» АҚ-да қалыптасқан. Онда шағын және орта бизнеске арналған өндірістік кластер белсенді түрде дамып келеді және ол екі бағытты да қамтиды:

- комбинат өнімдерін (металлпрокатын) әрі қарай өңдеу;

- комбинаттың өзіне қажетті тауарларды өндіру.

Сонымен қатар, «Бәйтерек» инвестициялық холдингімен жасалған келісімдер аясында мұндай жобаларды оффтейк-келісімшарттар кепілдігімен жеңілдетілген несиелеу мүмкіндігі қарастырылған, бұл ШОБ үшін жүктемені едәуір азайтады.

Айта кету керек, кәсіпорынның жылдық сатып алу көлемі 600 млрд теңгеден асады, оның шамамен 80 пайызы отандық жеткізушілерге тиесілі. Ал ШОБ кластері аясында әрі қарай өңдеуге жарамды өнім көлемі бұдан бірнеше есе көп.

Локализацияға арналған шамамен 160 тауар позициясының тізімі қалыптастырылған, өңдеуші өндірістерді орналастыруға қажетті инфрақұрылым жасалған, сондай-ақ бизнес үшін ұзақ мерзімді тапсырыстарға қолжетімділік қамтамасыз етілуде.

2026 жылғы ақпанда «Ақ жол» демпартиясы ұлттық бизнестің өкілі ретінде еліміздің түрлі өңірлерінен келген жүзге жуық кәсіпкердің комбинатқа сапарын ұйымдастырды. Онда кәсіпкерлерге серіктестік пен кластерге қосылудың түрлі нұсқалары ұсынылды. Келіссөздер нәтижесінде өзара қызығушылық тудырған бірқатар жобалар айқындалды.

Жинақталған тәжірибені ескере отырып, қазіргі жағдайда бұл тәсіл ең тиімді деп санаймыз, себебі ол шикізатты терең өңдеуді дамытуға, өндірістік кооперацияны қалыптастыруға және ұлттық экономиканың өнеркәсіптік негізін нығайтуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, «Ақ жол» фракциясы келесіні қажет деп санайды:

1) «Qarmet» АҚ үлгісі бойынша кластерлік модельді елдің қара және түсті металлургия саласындағы барлық ірі кәсіпорындарында енгізу үшін кеңейту, сонымен қатар отандық өңдеуші кәсіпорындармен ұзақ мерзімді өндірістік кооперация негізінде металдарды терең өңдейтін өндірістерді міндетті түрде құру;

2) Аталған кластерлерді «Бәйтерек» инвестициялық холдингі құралдары арқылы ынталандыру тетіктерін қарастыру;

3) Шикізат алпауытарының экспортын ашық етуді қамтамасыз ете отырып, орта мерзімді кезеңде бастапқы өңделген материалдар үлесін кезең-кезеңімен азайтып, жоғары деңгейде өңделген өнім экспортын арттыру.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

А. Перуашев,

Д. Еспаева,

Е. Барлыбаев,

Қ. Иса,

С. Ерубаев,

О. Нуралдинов