https://egemen.kz/news/aq-zhol-partiyasy-okilderi-shymkentte-kasipkerlermen-zhuzdesti
20 тамызда Шымкент
қаласындағы «QAZALPACK» өндірістік кәсіпорнында «Ақ жол» партиясының өкілдері
мен зауыт қызметкерлерінің қатысуымен кездесу өтті. Жиында кәсіпкерлікті
қолдау, отандық өнім өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыру және жұмысшылардың
әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ақ жол» партиясының
төрағасы Дания Еспаева бастаған штаб мүшелері отандық өндірісті дамытуға
бағытталған партияның негізгі басымдықтарын таныстырды. Кездесуде бәсекеге
қабілетті экономика қалыптастыру үшін ішкі өндірісті қолдаудың маңызы айтылды.
Талқылау барысында
отандық кәсіпкерлерді негізсіз әкімшілік кедергілерден қорғау, салықтық
ынталандыру тетіктерін жетілдіру және өндіріс орындарын заманауи
технологиялармен жабдықтауға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері көтерілді.
Партия өкілдері жаһандық
экономикалық тұрақсыздық жағдайында ішкі нарықты қамтамасыз ететін отандық
кәсіпорындардың рөлі артып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар тұрақты жұмыс
орындарын сақтау, еңбек құқықтарын қорғау және өндіріс саласындағы
қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттігіне назар аударылды.
Кездесуге елуге жуық
зауыт қызметкері қатысты. Ашық диалог форматында өткен жиында жұмысшылар
өндіріс процесіндегі қиындықтар, шикізатпен қамту және әлеуметтік кепілдіктерге
қатысты сауалдарын қойды.
Кәсіпорын ұжымы тарапынан
айтылған ұсыныстар назарға алынып, партия өкілдері көтерілген мәселелердің
тиісті деңгейде қаралуына ықпал ететіндерін жеткізді.
Еске сала кетейік,
Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленді. Сайлауға жеті саяси партиядан 545
кандидат ұсынылды. 19 тамыз күні сағат 20:00-де «24KZ» телеарнасының тікелей
эфирінде сайлау алдындағы соңғы теледебат өтті.