22.11.2018.
Азат ПЕРУАШЕВ,
Мәжіліс депутаты:
Ұлттық санасы мен ұлттық ұстанымы бар әр азамат үшін Елбасымыздың бүгінгі мақаласы тың серпін береді деп санаймын. Замандастарымыз ғана емес, сонымен бiрге біраз қазақтың жас буыны ұлттық тарихымызды, өткен ғасырларды тек қайғылы жағынан ғана есте сақтап, трагедиялық оқиғалармен байланыстырып жүр. Мұндай көзқарасқа түрткі болған тарихи себептер де аз емес. Осы орайда халқымыз геноцидке баланған алапат ашаршылықты, жоңғар шапқыншылығы,Ақтабан-шұбырынды замандары, саяси қуғын-сүргін, Алаш арыстарының азаттық жолында құрбан болуы секілді нәубетті кезеңдерді бастан кешірді. Осының бәрін көтерген кез келген адам, ең алдымен, «жанымды қалай сақтап қаламын, қалайша елім мен жерімді құтқарамын» деген ойға келеді. Бұл – тарихи мәжбүрліктің көзқарасы.
Нұрсұлтан Әбішұлының мақаласында көрсетіп берген әдістемесі – бұл тарихи позитивизмнің концепциясы іспетті. Мен және өзім сияқты ұлттық мүдде жолындағы азаматтар үшін мұндай көзқарас – елеулі жаңалық, тың бастама. Бiрақ Елбасымыз әрбір сөзді мысалдармен дәлелдеп, нақты деректерге сүйене отырып, тiптi оны ғылыми тұрғыдан зерттеуге шақырып отыр.
Мақаладағы кейбiр дүниелер бұрыннан белгiлi, оларды Нұрсұлтан Әбішұлы ғана бiр жүйеге келтiрiп, өз орнына қойып берді. Мәселен, атқа мiну мәдениеті, жылқы шаруашылығы баршамызға әбден танымал, үйренген, күнделікті тiршiлiк емес пе? Расында, Елбасымыз көрсеткендей, XIX ғасырға дейін, яғни өнеркәсіп революциясына дейiн ең дамыған елдерде бас механикалык күш болған дәп сол жылқы еді. Ал жылқыны қолға үйрету, атқа міну мәдениетіне ұйытқы болған – біздің бабаларымыз.
Атқа мінген сарбаздар да талай әскери технологияларға, жаңалықтарға себепші болды. Сол әскери амал-әдістер жалпы технологияларға да әсер етті. Мысалы, сарбаздың сауытын жасау үшін қаңылтыр табақты шығару кажет болған. Оны да ең алғаш болып ежелгі ата-бабаларымыз ашқан.
Елiмiзде көне металлургияның дүниежүзілік орталықтарының бірі орналасқанын мектеп қабырғасынан жақсы бiлемiз. Бiрақ бұл ол кездегі төтенше техникалық инновация болғанына қалай назар аудармағанбыз? Әріден соң, бұл – жай металды өндіру ғана емес, металдан басқа, жерде жоқ заттарды жасап шығару өндірісі болған. Қару-жарақ жасаумен шектелмей, бабаларымыз ат әбзелдері, сауыт-сайманды шығаруды үйренді.
Шаруашылыққа арналған өнімдерді ғана місе тұтпай, аталарымыз таза өнерге де атсалысты. Қазіргі заманға дейiн VI-V ғасырларда бабаларымыз жасаған алтын-күміс зергерлiк бұйымдарды жасауға басқа елдер тек ғасырлар өткеннен кейiн қол жеткізген. Ал өнердің дамуы – рухани дамудың негiзi, көрсеткiшi емес пе?!
Қалалық инфрақұрылымның жағдайына келсек, ол – бір бөлек әңгіме. Балалық шағымыздан Тараз, Қойлық, Отырар, Сарайшық, Сығанақ сынды ежелгi қалалар туралы оқып-біліп келеміз, тiптi солардың жұрнағы қалған қала-бекіністердің орнына ата-аналарымыз ертіп апарып, көзбен көрген едік. Сонда, көне су арналарының, кәріз жүйесінің, моншалардың iздерiне куә болмадық па? Ал неге сол замандағы Еуропа қалаларының жағдайымен оны салыстырмасқа? Ол кезде Еуропада мұндай инфрақұрылымы әлдеқайда дамыған қалалар жоқтың қасы еді, бар болса – санаулы ғана…
Қорыта айтқанда, мақала көп ой тудырды. Ұлттық рух пен абыройымызға сөзсіз әсер етеді. Тiптi, менiң ойымша, оның түпкілікті мәні тарихта емес, болашақта жатыр. Қазiргi жаһандану заманында жастарымыз ашық әлеммен тікелей қатынасқа түскенде, басқалардан артық болмаса, кем емес екенiн анық бiлiп, өзіне, ұлттық бірегейлігіне, генетикалык мықтылығына сенуге толық құқы бар. Өскелең ұрпақ өзінің түп-тамырына күмән келтірмей, икемдi болуға, новаторлық жаңалықтарға қабілетті екеніне сенімді болып, бұрын ешкiм ойлап таппағанды жасауға жүрексінбесін. Бұл біздің Ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыздын жолы мен аманаты. Елбасының да аманаты деп қабылдайық.
Егер осыған дейін ұлтын сүйген патриоттар мен ұлттық мүддені көздеушілері «консерваторлар», «жоқтаушылар» деген сынды көп естіген болсам, бұдан былай ұлтшыл деген сөз, менің түсінігімде, прогресшіл, икемдi, жаңалыққа құштар, жаңашылдыққа қабiлеттi, новатор адам дегенді білдіретін болады.
https://aikyn.kz/2018/11/22/73967.html