112 қандастың хаты Қытай шенеунігі Шэн Бэйли ханымға жетті
Жақында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мырза бастаған топ Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында өткен әлемдік саяси партиялардың I xалықаралық форумына барып қайтты. Бұл сапар туралы бірқатар басылымдар жазды. Әсіресе Қытайдағы қазақ азаматтарының жанайқайы жайлы жазылған үшбу хатты Азат Перуашев мырзаның Қытай басшылығына тапсырғаны жайлы айтылған. Біз бұл туралы Азат мырзаның өзінен сұрап білгенді жөн көрдік.
- Азат мырза, жақында сіз бастаған «Ақжолдықтар» Қытайға барып қайттыңыздар. Бұл не сапар?
- Қытай - біздің ең жақын көршіміз, әлемдегі сәтті дамып келе жатқан мемлекет. Біздің стратегиялық серіктесіміз. Қытаймен қарым-қатынастар Қазақстан үшін өте маңызды деп есептеледі. Тіпті, біздің сыртқы саясат концепциясы бойынша Қытаймен қарым-қатынастарымызды дамыту – басты басымдығымыздың бірі.
«Ақ жол» мен Қытай коммунистік партиясы арасындағы қарым-қатынастарда, менің ойымша, дұрыс дамып келе жатыр. Бірнеше жылдар бойы, парламентке кіргенімізден кейін бірнеше рет Қытай коммунистік партиясының Халықаралық бөлімінің шақыруымен партиямыздың делегациялары Қытайға барып келді. Жақында осы жылдың 11-ші желтоқсанында 20 шақты адамнан құралған тағы бір үлкен делегациямыз, (құрамында «Ақ жол» депутаттары, кәсіпкерлері бар) Қытайға жол жүрейін деп отыр. Мен «Ақ жолмен» Қытай коммунистік партиясы арасындағы осы қарым-қатынасты лайықты деңгейде, тіпті достық деңгейде деп айта аламын.
- Осыған дейін де Сіз Қытай кәсіпкерлерімен, Қытай компартиясының кейбір басшыларымен кездескен болатынсыз. Отандық бизнесті қорғау, сервистік компанияларға отандық жұмысшыларды тарту жөнінде айтсаңыз...
- Қытай коммунистік партиясы Халықаралық бөлім басшылары жағынан «Ақ жол» партиясы көтерген мәселелерге қалай назар аударып отырғанын байқап отырмыз. Олар біздің сөзімізді жерге тастамай, біздің өтінішімізді, бастамаларымызды қолдауға тырысып жүр.
- Мысалы?
- Мысалы, 3 жыл бұрын Қытайға барған кезде, маған мұнай саласында істейтін қазақстандық сервистік компаниялардың өкілдері кейбір Қытайлық мұнай компанияларының біздің компанияларды жұмыссыз қалдырып, біздің жұмысшыларымызды қысқартылуы туралы өкінішпен айтты.
Мен Қытайға барған кезде, Халықаралық бөлімнен CNPC және SINOPEС компанияларының басшылығымен кездесуді сұрадым. Олар менің манызды мәселе көтеріп отырғанымды ескеріп, кездесуді ұйымдастырып берді. Ол кездесуде мен өткір мәселелер көтердім. Олар осы мәселенің шешімін қарастырамыз деп уәдесін берді.
Былтырғы жылы барғанымызда SINOPEС-тегі Халықаралық жобалармен айналысатын Вице-Президентпен кездесу барысында тендерге, жергілікті мазмұнға байланысты мәселені көтердім. Біздің кәсіпкерлерімізден «ешбір тендер босқа өтпейді, барлығы жеке байланыс арқылы өту керек» деген ақпарат алынды. Бұл ақпаратты вице-президент алғашында мойындамай, «бәрі жалған» деді. «Біз тексеру жүргіздік, бірақ ештеңе дәлелденбеді» деп жауап берді. Сол кезде менің қасымда Халықаралық бөлімнің өкілі болды, сол кісі қытай тілінде 5 минут шамасында Вице-президентке қатты түрде ескерту жасады. Содан Вице-президент біздің көзімізше кызарып, терлеп кетті. Ол жерде қазақстандық 18 адам болды. Осыдан кейін ғана аталған кемшіліктің соның ішінде корпоративтік жемқорлықтың бар екенін мойындады. «Біздерге осыны берсеңіздер, біздер нақты осы мәселемен айналысамыз» деді.
Яғни, осыдан мен компартияның Халықаралық бөлімінің бізге деген көңілі, көзқарасы дұрыс екенін көрдім.
- Бір жыл бұрын болды деп отырсыз, жаңағы тендер өткізу, жергілікті жұмысшыларды тарту мәселелері бойынша алға жылжушылық бар ма? Қазір өзгеріс байқала ма?
- Өмірдің заңы солай: бір мәселені шешсек, оның артынан басқа проблемалар шығады. Оларға да өз пікірімізді білдіріп отырсақ, біртіндеп өз нәтижесін беретініне сенімдімін. Қазақстандық компаниялардың, кәсіпкерлердің, жұмысшылардың қуғыны туралы, заңды мүдделерін қорғау туралы мәселелерін біз барған сайын көтеріп отырамыз.
- Азеке, соңғы сапарларыңыз жайында баспасөз беттерінде біраз ақпараттар жарияланып жатыр. Әсересе, сырттан келген қазақтардың қатты күтіп отырған жаңалығы жүрді. Соның мәнін ашып, хат кімге тапсырылды, қандай мәселе көтерілді. Сол жөнінде толықтай айтып берсеңіз?
- Бейжіңде Дүниежүзілік саяси партиялар көсемдерінің форумы өтті. Форумға шығатын күні партия мен Парламентке оралман азаматтар келді. 'Ақ жолдың' офисінде олармен Қазбек Иса, Мәжілісте - мен кездестім. Олардың айтуынша қытайда тұрып жатырған туыстарымен байланыстары үзіліп кетті, кейбір ақпарат бойынша оларды жергілікті құқық қорғау органдары ешқандай себепсіз қамауға алған.
Олар менен бұл мәселені Қытайда көтеруімді сұрады. Мен «егер Қытай азаматтары жөнінде әңгіме болса, олардың ұлты қазақ болсын, қытай болсын, орыс болсын, біздің бұл мәселеге араласуға құқымыз жоқ. Себебі кез-келген мемлекет өзінің қандастары үшін басқа мемлекеттің ішкі-саясатына араласқанды жақтырмайды. Мысалы, бізде қаншама орыстар, украиндер, корейлер т.б. ұлт өкілдері тұрып жатыр. Бірақ олар Қазақстанның азаматтары болғаннан кейін, біз ешкімді де ішіміздегі өзара қарым-қатынастарға араластырмаймыз, өзіміз реттейміз. Себебі, кез келген мемлекеттің, ол Қытай болсын, Қазақстан болсын, басқа болсын, әр елдің ішкі саясатын өзінше жүргізуге құқығы бар».
Ал, Қазақстандағы азаматтардың туыстары туралы ақпарат қаншалықты рас, бұл кісілер не үшін ұсталды, қазіргі жағдайы қандай екенін сұрай аламын деп айттым. Және ол кісілердін қолынан 112 адамның тізімін алдым. Бейжінге барған кезде өте жоғары деңгейдегі жиналыс болды, оған 120 мемлекеттің делегаттары келді, Америкадан, Европадан, Азиядан. Сол форум басталуынның алдында, Казбек Жарылқасынұлымен екеуміз Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Халықаралық істер департаменті меңгерушісінің орынбасары (министрдің орынбасары дәрежесіндегі) Шэн Бэйли xаныммен сөйлестік.
Біз Қытайдың ішкі саясатына араласпаймыз, бірақ Қазақстанның азаматтары ағайындары үшін уайымдап, бізге «Ақ жол» партиясына бұл мәселемен келгенін айттым. Біз, халықаралық құқықтарды бұзбай, адамгершілік, гуманистік принциптерді айттық.Бұл адамдардың жағдайы мен болашағы қандай – хабар беруді сұрадық. Ал Шэн Бэйли ханым бұл оқиға Шыңжан ауданында болған шығар, сондағы басшыларға тапсырамын, қойған сұрақтарынызға жауап береді - деп қайтарды.Өтінішімізді мұқият қабылдады, бірден жоқ демей, расында бұл мәселені талдаймыз деді.
- Жауап сіздің атыңызға келуі мүмкін бе?
- Иә! Біз тізімді жазба түрде қол-қол тапсырдық. Енді бүгін Қытай елшілігі арқылы сол тізімге қосымша хат жібере аламыз.
- Алаш идеяларын іште ғана емес, сыртта да таратудың жолдарын қарастырсақ деп әңгімелесіп едік. Осы жолы әлемдік мінберден Алаш идеялары туралы айтты деп естіп жатырмыз, сол туралы айта кетсеңіз.
- Иә. Форумда ағылшын тілінде баяндама жасадым, сонда бүкіл әлемнен жиналған бетке ұстар азаматтарға Алаш туралы аз болса да ақпарат берсем жөн болар деп шештім. Алашты Орталық Азияның ішіндегі алғашқы саяси партия және 20-шы ғасырдың алғашқы ұлттық автономиясы ретінде көрсеттім. Және де отандастарымыз бен Қазақстан достарын Алаштың 100 жылдығымен дүниежүзілік сахнадан құттықтадым. Әлихан Бөкейхан туралы да қысқаша айттым.
- Жалпы Ресейде 1917 жылғы автономиялар жөнінде деректі фильм дайындады. Соның ішінде Украинанын автономияны қалай жасағысы келгені туралы, басқа мемлекеттер туралы көрсетілген, Грузиндер туралы бөлек-бөлек тоқталып өткенде, бірақ Алаш туралы бірде бір дерек айтылмаған. Осыдан шығатын қорытынды, мүмкін олардың еңбектерін басқа тілдерде шығарса, қалай қарайсыз?
- Бұл өте дұрыс. Алаш көсемдерінің көбісі Москвада, Санкт-Петербургте оқығандар, Ресейдегі Госдуманың депутаттары болған. Олардың біраз еңбектері орыс тілінде шыққан. Орыстілді аудиторияны Алаштың материалдарымен көбірек таныстыруымыз керек деп санаймын. Сонда олардың санасы ашық адамдары Алаштан қорқатындай ештеңе жоқ екенін түсінеді, Кавказ, Украина, Прибалтикадағы ұлтшылдар, Ресейдің өзінің ұлтшылдары – ақ офицерлерімен санасатындай болады.
Бізге олардың қолдағаны емес, мойындағаны маңызды. Себебі, бұл шындықтың мойындалғаны болар еді.
- Рахмет!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz