04
Қыркүйек

«Ақ жол» Демпартиясының орталық кеңсесінде Global ESG Partnership және бизнес өкілдерінің қатысуымен инвестиция тартудың цифрлық құралдары талқыланды

Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған биылғы жылы «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық кеңсесінде партия Саяси кеңесінің мүшелері мен партияның Құрылтайдағы фракция депутаттарының Global ESG Partnership компаниясының басшылығымен кездесуі өтті.

Сондай-ақ, кездесуге онлайн форматта «Ақ жол» демократиялық партиясының барлық облыстар мен қалалардағы филиалдары, отандық өндірушілер мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қонақтар Қазақстанда цифрлық қаржы құралдарын – эмитенттердің активтерімен қамтамасыз етілген стейблкоиндер мен токендерді енгізу мәселелері туралы айтып берді. Компания өкілдері кәсіпкерлердің зияткерлік меншік нысандарын (технологиялар, патенттер мен инновациялар) қоса алғанда нақты сектор кәсіпорындарының активтерімен қамтамасыз етілген инвестициялық токендер шығару мүмкіндігіне қатысты сұрақтарына жауап берді. Бұл тақырып қатысушылардың аса қызығушылығын туғызды.

Аталған құралдар бизнестің белгіленген кіріс міндеттемелерінсіз және кәсіпорындарды басқару үдерісіне араласусыз сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуына мүмкіндік береді.

Дей тұрғанмен, талқылау барысында токендер бойынша тәуекелдерді хедждеу және міндеттемелерді бухгалтерлік есепте көрсету мәселелерінде белгілі бір олқылықтардың бар екені байқалды. Бұл, ең алдымен, саланың жаңа екендігімен және оның құқықтық тұрғыдан әлі толық реттелмеуімен түсіндіріледі. Осыған байланысты Alatau City жаңа секторларды автономды реттеу құқығына ие болып отыр.

Блокчейн-технологиялар негізінде цифрлық құралдарды дамыту, оның ішінде АХҚО, KASE және Alatau City алаңдарында дамыту нақты секторға ішкі және халықаралық инвестициялар тарту тұрғысынан бизнес үшін ерекше қызығушылық тудырады.

Еске сала кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақстанда криптоиндустрия элементтерін енгізу мәселесін 2017 жылдан бері көтеріп келеді. Алайда сол жылдары Ұлттық банк бұл бастамаларды қолдамады. Соның салдарынан осы саланың көп бөлігі көлеңкелі айналымға өтті. Өткен жылы «Ақ жол» фракциясы бұл тақырыпқа қайта оралып, Қазақстанда криптоактивтерді дамытуды және криптобанк құруды ұсынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясы базасында стратегиялық крипторезерв қалыптастыруға арналған Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылып жатыр. Цифрлық активтерді төлем және инвестициялық құралдар ретінде қолдану, оның ішінде Alatau City, АХҚО және KASE дамыту аясында жүзеге асырылуда.

Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясы отандық өндірушілер мен кәсіпкерлерге заманауи цифрлық технологиялар мен құралдарды түсіндіру және оларды осы бағытқа тарту жолындағы жұмыстың алдыңғы шебінде жүр. Мұндай құралдар қымбат банк кредиттеріне және қор биржаларының қатаң листинг талаптарына балама бола алады.