ҚР Сауда министрі
А. Шаққалиевке
Жуырда «Ақ жол» фракциясы депутаттарының
Шымкент, Қарағанды, Семей, Орал, Астана қалаларында кәсіпкерлермен өткізген
кездесулері барысында, сондай-ақ партиямызға келіп түскен өтініштерде сауда
орталықтарының иелері мен жалға алушылары ОСО-ға келушілер ағыны мен сатып алушылық
белсенділіктің төмендеуіне байланысты мәселе көтеруде. Бұл жағдай бөлшек сауда
және жалға беру бизнесі кәсіпорындарының табысына елеулі әсерін тигізіп отыр.
Өтініш берушілердің пікірінше, сауда орындарын жалға беру қызметінің арнаулы салық режимін қолданатын ЭҚЖЖ-дан алынып тасталуы проблемалардың бірі болып табылады.
Алайда біз бұл үрдіс тек салық мәселесінен
де тереңірек деп санаймыз, себебі, сауда алаңдарының босап қалуы мен ОСО
табыстылығының төмендеуі бүгінде бүкіл әлемде байқалып отырған құбылыс.
Бұған ең алдымен онлайн сауданың және
маркетплейстердің қарқынды дамуы, қашықтан сатып алу мен тауар жеткізу
технологияларының жетілдірілуі әсер етіп отырған сияқты. Сонымен қатар,
халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуін де жоққа шығаруға болмайды.
Шағын және орта бизнестің маңызды
бағыттарының бірі болған сауда кешендері бүгінде келушілер санының азаюы, жалға
алушылардың қысқаруы, бос тұрған алаңдардың көбеюі мен инвестициялық
тартымдылықтың төмендеуіне тап болып отыр.
Сонымен бірге, сауда орталықтары мен инфрақұрылымдарына миллиардтаған теңге инвестиция салынған. Әрбір осындай нысанның артында жүздеген жұмыс орны, салық түсімдері, отандық өндірушілер мен жеткізушілердің қызметі тұр.
ОСО келушілер санының төмендеуі тұрақты
сипат алып отырғанын ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы саланың уәкілетті
мемлекеттік реттеушісі ретіндегі Сауда министрлігіне бұл бизнестің толық
тоқырауын күтпей, оны қазіргі заман талаптарына сай қайта бейімдеуге септесуді
ұсынады.
Қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін сауда
орталықтарының иелері мен жалға алушылары оларды ойын-сауық және бос уақытты
тиімді өткізу инфрақұрылымы дамыған көпфункционалды қоғамдық кеңістіктерге
айналдыруы қажет: балалар және спорт аймақтары, аттракциондар,
фитнес-орталықтар, сауықтыру және білім беру мекемелері, компьютерлік клубтар,
фудкорттар және адамдарды тартатын басқа да сервистерді дамыту қажет.
Алайда мұндай қайта бейімдеу айтарлықтай
уақыт пен қаржылық шығындарды, соның ішінде сауда ғимараттарын ауқымды қайта
реконструкциялауды талап етеді.
Осыған байланысты бизнес қауымдастықпен
бірлесіп сауда орталықтарының қызметін қайта форматтау жөніндегі бағдарлама
әзірлеуді, соның аясында баламалы бизнес бағыттары бойынша ұсынымдар,
кеңістіктер мен ғимараттарды қайта ұйымдастырудың үлгілік шешімдері, сондай-ақ
бағдарламаға қатысушыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін салықтық демалыстар
беру және босап жатқан алаңдарды қайта жаңарту мен қайта жабдықтауға
жеңілдетілген несие беру секілді қолдау шаралары қарастыруды ұсынамыз.
Нақты сауда-ойын-сауық орталықтарын жаңа
форматқа көшіру үшін жүргізілетін қайта жаңғырту кезеңінде мұндай нысандарға
салықтық демалыстар беріп, ЭҚЖЖ 68204 «Сауда жылжымайтын мүлкін жалға беру және
басқару» қызмет түріне арнаулы салық режимін қолдану қажет деп есептейміз.
«Ақ жол» фракциясы шағын және орта
бизнестің негізгі салаларының біріне қолдау көрсетіп, қолда бар негізгі
құралдарды, ғимараттар мен құрылыстарды тиімдірек пайдалану үшін олардың
қызметін қайта бейімдеуге жәрдемдесу маңызды деп санайды.
Уақтылы қабылданған шаралар шағын және
орта бизнестегі мыңдаған жұмыс орнын сақтап қалуға, сауда инфрақұрылымының
табыстылығын қамтамасыз етуге және неғұрлым табысты жұмыс форматтарын
қалыптастыруға мүмкіндік береді деп есептейміз.
Құрметпен,
«Ақ жол»
фракциясының депутаттары
А.Перуашев
Д,Еспаева
Е.Барлыбаев
Қ.Иса
С.Ерубаев
О.Нұралдинов