Бас прокурорға
Б. Н. Асыловқа
Ішкі істер министріне
Е. С. Саденовке
Қаржылық мониторинг агенттігінің
төрағасына
Ж. К. Элимановқа
2026 жылдың 28 мамырында Мәжілістің VIII шақырылымдағы «Ақ жол» фракциясының депутаттары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне заңсыз несие берушілер қызметінің қарқынды таралуы мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады.
Заңсыз несие берудің бір мысалы ретінде микрокредиттік қызметті жүзеге асыруға тіркеуі де, лицензиясы да жоқ «Alem Credit» платформасының қызметі келтірілді. Аталған платформа ондаған интернет-ресурс арқылы азаматтарға, соның ішінде заңды қаржы ұйымдары несие беруден бас тартқан тұлғаларға да қарыз береді. Сонымен қатар, компанияның сайттарында тіркелу кезінде қарыз алушылардың биометриялық деректері заңсыз жиналып, қарыз қаражаты жеке тұлғалардың (дропперлердің) банк карталарынан аударылады. Бұл ретте, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) заңнамада белгіленген шекті деңгейден 9,5 есе, ал айыппұл санкцияларының мөлшері 10 есе асып түседі! Қарыз өтеу мерзімі кешіктірілген жағдайда психологиялық қысым мен қорқыту белгілері бар өндіріп алу әдістері қолданылады.
2026 жылдың 26 маусымындағы жауабында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Alem Credit» қызметінде ҚР Азаматтық кодексінің 160-бабында көзделген жалған мәміле белгілері бар екенін көрсетті. Алайда, Агенттіктің тиісті өкілеттіктері болмағандықтан, материалдар Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданған.
Қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпараттың болуына қарамастан, аталған платформаның интернеттегі жарнамасы әлі де жүріп тұр. Сондай-ақ, жарнамалық SMS-хабарламалар таратылып, жаңа интернет-сайттар пайда болуда.
Бұған дейін қарыз алған азаматтарға да алған қаражатынан бірнеше есе асып түсетін талаптар қойылуда. Мәселен, 50 000 теңге көлеміндегі қарыз мақұлданған жағдайда, азаматтың қолына іс жүзінде 32 000 теңге түсіп, қайтаруға талап етілетін сома 752 000 теңгеге дейін жетеді. Бұл іс жүзінде алынған қаражаттан шамамен 23 есе көп.
Азаматтардың хабарлауынша, мәжбүрлеп өндіріп алу кезінде үздіксіз қоңырау шалу, туыстары мен жұмыс берушілері арқылы қысым көрсету, дербес ақпаратты тарату туралы қорқыту, жасанды интеллект көмегімен әдепсіз сипаттағы жалған бейнелер жасау, сондай-ақ азаматқа іздеу жарияланғаны және қылмыс жасағаны туралы жалған хабарламалар жіберу сияқты тәсілдер қолданылады.
Бұл ретте мүлдем жол беруге болмайтын жағдай қалыптасып отыр. Заңды қаржы ұйымдары лицензия алуға, сыйақы мөлшерлемелеріне, клиенттерді сәйкестендіруге, жарнамаға және берешекті өндіріп алуға қатысты белгіленген талаптарды сақтауға міндетті. Ал заңсыз құрылым, керісінше, бірнеше ай бойы өз қызметін ашық түрде жарнамалап, азаматтардың биометриялық деректерін жинап, дропперлер желісі арқылы ақша беріп, қолда бар мәліметтерге сәйкес, криптовалюталық инфрақұрылымды да пайдалануда.
Азаматтар түрлі мемлекеттік органдарға шағымданғанымен, олардың өтініштері қайтадан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолданады, ал Агенттік азаматтарды сотқа жүгінуге бағыттайды. Нәтижесінде азаматтарды қорғаудың мемлекеттік жүйесі іс жүзінде тұйық шеңберге түсіп, заңсыз несие беруші өз қызметін жалғастыруда.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселесі де аса маңызды. Егер KZ-CERT немесе мемлекеттік ақпараттық жүйелер нақты бір интернет-ресурста фишинг немесе алаяқтық белгілерін анықтаса, неге мұндай сигнал міндетті түрде жедел тексеру жүргізуге және тиісті негіздер болған жағдайда оған қолжетімділікті шектеу рәсімін бастауға әкелмейді?
Бұл несие беруші мен қарыз алушы арасындағы жеке дау емес. Бұл жаппай сипат алып отырған заңсыз қаржылық қызметтің белгілері.
Жоғарыда баяндалғандарды негізге ала отырып, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы көтеріліп отырған мәселені бақылауға алып, қабылданған шаралар туралы ақпарат беруді сұрайды.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары:
Ю. Ли
Д. Еспаева
О. Нұралдинов
А. Қожахметов
Б. Бибаев
Д. Ахметжаев
М. Шынасилова
Е. Юсупов