20
Қазан

А.Перуашевтің Мәжілістің жалпы отырысында 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бойынша сөйлеген сөзі

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы, құрметті Асқар Ұзақбайұлы, құрметті әріптестер.

Трансферттерді есепке алмағанда, 2024 жылға дейін бюджет кірістерін салық түсімдері есебінен шамамен 97%-ға жеткізуді қамтамасыз ету жоспарлануда.

Түсімдерді ұлғайту, негізінен, «жақсарту» есебінен, нақты айтатын болсақ - салықтық әкімшілендіруді қатаңдату есебінен жоспарланып отыр.

Іс жүзінде бұл көбінесе адал бизнеске қайта салық салуға әкеледі. Соңғы жылдары «Ақ жол» фракциясы депутаттарының поштасына кәсіпкерлердің соттардың салғырттығы кезінде өз өкілеттіктерін салықшылардың өз еркінше түсіндіруі туралы осындай өтініштері күн сайын келіп түсуде.

Фискалдық органдардың бизнеске шамадан тыс қысымы, шоттарға тыйым салу, кеше ғана сәтті жұмыс істеп жүрген кәсіпорындарды банкроттыққа жеткізу, кәсіпкерлерді қорқыту және оларға қатысты қылмыстық істер бүгінгі күннің өзінде іскерлік жағдайға қауіп төндіреді.

Бизнес тек инвестиция үшін ғана емес, кәсіпкерлердің бостандығы мен денсаулығы үшін де қауіпті кәсіпке айналуда.

Ал мемлекеттік органдардың бұл тәжірибені қатаңдату ниеті елеулі алаңдаушылық туғызады. Біз Үкіметтен, прокуратура органдарынан және әсіресе сот инстанцияларынан мұндай қауіптерді сөзбен емес, іс жүзіндегі қадамдармен сейілтіп, керісінше екенін дәлелдеуді сұраймыз. 

Әрі қарай. Салық түсімдеріндегі елеулі үлес (44%) ҚҚС-қа тиесілі, бұл ретте келесі жылдың өзінде ҚҚС-тың 23%-дан астам өсуі болжануда. Бұл ретте салықтың осы түрі бойынша түсімдердің ұлғаюы ЖІӨ-нің өсуі, импорттың ұлғаюы және тағы да «әкімшілендіруді жақсарту» есебінен жүргізіледі деп күтілуде.

Ал кәсіпорындарға ҚҚС бойынша қайтарым сомасы барлық жылдарға бірдей деңгейде жоспарланған (720 млрд. тг.)

Бірақ ҚҚС қайтару дегеніміз не? Бұл отандық өнім экспортын қолдаудың бір түрі.

Оны бір деңгейде сақтау - Үкіметтің қазақстандық экспорттың өсуін жоспарламайтынын білдіреді.

Бұл Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілік саясатына түбегейлі қайшы келеді. Президенттің биылғы Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге арттыру міндеті қойылды.

Аталған 1,5 еселік артықшылық немесе 50% өсім қайда? ҚҚС қайтарымы бойынша мәлімдемеге қарасақ, олар бюджет болжамында, тіпті, қарастырылмаған.

Егер салықтар іс жүзінде бюджеттің жалғыз көзі болса, онда салық салу базасын кеңейту, кәсіпорындардың айналымы мен кірістілігін арттыру, салықтардың фискалдық ғана емес, ынталандырушы рөлін де пайдалану, сондай-ақ жаңа кәсіпкерлік субъектілерінің пайда болуы бойынша шаралар қажет.

Атап айтқанда, «Ақ жол» демократиялық партиясы 2011 жылдан бастап Еуроодақ және ЭЫДҰ елдерінің үлгісі бойынша ҚҚС-тың төмендетілген салалық мөлшерлемелерін енгізуді талап етуде. Алайда құжатта мұндай ештеңе қарастылмаған.

Бюджет жобасы салықтық емес түсімдерді 211 млрд теңгеге дейін қысқартуды көздейді, бұл мемлекеттік материалдық резервті жүзеге асырудан түсетін кірістің төмендеуімен түсіндіріледі.

Бұл ретте салықтық емес түсімдер қатарына квазимемлекеттік сектордағы акциялардың мемлекеттік пакеттеріне деген дивидендтер де кіретіні ескерілмейді. Бұл бап айтарлықтай өседі деп болжануы керек еді, өйткені 2020 жылдан бастап Үкімет квазимемлекеттік кәсіпорындардың пайдасының кем дегенде 70%-ын мемлекетке дивидендтер төлеуге бағыттауды міндеттеді.

Алайда, оның орнына 2022 жылы квазимемлекеттік сектордың 523 млрд теңге көлеміндегі болжамды таза кірістері кезінде дивидендтер сомасы 109 млрд немесе 21% мөлшерінде жоспарланған. Ал 2023 жылы таза табыс болжамы 1 трлн 623 млрд теңге болған кезде дивидендтер бойынша болжам 25 млрд теңгеге немесе тіпті 1,5%-ға салынды.

Міне, осы бюджет кірістерінің резервтері бойынша Үкімет пен фискалдар жеке кәсіпорындарды жоймай, өздерінің принциптілігін көрсетуі керек.  

Бюджеттің шығыс бөлігі бойынша.

Шығыстарда әлеуметтік салаға қаражаттың айқын бөлігі бөлінгені байқалады, онда 2021 жылдан 2024 жылға дейін өсім экономиканың нақты секторына жұмсалатын шығындарды бір мезгілде 1,7 трлн теңгеге қысқарта отырып, 2,1 трлн. тг құрайды.

Бұл тәсіл жұмсалған қаражаттың орнын толтыру тұрғысынан сұрақтар туғызады. Әлеуметтік шығындар - бұл бюджеттің кіріс бөлігіне қайта ағым тудырмайтын бір жақты қаражат.

Сондықтан өнеркәсіпті, АӨК, құрылысты, «Бизнестің Жол картасын», «Қарапайым заттар экономикасын» және т.б. қаржыландыруды күрт (4 есе!) қысқарту үшін елдегі нақты сектордың өз бетінше кіріс өндіре алатындай нығайғанына сенімді болу керек.

«Үкімет осыған сенімді ме?» деген заңды сұрақ туындайды.

Сонымен бірге, әлеуметтік салада шығындардың артуы, ең алдымен, жалақының өсуімен байланысты болғандықтан, айналыстағы ақша массасы тауар массасына сәйкес келуі керек деп санаймыз. Ақша мен тауар массасының балансын бұзу инфляциялық процестердің сөзсіз салдары болып табылады.

Сонымен қатар, импортқа тәуелділік жағдайында инфляция әрдайым девальвациялық процестермен толықтырылады, бұл қазір Ресеймен саудада байқалады, оны Ұлттық банк төрағасы жақында «инфляция импорты» деп атады.

Біздің шенеуніктер жыл сайын қайта-қайта түсетін бұл тұзақтан шығудың бір ғана жолы бар: «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бағытталған тұтынушылық тауарлардың өзіндік өндірісін дамыту.

Ал Үкімет бұл бағдарлама және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша керісінше, іске қосылған жобалар бойынша 64 млрд. теңгені қысқарта отырып, импорттың ұлғайғанын қалайды.

Әрі қарай. «Ақ жол» демократиялық партиясы он жыл бойы Ұлттық қор қаражатымен тым еркін қарым-қатынасты шектеуге шақырып келуде.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық қорға түсімдер 3 есеге қысқарды (2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда), дегенмен биылғы жылы мұнай бағасы көптеген жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жетті.

Есеп комитетінің ақпараты бойынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық қордың шығыстарының көлемі түсімдерден асып түсті. Біз өзге адамдардың, яғни, әлі өмірге келмеген ұрпақтың ақшасын жұмсап жатырмыз.

Бұдан басқа, 2022 жылы Ұлттық қордың жинақтары ЖІӨ-нің 30%-на, төмендемейтін шекті мөлшеріне жақындайды, ал 2023-24 жылдары олар осы шектен де асып кетуі мүмкін деп болжануда.

Ұсынылған үш жылдық бюджетте Ұлттық қордан берілетін трансферттер сомасын кезең-кезеңімен төмендету қарастырылған (2 трлн 950 млрд теңгеден 2 трлн 400 млрд теңгеге дейін). Алайда, бюджеттің жыл сайынғы нақтылануы кезінде бұл сома екі есеге дерлік ұлғаяды (мәселен, 2021 жылға нысаналы трансферт мөлшері 850 млрд. теңгеге ұлғайтылды, дегенмен бастапқыда бюджетте 1 трлн. теңге бекітілген). Бұл ретте, Есеп комитетінің тексерулерінің нәтижелері бойынша 1 трлн теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.

Құрметті аудиторлар мен тәртіп сақшылары, енді осындай істер үшін жай соттап ғана қоймай, бәлкім, жауаптылардың қолдарын шауып тастау керек шығар. Образды түрде айтқанда, әрине.

Біз Ұлттық қордың төмендемейтін қалдығы шеңберінен шығу болжамын үкіметтің жоспары немесе «мақсаты» ретінде емес, жол берілмеуі тиіс ағымдағы үрдістерді сарабдал және алаңдатарлық бағалау ретінде қабылдау керек деп үміттенеміз.

Мемлекеттік қарыз

Мемлекеттік қарыз бойынша да осыған ұқсас жағдай орын алады деп болжануда, яғни, мемлекеттік қарыз 2024 жылға қарай бюджет саясаты тұжырымдамасында рұқсат етілген ЖІӨ-нің 27%-ның орнына шамамен 32% мөлшерінде болады күтіледі.

2026 жылға қарай үкіметтің қарызы 2020 жылға қарағанда 2 есе көп, 32 трлн. теңгеге дейін жетеді деп күтілуде (16,6 трлн. тг)

Бюджет кірістерінің 15% лимитінде мемлекеттік қарызға қызмет көрсету келесі жылғы 22%-дан 2024 жылы 30%-ға дейін өседі.

Осыған байланысты, «Ақ жол» демократиялық партиясы Ұлттық қордың қаражатын басқаруды реттейтін нормативтік құжаттарды, сондай-ақ мемлекеттік қарызды тарту және өтеу тәртібін қайта қарау қажет деп санайды.

Егер Үкімет бұл теріс болжамдарды алдын-ала ескерту ретінде және осындай оқиғалардың алдын-алу үшін күш-жігерді жұмылдыру мақсатында жасаса, біз осы бағыттағы іс-қимыл жоспарын ұсынуды сұраймыз.

Жалпы, «Ақ жол» демократиялық партиясы парламентте бюджетті ғана емес, оның жұмысын жұмсалған қаражат бойынша емес, нақты міндеттерге қол жеткізу бойынша бағалау үшін Үкіметтің ұқсас кезеңге арналған іс-қимыл бағдарламасын да қарауды және бекітуді ұсынады.

Егер индикаторлардың мұндай ауытқулары дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру жағдайында қауіпті емес және еңсерілмейтін болып саналса, онда бұл құжаттарды қайта қарау аясында Үкіметке бұдан кең икемдік беру қажет, оның өз саяси жауапкершілігіне.

Бизнесті қолдау шаралары.

Біздің фракция баяндалған сын-қатерлерді шешуді қамтамасыз етудің жалғыз тәсілі нарықтық экономика, адал бәсекелестік және кәсіпкерлік еркіндік қағидаттарын іске асыру болып табылатынына сенім білдіреді.

Сонымен қатар, бизнес үшін несие ресурстарының қол жетімсіздігі мен қымбаттығы әлі де түйткілді мәселе болып қалуда.

Біз осы күнге дейін Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесін төмендету, екінші деңгейлі банктердің пайызын төмендету және бизнесті қолжетімді қаржыландыру қажеттілігін талап етіп келеміз.

Біздің фракциямыздың депутаттары базалық мөлшерлеменің көтерілуі Қазақстанның өз өндірісінің тиімсіз болуына, импортқа тәуелділіктің және инфляциялық процестердің ұлғаюына алып келетінін атап өтті, осы жағдайды біз бүгінде байқап отырмыз.

Жауап ретінде бізге депозиттер иелерінің мүдделеріне қысым жасалғаны туралы мәлімдеуде. Бірақ шын мәнінде, бүгінде банктер нарықтан түскен қаражатқа емес, мемлекеттік ақшаға немесе квазимемлекеттік кәсіпорындардың қаражатына билік етеді. Және дәл пайыздардың жеткіліксіздігіне байланысты несие бойынша қарыз сомасы ақылға қонымды мөлшерден асып кетеді және кәсіпорындарды рейдерлік басып алуға әкеледі, ал отбасылар жас балаларымен бірге жалғыз тұрғын үйлерінен қуылады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер арасында қарыз алушылардың төлем қабілеттілігіне нұқсан келуде. Бүгінде банктер экономиканың нақты секторын кредиттеуден, импортты кредиттеп және инфляцияны ілгерілете отырып, тұтынушылық кредиттерге көшуі кездейсоқ емес.

Себебі, елде ауыртпалықсыз мүлкі бар және қарызды өтеуде проблемалары жоқ бизнес күннен-күнге азайып жатыр.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің деректері бойынша, ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Екінші деңгейлі банктердің жиынтық активтері 35 трлн теңгені құрайды, оның ішінде заңды тұлғаларға, яғни экономикаға кредиттерге 20,6 % (немесе 7,2 трлн теңге) бағытталды, жеке тұлғаларға берілетін кредиттерге - 26,3% (9,2 трлн тг) ал банк активтерінің 53%-ы бағалы қағаздарға орналастырылған және экономикаға жұмыс істемейді.

Міне, Ұлттық банк саясатының нәтижесі, банктерге экономика мен өндірісті қаржыландырудан гөрі активтердің жартысынан көбін қалыпты ноталарда ұстау тиімдірек екен.

Жоғарыда айтылғандай, бюджет жобасы бизнесті қолдауға арналған қаражаттың едәуір төмендеуін қарастырады.

Алайда кейбір баптар сұрақтар туғызады.

Мысалы, Сауда министрлігіне экспортты ілгерілетуге бөлінген 742 млн теңгенің 223 млн теңгесін «кеңес беру» қызметіне жұмсау жоспарлануда. Ал нақты қолдауға (көлік шығындарын өтеу сияқты) бизнестен 3.7 млрд теңгеге өтінімдер болған жағдайда 442 млн теңге ғана бөлінеді.

Ұлттық экономика министрлігі МЖӘ жобаларын консультациялық сүйемелдеуге және ТЭН-ге 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр, бұл ретте мұндай 6 жоба бар.

Тағы 1,5 млрд-ты осы министрлік 10 зерттеу жұмысы үшін төлегісі келеді.

Мен өз фракциямның атынан ресми түрде Үкіметтен шығыстардың осы баптарын қайта қарауды және оларды өндіріске неғұрлым өзекті мақсаттар мен практикалық көмекке қайта бөлуді сұраймын.

Себебі тиісті іс-әрекет жасалған жағдайда ғана бұл ақша экономикаға бірнеше рет салықтармен, жұмыс орындарымен және бірдей несие төлемдерімен оралады.

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы, құрметті Асқар Ұзақбайұлы, құрметті әріптестер.

Мен өз сөзімде заң жобасының кемшіліктеріне оның жағымды жақтары жоқ болғандықтан назар аударған жоқпын.

Әрине, оның оң жақтары да бар, олар туралы Үкіметтің баяндамашылары егжей-тегжейлі айтып берді.

Бұл бюджеттің басты артықшылығы - оның әлеуметтік сипаты, адамдардың өмірін жақсартуға бағытталуы.

Құжатқа қатысты айтылған барлық сынға қарамастан, біз қазіргі ахуалдың экономика үшін, ең алдымен, миллиондаған азаматтарымыз үшін күрделілігін түсінеміз.

Бизнеске немесе адамдарға артықшылық беру арасында таңдау жасау кезінде прагматик болуға тура келеді.

Республика Конституциясында мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам болып табылады делінген. Осыған сәйкес, ұсынылған бюджет адамдардың табысын және қоғамдағы өмір сүру сапасын арттыруға басымдық береді.

«Ақ жол» фракциясы бұл ұстаныммен келісуге мәжбүр.

Бірақ біз сондай-ақ Үкіметтің назарын азаматтардың кірістерін инфляциямен және жалақыны арттыру әдістерімен айла-шарғы жасау тәуекелдеріне аударуыңызды сұраймыз. Осы бюджетті іске асыру кезінде халық табысының өсуін бірінші болып жұтуға дайын монополистердің тұтыну бағаларының, әсіресе тарифтерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.

Екінші мәселе - жалақы мен табыстың өсуі әрбір бюджеттік қызметкерге, әр ауылдың ең төменгі лауазымдағы адамдарына жететініне кепілдік берілуі керек.

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қабылдау мүмкін деп санайды және әріптестерін осы құжатты қолдауға шақырады.