26
Қараша

26.11.2025

Аудиторлық қызметтер нарығындағы жасанды шектеулер мен монополизация қаупі жөнінде

ҚР Премьер-Министрі

О. А. Бектеновке

 

«Ақ жол» демпартиясына өңірлік кәсіпкерлерден, Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы № 687 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік сатып алу қағидаларының 268-тармағын қолдану барысында, әділ бәсекелестіктің бұзылуына қатысты шағымдар келіп түсуде.

Аталған тармақ, аудиторлық қызметтер нарығына жасанды шектеулер енгізіп, өңірлік компаниялардың осы қызмет түрлері бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігінен айырып, елде 500-ге жуық лицензияланған аудиторлық компания болса да, тек Қазақстан қор биржасына, яғни КАSE тізіміне енгізілген 27 аудиторлық ұйымға ғана қаржылық есептілік жүргізуге рұқсат береді.

Бұл 27 компанияның барлығы дерлік Алматы қаласында шоғырланғанын айта кету қажет. Мұндай жасанды шектеулер:

- заңнамада бекітілген бәсекелестік және кәсіпкерлік еркіндік принциптерін өрескел бұзып,

- өңірдегі кәсіпкерлерге әкімшілік қысым қалыптастырып, салалық монополияға жол ашады,

- сонымен қатар аудиторлық қызметтердің негізсіз қымбаттауына әкеліп,

- мемлекеттік сатып алуды, экономикалық дискриминация құралына айналдыруы мүмкін.

«Ақ жол» партиясы бұған дейін осы мәселе бойынша Қаржы министрлігіне биылғы жылдың 21 қазанында ресми хат жолдап, 268-тармақты қайта қарауды және мемлекеттік сатып алуға қатысуға рұқсат беру үшін неғұрлым объективті критерийлерді қолдануды ұсынған еді. Осы хаттар негізінде, КАSE мен Ұлттық Банктен жауаптар келіп түсті.

Сол Қазақстан қор биржасының жауабындағы ұстанымға тоқталсақ:

- осы биржаның аудиторлық ұйымдар тізбесі, тек эмитенттер дің және олардың бағалы қағаздар листингіне арналған, яғни аудит сапасын анықтайтын әмбебап көрсеткіш болып табылмайды,

- ал мемлекеттік сатып алу үшін тізімге енгізілу аудиторлық ұйымның біліктілігін білдірмейді, дәл солай тізімнен шығып қалу да, теріс сипаттама болып саналмайды.

Осыған орай, КАSE қор биржасы неғұрлым әділ және лайықты бағдар ретінде, Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің (ПСАД) міндетті сыртқы сапа бақылауынан өткен ұйымдардың тізбесін қолдануды ұсынады.

Сонымен қатар, Қазақстан қор биржасы (КАSE), Қаржы министрлігіне де, 268-тармақтың қолданыстағы редакциясымен келіспей, жоғарыда аталған «сыртқы сапа бақылауынан өткен және бағасы «4»-тен төмен емес Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес тізбесіне енгізілген аудиторлық ұйымдар» деген балама критерийді қолдану туралы ұсыныс жолдаған.

Ұлттық Банктің жауабында да, осы ұстаным толық қолдау тауып, КАSE тізімін мемлекеттік сатып алуға қатысу шарты ретінде қолдану, заңнамалық мақсатқа сәйкес келмейтіні атап өтілген.

Дегенмен, Қаржы министрлігі тарапынан бұл ұсыныстар елеусіз қалдырылып, бүгінгі күнге дейін нақты шаралар қабылданбаған.

Қорытындылай келсек: 268-тармақ — әкімшілік өктемдіктің айқын көрінісі. Ол жасанды тосқауылдар жасап, бәсекелестік қағидаттарын бұзады, өңірлік бизнеске зиян келтіреді және аудиторлық қызметтер нарығын монополияландыруға ықпал етеді. Тармақтың қолданылуы, құқықтық және логикалық негіздемеге сай емес, әрі КАSE мен Ұлттық Банктің ресми ұсыныстарына тікелей қайшы келеді.

 

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы:

1) Мемлекеттік сатып алуға қатысудың міндетті шарты ретінде КАSE тізімін қолданудың заңдылығы мен мақсатқа сәйкестігіне құқықтық баға беруді;

2) Қаржы министрлігінің №687 бұйрығының 268-тармағын қайта қарап, Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес тізбесін қолдануды көздейтін өзгерістерді енгізуді сұрайды.

 

Құрметпен,

«Ақ жол»

фракциясының депутаттары

С. Ерубаев

А. Перуашев

Д. Еспаева

Е. Барлыбаев

Қ. Иса

О. Нұралдинов