03
Қараша

А.Перуашевтың Мәжілістің жалпы отырысында “Кәсіпкерлік саласында жаңа реттеушілік саясаты туралы” заң жобасының талқылау барысында сөйлеген сөзі

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы, құрметті әріптестер.

«Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясаты енгізу туралы» Заң жобасының дұрыс жақтары жөнінде алдымыздағы баяндамашылар нақтылап айтып кетті.  

«Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы ұсынылған құжат концепциясын қолдайды. Оның жүзеге асуы кәсіпкерліктің бірқатар өзекті мәселесін шешуге көмектеседі деп сенеміз. Бұл, әсіресе, экономиканың пост-кризистік қалыптасу кезеңінде өте қажет.

Заң жобасын әзірлеушілер реттеу мәселесіне басты назар аударғандары да өте маңызды, себебі, кәсіпкерлердің негізгі кедергілері аталмыш салада тоғысқан.  

Біздің үкіметтегі әріптестеріміз заңның оң тұстарына тоқталды. Ал мен болсам, кәсіпкерлерді мазалап, бизнестің жұмысына тосқауыл келтіретін кейбір сәттерді айтқым келеді.  

Өкінішке орай, заң жобасын әзірлеушілер бұл мәселелерді назарға алмады, алайда, біз үкімет алдында оны көтеріп, заң жобасы аясында шешімін табу қажет деп санаймыз. Себебі, «Ақ жол» фракциясының пікірінше, бұл заң, шенеуніктер үшін маңызды тақырыптарымен ғана шектелмеу керек. Бұл заңның басты мақсаты – кәсіпкерлерді мазалайтын және жұмыстарына нұқсан келтіретін сұрақтарға жауап беру шығар.  

Екінші оқылымға дейін осы мәселелер тиісті шешім тапса, бұл жалпы экономикамыз үшін нақты қолдау болар еді.  

Сонымен. 1) Заң жобасында, пандемия мен карантиндік шаралар кезіндегі тәжірибелер ескерілмеді. Бірақ дәл осы кезеңде еш заңмен қарастырылмаған «мониторингтік топтар» өз жұмысын бастаған болатын. Олардың қызметі кәсіпкерлік кодексіне және бизнесті реттеудің негізгі ұстанымдарына қайшы келеді.

Прокуратура органдары бұл топтардың жұмыс тәсілін заң шеңберінен шығу деп мойындады. Мониторингтік топтардың заңсыздығы туралы «Ақ жол» фракциясының сұрауына прокуратура олардың заң бойынша жұмыс істей алмайтындары туралы жауап берді. Яғни олар заңсыздықты ақтап, заңнан тыс қызмет етуге мүмкіндік беруде.

Нәтижесінде, екі жыл бойы шағын және орта бизнес, ешбір заңда қарастырылмаған тексерушісымақ органдарға жем болып, олардың құқықтық емес қысымына ұшырады. Соған сәйкес, бизнестің қорғану құқықтары да жан-жақты бұзылған.

Осы орайда «Ақ жол» фракциясы мұндай жағдайларда мемлекеттік органдардың әрекетін реттеп, кәсіпкерлерге өз заң құқығын қорғауға мүмкіндік беретін

«Карантиндік шаралар» туралы заң жобасын әзірлеуді ұсынды. Бұл қазіргі жағдайда өте өзекті мәселе. Қазақстанда коронавируспен ауыру жағдайы қалыпқа түскенмен, әлемде пандемия әлі жалғасуда. Көрші Ресейде тәулігіне 40 мың адам індет жұқтырып, күн сайын 1 мыңнан астам адам қайтыс болуда.

Қытайда жаңа мегополистер локдаунға жабылуда. Қытай шекарасы арқылы өтетін транзиттік жүктер мәселесі ол жақта індет мәселесі ресми деректерден гөрі әлдеқайда күрделі екенін көрсетеді. Сондықтан, карантиндік шектеулердің өзектілігі жойылмады, жағдай нашарлаған кезде олардың қайта енгізілуі де мүмкін. Одан бөлек, әлемдік денсаулық сақтау ұйымның пікірінше, жақын болашақта вирустың жаңа штаммдары мен түрлері пайда болатынын ескертуде.

Бұл тұста «Ақ жол» партиясының пікірінше, екі жыл бойы бизнеске жасалған құқықтық емес қысымнан сабақ алып, карантин жағдайындағы тексеруші топтардың әрекеті мен кәсіпкерлердің өз құқығын қорғауын заң аясында реттеу қажет. Кәсіпкерлік кодекстен тыс - бизнесті тексеру не мониторинг жасау, не басқа да қадағалау түрлеріне тыйым салыну, немесе карантиндік шараларды заңмен зандастыру керек.    

2) Екінші ұсыныс біріншімен тікелей байланысты – бизнеске келтірілген зиян үшін шенеуніктерді жауапкершілікке тарту қажет.

Бүгінде кәсіпкер өзіне заңсыз зиян келтірілгенін дәлелдесе де – бұл келтірілген зиян өзі сияқты кәсіпкерлердің салығынан құралған бюджет есебінен өтеледі.

Ал, кәсіпкерлерді заңсыз қудалап, заңды бұзған шенеуніктер жауапсыз қалып жатады. Шенеуніктер үшін ешқандай қауіп болмағасын бизнеске қатысты заңбұзушылықтар мен бопсалаулар белең алуда. Кәсіпкерге келген шығынды кәсіпкердің құқығын бұзған басшы өз қалтасынан өтеуді заң жүзінде міндеттеу керек. Сол кезде ол кәсіпкерге қиындық туғызу керек пе, әлде оның жұмысына араласпағаны дұрыс па деп жүз рет ойланатын болады.

3) Үшiншi – кәсiпкерлiктiң  қызметiне шектеу қойылған кезеңде салық және бухгалтерлiк есептiлiк бойынша «пилоттық жобалар» тыйым салу қажет.

Пандемия кезінде салық органдары электронды шот-фактураларды, содан кейін тауарларға ілеспе шот-фактураларды, содан кейін тұтыну тауарларын таңбалауды енгізу тәжірибесін жүргізді. Бүкіл елдегі өндірушілер мен саудагерлер осы эксперименттерге наразылық білдіру үшін «Ақ шар» акциясын бастаған болатын, себебі оларған онсыз да бүгінгі жағдайлар қиын соғуда.

Кез-келген эксперименттерді экономика мен бизнес күйреу алдында тұрған кезде емес, қалыпты жұмыс істеп тұрған жағдайда ғана жүргізуге болады. Қарастырылып жатқан заң жобасында қызықты шара бар – «one in to two out» қағидасы. Яғни, жаңа шара енгізілген кезде екі ескі шара алынып тасталуы керек.

Ал пандемия кезінде мемлекеттік органдар бірқатар ескі есеп беру формасын, тіпті бір-бірін қайталайтын үш жаңа шараны (ЭСФ, СНТ, таңбалау) енгізді. Оның орнына ешбір есептілік түрі алынып тасталмады. Іс жүзінде қарама-қайшы әрекетттерге куә болсақ, мұндай әдемі мәлімдемелерден не пайда?

4) Төртінші - пандемия және оның салдарынан туындаған экономикадағы дағдарыс кәсіпкерлер мен азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мәселесін айтарлықтай ушықтырды.

Мыңдаған азаматтар сияқты жүздеген, мыңдаған кәсіпкерлер банк несиесін төлей алмай қалды.

Несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеменің ақылға қонымсыз жоғары болуына байланысты қарыз астрономиялық сомаға дейін өсуде.

Банктер кепілге қойылған мүлікті тартып алып, оны арзан бағамен сатады. Айырмашылық қайтадан сол борышкерге жүктеледі және бұл айырмашылық, тіпті үйлер мен кәсіпорындарды басып алғаннан кейін де, көбінесе бұл адамдар нақты алған несие сомасынан көп болады.

Аты мен беделін түсірмеу үшін банктер қарызды өндіріп алуды коллекторлық компанияларға береді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде айтылғандай, бұл коллекторлық компаниялар көбінесе банктердің өздерімен немесе олардың шенеуніктерімен байланысты.

Олардың тонау әрекеттерінің салдарынан жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер күйреуде, ал басқа адамдар бизнеске барудан қорқады, себебі ол қауіпті болды.

Бүгін біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қылмыскерлерге рақымшылық жасау туралы заң қабылдадық. Бұл маңызды әрі адамгершілікке негізделген шара.

Бірақ «Ақ жол» фракциясы гуманизмді тек қылмыскерлерге ғана көрсетумен шектелмеуге шақырады. Мұндай гуманизм ең алдымен қарапайым халыққа, қарапайым кәсіпкерлерге керек.

«Ақ жол» фракциясы несиені өтей алмай, барлық кепілді берген кәсіпкерлердің қарызына рақымшылық жасауды ұсынып отыр. Банктер мен инкассаторларға олардың жалақысына, ата-анасының зейнетақысына және балаларының әлеуметтік жәрдемақыларына одан әрі өсімпұл (тәркіленген кепілге қосымша) салуға тыйым салу қажет. Қалай болғанда да, жақында орын алған Алматыдағы қайғылы жағдай кепілге қойылған мүлік сот және бағалаушылар тарапынан 1,5-2 есе арзандатылып бағаланатынын көрсетті.

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы, қадірлі әріптестер.

Жоғарыда айтылғандардың барлығы кәсіпкерлерді толғандырып отырған және екінші оқылымға дейін ұсынылған заң аясында немесе ілеспе заңда шешімін табуды қажет ететін өткір де жүйелі мәселелер.

«Ақ жол» фракциясы кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеу саясаты туралы заң жобасын аталған салалар бойынша екінші оқылымға дейін пысықтау шартымен бірінші оқылымда қолдауға болады деп есептейді.

Назарларыңызға рахмет!