08
Мамыр

«Ақ жол» БҚО филиалы мен жас кәсіпкерлер ардагерлерге құрмет көрсетті

8 мамыр 2025 жыл, Батыс Қазақстан облыстық филиалы

Жеңіс күні қарсаңында ҚДП “Ақ жол” БҚО филиалы өкілдері  мен өңіріміздің жас кәсіпкерлерінен құралған еріктілер тобы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін арнайы барып құттықтады.

Бұл — біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Ардагерлерге гүл шоқтары мен жүрекжарды тілектер ұсынылып, олардың ерен ерлігі мен жанқиярлық еңбегі үшін шынайы ризашылық білдірілді.

Қазыналы қарттарымыз соғыс жылдарындағы ауыр кезеңдер туралы әсерлі естеліктерімен бөлісіп, бейбіт өмірдің бағасын білу — әр азаматтың парызы екенін жеткізді.

Осындай рухани кездесулер жас ұрпаққа үлгі болып, елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыра түсетіні сөзсіз. Ардагерлердің ерлігі — мәңгілік ұмытылмас тарих.

Сонымен қатар, ҚДП «Ақ жол» БҚО филиалының төрағасы Серік Мерғалиевтің атынан ардагерлерге Алғыс хаттар табысталып, жас кәсіпкерлер атынан естелік сыйлықтар тарту етілді.

Кездесу барысында ардагерлерге арнап әннен шашу шашылып, шара ерекше әсерлі әрі жүрекке жылу сыйлаған сәттермен есте қалды.