14
Қыркүйек

«Ақ жол» Демократиялық партиясынан Құрылтай депутаты Мейраш Шынасилова азаматтарды қабылдады

14 қыркүйек 2026 жыл, «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Құрылтайының «Ақ жол» Демократиялық партиясынан сайланған депутаты Мейраш Шынасилова азаматтарды қабылдады. Қабылдау барысында Алматы облысының ауылдық елді мекендеріндегі тұрғындар үшін тауарлық газ бағасы мәселесі көтерілді.

Алматы облысының тұрғыны Иран Бекжигитов депутаттың назарын газ тарифтерінің өсуіне және баға қалыптастыру тетігіне аударды. Оның айтуынша, коммуналдық қызмет құнының қымбаттауы, әсіресе жылыту маусымы қарсаңында, ауыл тұрғындарына елеулі қаржылық салмақ түсіруде.

Қабылдау барысында Иран Бекжигитов Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне жолданған ауылдық елді мекендердегі тауарлық газ тарифтерін қайта қарау туралы петицияны да таныстырды.

Өтініште 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Алматы облысында тауарлық газдың шекті көтерме бағасы ҚҚС-ты есептемегенде мың текше метр үшін 39 044 теңгеден 55 716 теңгеге дейін өскені атап көрсетілген. Ұсыныстар қатарында тариф қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау, қала және ауылдық елді мекендер үшін сараланған тарифтерді қолдану мүмкіндігін қарастыру, есептеулердің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына қосымша қолдау шараларын енгізу бар.

Сонымен қатар газ бағасының өсуінің ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікке әсері жеке талқыланды. Коммуналдық шығындардың артуы шағын бизнес өндіретін тауарлар мен көрсететін қызметтердің өзіндік құнына тікелей әсер етеді.

Мейраш Шынасилова өтініш иесінің уәждері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер зерделеніп, одан әрі депутаттық ден қою шараларын айқындау үшін қаралатын болады.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы азаматтар мен отандық бизнестің мүдделерін ескере отырып, тарифтердің экономикалық тұрғыдан негізді әрі ашық қалыптастырылуын қолдайды.