06
Шілде

“Ақ жол” демпартиясының Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Шымкент қаласының мәдениет қызметкерлерімен кездесті

6 шілде 2023 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалы

“Ақ жол” демпартиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени  даму комитетінің мүшесі Қазыбек Исаның Оңтүстік өніріндегі іссапары Шымкент қаласында жалғасты. 

5 шілдеде депутат Шымкент қаласының мәдениет қызметкерлерімен кездесті. 

Шымкент – республикамыздағы өнеркәсіптік, экономикалық және мәдени ірі мегополистердің бірі. Айта кетейік, Шымкентте мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 21 мекеме бар. Олар кітапхана, мәдениет үйі, театр, цирк, музей, архив, зоологиялық саябақ. Мекемелерде 2000-ға жуық қызметкер қызмет етеді. 2025 жылға дейін Шымкентте  259 мәдениет обьектісін салу жоспарланған. 

Президент өз Жолдауында – мәдениет саласында қызмет атқарған азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келгендігін өте орынды қозғады.  Бұл салаға  қолдаудың қай түрі де артық емес.

Кездесу Шымкент қалалық мемлекеттік архивінде өтті. Жиынға «Ақ жол» демпартиясынан  сайланған Шымкент қалалық мәслихатының  депутаттары Мұхтар Шимиров пен Уралхан Сейлбекова, партиямыздан биылғы сайлауда депутаттыққа үміткерлер болған : Батырбек Аширбаев, Исламбек Тулебаев, Шарбат Шырынбекова мен Айжан Мухамбетжанова, мәдениет қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. 

Депутат Қазыбек Иса қалалық архивті аралап, оның жұмысымен танысты.


Архив басшысы  Айпар Амангелдиева Шымкент қаласының  мәдениетінің дамуына  ерекше қосқан “Ақ жол” партиясының мүшесі Уралхан Сейлбекованың тектік қор құрушы  ретінде оның тектік құжаттары осы жерде  мемлекеттік сақтауға алынғанын айтып, таныстырды. 

Бұдан басқа А.Амангелдиева архивтерінде жалғыз сканер апараты бар, оларға бірнеше  заманауи әрі жылдам жұмыс істейтін сканер аппараттары қажет екені туралы мәселені көтерді. 

Сондай-ақ, архив мемлекеттік мекеме  болғанымен, оның қызметкерлері  азаматтық қызметшілер статусына жатады екен, сол себепті еңбек демалысына шыққанда емдік жәрдемақының бір-ақ айы төленеді. Ал мемлекеттік қызметкерлерге емдік жәрдемақы екі айға төленуде, сондықтан ол халық қалаусынан осы мәселелердің шешілуіне ықпал етуді сұрады. 

Кездесу еркін  тақырыпта  өтті, депутат  мәдени қызметкерлермен емен-жарқын әңгімелесті.  Мәжіліс  депутаты Қ.Иса алдымен жиналғандарды  биылғы жылдың  наурыз  айынан бастап  осы  күнге дейін «Ақ жол» демпаратиясы фракциясының Парламентте көтеріп жүрген  мәселелері  жайлы  айтып,   партиямыздың ерекшеліктеріне тоқтап өтті. Атап айтқанда  офшордағы  миллиардтаған долларды мемлекетке  қайтару, қаңтардың қасіретінің шындығының халыққа айтылуы туралы айтып өтті.

Жиында мәдениет саласының майталмандары өздерін толғандыратын өзекті мәселелерді көтерді. Мысалы : «Тілдерді оқыту әдістемелік  орталықтың» директоры  Гүлмира Жанысбекқызы : « Өзіңізге  белгілідей  мәдениет саласының қызметкерлеріне 01 шілдеден бастап  жалақылары 35 пайызға көтерілді, бірақ біздің орталық Мәдениет министрлігіне қарасты болғанымен,  сіздер мәдениет қызметкерлеріне жатпайсыздар деп, жалақымыз көтерілмеді.  Қазіргі  таңда әдіскерім 96 мың теңге  айлық алады, ал ағылшын тілінен беретін мұғалімнің жалақысы  бар-жоғы 115 мың . Мұндай орталықтар республика бойынша әр өнірде біреуден, 30-ақ қызметкер жұмыс істейді. Айлық аз болған соң кадр мәселесі тапшы, мұндай айлыққа мұғалімдер жұмыс істегісі келмейді.» - деді ол. Қазыбек Иса бұл мәселе бойынша жазбаша түрде арыз жазуды тапсырды, өзекті болғандықтан, Парламентте көтеретіндігін түсіндірді.

Қаладағы А.Пушкин атындағы кітапханың директоры Н.Романова болса кітапханашылардың жалақылары аз болғандықтан, жаңа кадрлар жетіспейді, бұдан басқа көп жұмысты кітапханашылар қолмен істеуге мәжбүр, сондықтан кітапханаларға қажетті техника және техникамен жұмыс істейтін қосымша қызметкерлер керектігі туралы мәселені көтерді.

Ал архив қызметкерлері болса басқа көрші мемлекеттерден елімізге қатысты құжаттарды алып келу үшін, экспедиция  жасауға қаржы қарастырылмағаны туралы айтып, мәжілісменге осы мәселеге  назар аударуын сұрады. 

Жиын сонында халық қалаулысы  ашаршылық қасіретіне, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, есімдері әлі ақталмаған азаматтарға, Алаш қайраткерлеріне қатысты мәліметтерді  жан-жақты жинау қажеттігін ұсынды.