08
Сәуір

"Ақ жол" демпартиясында жеке медицина саласындағы салық реформасы талқыланды

Салық реформасын талқылаудың бүкіл кезеңінде «Ақ жол» демпартиясы отандық өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, салықты арттыруға, ҚҚС шегін төмендетуге және жаңа Салық кодексіндегі басқа да жаңашылдықтарға сыни көзқарасын бірнеше рет білдірген болатын.

Сондай-ақ, «Ақ жол» парламенттік фракциясы қазір Мәжілістің жұмыс топтарында талқыланып жатқан аталмыш құжатқа 100-ден астам түзету жолдады. Демпартияның ұсыныстары өңдеуші өнеркәсіпті, технологиялық салаларды, шағын және орта бизнесті қолдау шараларына қатысты.

Жақында жеке медициналық клиникалардың басшылары үкіметтің медициналық қызметтерге ҚҚС енгізу жоспарына алаңдап, партиямызға жүгінді.

Отырысты ашқан «Ақ жол» демпартиясы төрағасы Азат Перуашев жаңа Салық кодексінің жобасын қарау қарсаңында, әсіресе, ұсынылып отырған өзгерістердің әлеуметтік сезімтал салаларға деген салдарын мұқият бағалау қажеттігін атап өтті.

«Ақ жол» демпартиясы көптеген салалар бойынша өз ұстанымдарын айқындады. Біз көп жылдар бойы салық жүктемесінің шамадан тыс емес, теңгерімді болуын жақтап келеміз. Бизнеске салықтың шамадан тыс жүктемесіне қарсымыз, өйткені бұл оның экономикадағы жағдайына ғана емес, қоғамның әлеуметтік әл-ауқатына да әсер етеді.

Біз төмендетілген, сараланған ҚҚС мөлшерлемесі («Ақ жол» демпартиясы 2011 жылдан енгізуді ұсынып келе жатқан) ЕО және ЭЫДҰ елдерінің үлгісі бойынша теңгерімді болуы керек деп есептейміз. Бұл не деген сөз? Әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер бар, онда мөлшерлемелер нөлге жақын болуы керек. Бұл өмір сүру сапасына әсер ететін салалар: азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, денсаулық сақтау, коммуналдық төлемдер, қолжетімді баспана және т.б.», - деді А.Перуашев.

Оның ішінде дамудың технологиялық деңгейін анықтап, экономиканың даму бағытын белгілейтін салалары – машина жасау, ІТ-технологиялар, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс та бар.

Медициналық қызметтер бірінші топқа жатады және біз осы сектор үшін 0%-дан басталатын төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі бойынша ұсыныстарды күзде жіберіп қойғанбыз» – деді ол.

Талқылау барысында нақты сандар келтірілді. Мәселен, «Архимедас Медикал Групп» ЖШС бас директоры Ләззат Буренбаеваның айтуынша, денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың 70%-ы бюджет және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (МСАК), 15%-ы кәсіпорындар және 15%-ы халық есебінен қамтамасыз етіледі. Оның бағалауы бойынша, 10% ҚҚС енгізу медициналық қызмет құнының 25-30%-ға өсуіне әкеледі, ал жалпы салық сомасының шамамен 80%-ын іс жүзінде мемлекет өзі төлейді.

«Біз ҚҚС енгізудің салдарын талдап, бұл шара жүзеге асса, салықтың өзін өтеу үшін ғана мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме кем дегенде 20%-ға артады деген қорытындыға келдік. Сонымен қатар халық санының қосымша өсуі, азаматтардың жеңілдікті санаттары үлесінің артуы және медициналық мақсаттағы бұйымдардың қымбаттауы одан зор шығындарға алып келеді. Қайтадан бюджеттен қаржыландырылатын салықты енгізудің не керегі бар? - деді Л. Буренбаева.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде, әсіресе, ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) аясында маңызды рөл атқаратын жеке медициналық сектор үшін туындайтын тәуекелдерге ерекше назар аударды. Мамандардың айтуынша, жеке клиникалар көбінесе өзін-өзі қаржыландыру негізінде жұмыс істейді және МӘМС пен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі өтемейтін медициналық қызметтерді жабады. ҚҚС енгізу олардың қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтіріп, азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігін шектеуі мүмкін.

«КДЛ Олимп» ЖШС директоры Айжан Ерденова мемлекеттік емханалар мен ауруханалардың зертханаға айтарлықтай қарызы барын, бұл медициналық ұйымдардың қаржылық жағдайын нашарлатып жатқанын айтты. Ол мұндай жағдайда ҚҚС енгізу жеке медициналық орталықтардың қаржылық жүктемесін арттырып, емделушілер үшін медициналық қызмет бағасының өсуіне әкелетін қисынсыз шешім екенін атап өтті.

Сондай-ақ, халықаралық тәжірибелер де қарастырылды: салыстырмалы талдау көрсеткендей, ЭЫДҰ елдерінің барлығы дерлік медициналық қызметтерді жанама салықтардан босатқан. ҚҚС ресми түрде қолданатын елдерде де денсаулық сақтау саласына ауқымды салық жеңілдіктері қарастырылған. Қазақстанның тіпті қарапайым медициналық қызметтерге де ҚҚС салынатын бірегей мемлекетке айналу қаупі бар, бұл әлеуметтік саясаттың жаһандық тәсілдеріне қайшы келеді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ұсынылып отырған салық реформасы міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі олқылықтарды толтырып отырған денсаулық сақтаудағы жеке сектордың тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін екендігіне алаңдаушылық білдірді.

Азат Перуашев Салық кодексін талқылау барысында «Ақ жол» демпартиясы алдағы уақытта да нарықтық экономиканың, оның ішінде жеке медициналық клиникалардың мүддесін қорғайтынына сендірді.