3 шілде 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде тұрғындар тарапынан жайылымдық жер, денсаулық, білім беру саласы бойынша бірқатар мәселелер көтерілді.
Жиында аудан тұрғыны Дәулетбек Төреханұлы жайылымдық жерлердің жоқтығын, сондай-ақ, 10 сотық жер шаруашылық үшін аздық ететінін айтты. Әрбір тұрғынға 20 сотық жерден берілсе, аулада мал ұстап, егін еуге ыңғайлы болар еді дейді.
Халық қалаулысы Қазыбек Иса ортақ жайылымдық жерлер қайтарылуы тиіс екенін және оны заң жүзінде шешу керек деді.
- «Егер есігіңнің алдында 5 қойың мен 2 сиырыңды жаятын жерің болмаса, қазақтың жерінің кеңдігінен не пайда?! Сондықтан, бұл мәселені «Ақ жол» демпартиясы 2020 жылдан бері көтеріп келеді. Қайта қалпына келтіруге тырысып келеміз, әділдік орнайды деп үміттеміз»,- деді Қазыбек Иса.
Ал аудан әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев жайылымдық жер мәселесі бойынша заң күшіне енетін болса, ауыл маңынағы жерлер толықтай халыққа игілігіне берілетінін жеткізді.
Бұдан бөлек, басқосуда тұрғындар тарапынан латын әліпбиіне көшу халықты адастырмайды ма деген де сауал қойды?!
- «Латын әліпбиі қабылданады деген осыдан 10 жыл бұрын көтерілген болатын. Латын тілін қолдаушыларының бірі мен боламын. Сол кезде 66 жазушы бұл бастамаға қарсы шыққан болатын. 1993 жылы рубль аймағынан шығып, төл теңгемізге қол жеткіздік. Бұл дегеніміз- экономикалық тәуелсіздікке көшу. Ал, кирилицадан бас тарту, латынға өту - рухани тәуелсіздікке өту. Латынға көшу бірден оңай болады деп айта алмаймын. Қиын тұстары да бар. Жуырда Алматыда жиын өтті. Латын әліпбиінің үшінші нұсқаның кем - кетігін қарастырып, қос әріптен құтылудың жолдарын ортаға салдық»,- деді мәжіліс депутаты.
Кездесуде тіл орталығының мамандары да сөз алып, айлық жалақыларының аздығын, мәдениет саласының көлеңкесінде қалып қойғандықтарын атап өтті.
- «Тіл комитеті тек Президентке ғана бағынатын агенттік құрамында болу керек деп ойлаймын. Ешқандай министрлік, департаментке бөлудің қажеттігі жоқ. Мысалы, сіздердің қолдарыңызда ешқандай құзыр да жоқ. Бір жерге тексеру жүргізуде де қолдарыңыз қысқа. Бұл мәселе бойынша 2021 жылдан бері күресіп келе жатырмын. Көрнекі ақпарат туралы заңға кәсіпкерлік нысандар мемлекеттік заңға бағынсын деген ұсыныс айтылған. Ешкім бақыламаса, заң орындалмайды. Сондықтан, бұл іске барынша бар-күш жігерімізді салып жатырмыз», - дейді депутат.
Сондай-ақ, депутат Қазыбек Иса Мәжілістің осы сессиясында атқарған жұмыстарын тоқталды. Оның ішінде «Заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолданғанын айтты.
- «Заң жобасының негізгі мақсаты «заңсыз иемденген және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру.»», - деді мәжілісімен.
Сонымен бірге, Сарыағаштықтар 2 жылдан бері басшысыз отырған мектептің мәселесін, Beeline операторы тарифтерінің негізсіз қымбаттауы туралы мәселелерді де қозғады.
Халық қалаулысы кездесуде айтылған барлық мәселелер «Ақ жол» фракциясының алдағы жұмысында қаралатынын жеткізді.