23
Мамыр

«Ақ жол» депутаттары Ақмола облысының Ерейментау қаласында өткен дзюдодан республикалық турнирдің қонағы болды

https://t.me/peruash/5856

Бүгін әріптесім Ғани Хамзинмен бірге жергілікті күрес үйірмесінің (Қазыбек Бөкешев) шақыруымен Ақмола облысының Ерейментау қаласында өтіп жатқан дзюдодан республикалық турнирге барып қайттық. Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Шымкент, Степногорск, Екібастұз қалаларының дзюдошылары тартысты белдесулерді көрсетті. Ал финалдық күрес өте шиеленісті өтті, бірнеше рет нәтижені бір ғана «Вазари» ұпайы шешіп кетіп жатты.


Турнирге Катонқарағайдан (Алтай таулары, Шығыс Қазақстан) Атырауға (Каспий теңізінің батысы, еліміздің батыс аймағы) дейін транс-қазақстандық жүгіріс ұйымдастырған ультрамарафоншы Марғұлан Ермағанбетұлы да жол ортада соғып кетті (басқа қалай айтамыз?). Бүгін ол алғашқы 1200 шақырымды бағындырып, Ерейментауға жетті. Марғұлан күніне орта есеппен 50-60 шақырым жүгіреді, 86 шақырымға (бір күнде екі марафон!!) жүгірген кезі де болды.

Алда 2000 шақырымнан астам жол бар. Қайсар азаматпен тілдесіп, ақ жол тіледік.

Аудан әкімі Абай Әлжановтың бастамасымен турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатыстық. Жарыс өтіп жатқан жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығымен, жаттықтырушыларымен сұхбаттастық.

Спортшылар да, бапкерлер де жаңа облыстық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуын асыға күтуде, оның құрылысы аяқталуға жақын (ішінде 25 метрлік бассейн, ойын және жекпе-жек залдары бар), кешен спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталуда. А.Әлжанов дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы 14 маусымға жоспарланғанын айтып, облыс орталығы мен оның төңірегіндегі жастардың өмірін түбегейлі өзгертетін, спорт қауымы үшін қуанышты оқиғаға қатысуға шақырды.

Еріксіз әңгіме конституциялық реформа төңірегінде де өрбіді. Ол қандай өзгерістер әкеледі, оның негізгі тұстары қандай. Бапкерлердің (!) реформалар аясын кеңейту туралы өз ойлары бар, олар осы бағыттар ескерілді ме, референдум кезінде қосуға болады ма деп сұрады.

Негізгі Заңға өзгерістер енгізудің тәртібі мен басым бағыттары туралы көзқарасымды айттым.

Қосымша бастамаларға келер болсақ, бүгінде Конституцияға қайшылықтары жоқ, бүкіл қоғам қабылдайтын жетілдірулерді енгізу керек деген пікір білдірдім. Реформаның міндеті – алшақтату емес, ұлтты біріктіру, жақындасу нүктелерін тауып, топтастыру.

Реформаны құр сөзге айналдырмай, бітпейтін пікірталасқа батырып жібермеу маңызды. Қоғамға жаңа Қазақстан туралы әңгіме емес, нақты өзгерістер керек. Бұл өзгерістердің де, халықтың өз мемлекетіне деген сенімінің де кілті Конституцияны реформалауда жатыр. Сондықтан алға ұмтылуымыз керек, ал референдум осы бағыттағы алғашқы практикалық қадам болып табылады.