19 қазан 2022 жыл, «Ақ жол»
демпартиясының баспасөз қызметі
Бүгін Мәжіліс президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша
депутаттар дайындаған қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау туралы
заң жобасын қабылдады. Заң авторларының қатарында «Ақ жол» демократиялық
партиясының депутаттары Азат Перуашев пен Берік Дүйсембинов бар.
Еске салайық, «Ақ жол» төрағасы өзінің «Түбегейлі
өзгерістер қажет» («Казправда» және «Егемен Қазақстан», биылғы жылдың 8
қыркүйегінде жарияланған) атты мақаласында қаңтарда ұсталғандарға рақымшылық
жасауды Президенттің 1 қыркүйектегі Жолдауындағы ең маңызды саяси бастама деп
атаған болатын.
«Рақымшылық туралы шешім қоғамдық келісімді нығайту,
жастарға мемлекеттің оларға және олардың болашағына сенім артатынын көрсету
үшін жасалған», деп жазған болатын сол кезде А.Перуашев.
Сонымен қатар, «Ақ жол» фракциясының депутаттары Қазыбек
Иса қаңтардың 26-күні мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандардың толық анықталуы
керектігін айтса, Берік Дүйсембинов 9 ақпанда қайғылы қаңтар кезінде ауыр қылмыстарға
қатысы жоқ ұсталғандарды босатуды талап етіп, ал қаңтардың 19-күні Ерлік Өмірғали
Қаңтар оқиғасында зардап шеккен кәсіпкерлерге құрғақ уәде емес, нақты көмек
қажет деп депутаттық сауалдар жолдаған болатын.
Ерекше атап өтерлік жайт, фракция мүшелері Алматы,
Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларындағы түрмелерде болып, қамаудағылармен
әңгімелесті, кездесулердің қорытындысы бойынша ұсталғандардың мүддесін қорғап,
әрбір істің мән-жайын мұқият зерттеуді талап етіп бас прокуратураға жүздеген
хаттар жіберген еді.
Мысалы, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек
Иса 18 ақпанда Тараздағы жаппай тәртіпсіздік жасаған 68 адам ұсталып
отырған №158-1 тергеу изолияторына (13-ші изолятор дейді ел) барған
болатын.
Жеке қабылдауға жазылған тергеу изолияторында отырған жас
жігіттерге Азат Перуашев қателікттерін түсіндіре отырып, үлкен жігер берген
еді.
“Алдарыңда өмірлерің күтіп тұр, соған жету жолында
жақсылықтан үміт үзбеңдер! Рухтарыңды түсірмей, қайрат көрсетіп, өз
болашақтарыңды жарқын ету жолында әрекет жасаңдар! Бізді де хабарда ұстаңыздар,
көмек қолын созуға дайынбыз!” - деп рухани қуат берді. Қамау қапасында отырған
жас жігіттер қабылдаулардан жанарларында үміт оты пайда болып, еңселерін тік
ұстап шықты.
Ал, 20-ақпан күні Түркістан облысы Шардара ауданының
тұрғындарымен өткен кездесуде Парламенттегі “Ақ жол” фракциясы жетекшісі қаңтар
қасіретінің сабақтарына айрықша тоқталды. «Ақ жол» депутаттарының Бас
прокурорға жазған хаты бойынша қаңтар қырғынында көшеде “жедел жәрдемге”
көмектесемін деп жараланып, ауруханадан қамауға алынған Шардаралық Сүндет
Түрікпенбай сол уақытта Алматыдағы СИЗО-18-ден босатылған болатын. Сүндеттің
апасы Ақтолқын Қожаназарова мен анасы Гүлшат Қамысбаева, әкесі Тоғайбай
ұлдарының тағдырына көмектескен «Ақ жол» партиясының басшылығына толқып тұрып,
жүрекжарды алғыстарын білдірді.
Атап өту керек, «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасында
қылмыстық құқық бұзушылықтар мен шағын, орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін
жазадан босату көзделген. Олардың соттылығы жойылады.
Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға мерзімін қысқарту
қарастырылған. Ауыр қылмыс үшін – сот белгілеген мерзімнің төрттен үш бөлігін,
ал аса ауыр қылмыс үшін – жартысын.
Бұл ретте, егер сотталғанның Заң күшiне енген күнi
өтеуiне бiр жылдан аспайтын уақыт қалса, бұл жаза өтелмеген барлық мерзiмге
қысқартылады.
Рақымшылық аясында 1,5 мыңға жуық адам қамтылады. Оның
ішінде 183 адам толық босатылады. Қылмыстық кодекстің 432-бабы (қылмысты жасыру)
бойынша ҰҚК-нің 1 қызметкері тартылған. Ол амнистияға ұшырауы мүмкін.
Рақымшылыққа ілінген басқа не құқық қорғау органдарының,
әскери не арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері жоқ.