14
Шілде

«Ақ жол» ДПК Астана қалалық филиалы ардагерлер ұйымдарымен кездесу өткізді

14 шілде 2025 жыл, Астана қалалық филиалы

2025 жылғы 14 шілдеде Астана қалалық мәслихатының «Ақ жол» депутаттық фракциясы ардагерлердің қоғамдық бірлестіктері басшыларымен жұмыс кездесуін ұйымдастырды. Кездесуге «Чернобыль» одағы, Ауғанстан, Қарабах, Тәжік-Ауған шекарасы және Ирактағы бітімгерлік миссиялар ардагерлерінің ұйымдары қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – ардагерлер ұйымдарының мүшелері арасында кәсіпкерлік қызметті дамытуға ықпал ету және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын түсіндіру болды.

Мемлекеттік органдар мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысушыларға қайтарымсыз гранттар, әлеуметтік кәсіпкерлік бағдарламаларына қатысу шарттары, «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несиелендіру тетіктері, сондай-ақ тегін оқыту мен кеңес беру мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.

Қалалық мәслихат депутаты Қанат Ибраев ардагерлер қауымдастықтарының ерекшеліктеріне бейімделген бизнес құралдарының маңыздылығын атап өтіп, бизнес-жоспарлар әзірлеу мен стартап жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды. Депутат Жанаргүл Құлмағамбетова өз сөзінде әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне ену тәртібіне және ардагерлер ұйымдарының әлеуметтік-экономикалық бастамаларға белсенді қатысу қажеттігіне назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша ардагерлер ұйымдарының әлеуметтік маңызы бар бастамаларын одан әрі қолдау және бірлесіп жұмыс істеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Ақ жол» Демократиялық партиясының Астана қалалық филиалы азаматтық бастамаларды, шағын және орта бизнесті қолдау және қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы сындарлы диалогты нығайту бағытында жүйелі жұмысты жалғастырады.