18
Қазан

«Ақ жол» мәмілелерді жарамсыз деп тануға қатысты бассыздықты тоқтатуды талап етеді

18 қазан 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» мәмілелерді жарамсыз деп тануға қатысты бассыздықты тоқтатуды талап етеді – бұл туралы Салық кодексіне толықтырулар енгізу туралы заң жобасына қатысты «Ақ жол» фракциясының ұстанымын білдірген Азат Перуашев айтты.

«Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мырза жаңа ғана асығыстық танытпай, көптеген мәселелерді жаңа Салық кодексіне қалдыруға шақырды. Алайда, мәмілелерді жарамсыз деп тану кәсіпкерлерге қамшының ұшындай тиюде, бұл тығырықтан шығудың жолын бүгіннен бастап іздеу керек.

Жағдайды жан-жақты зерделеп, тараптардың қайсысы қандай деңгейде кінәлі екенін анықтаудың орнына, салық органдары күмәнді келісімдерді іздеп тауып, қосымша салықты алаяққа емес, адал кәсіпкерге жүктеп қояды, көп жағдайда ол кәсіпкер алаяқтың өзімен емес, оның контрагентінің контрагентімен ғана іс жүргізген болып шығады. Оған қоса, салық қызметкерлері «күмәнді мәміле» деп салықтан жалтаруды санамай, тек кәсіпорындардың мәмілені орындауға қажетті жұмысшылары мен техникасы жеткіліксіз деген өз пайымдауларын ғана есепке алады. Ғимараттың салынып, не тауардың жеткізіліп қойғаны секілді мәміленің орындалып қойғанын растайтын фактілер оларды қызықтырмайды.

Кейбір жағдайларда салық тексерулерін өткізбей-ақ, яғни, ешбір дәлелсіз бірден сотқа шағым түсіреді. Ал, соттар «бюджет мүддесі» дегег желеумен қажетті шешімдерді шығарып, кәсіпкерлердің салықты төлегені туралы құжаты сияқты аргументтерді назарға да алмайды. Істердің 94% осылай шешіледі», - деді А.Перуашев.

Сондай-ақ, Азат Перуашев кеше «Ақ жол» демпартиясында өңірлерден келген бизнес өкілдерінің қатысуымен осы мәселеге қатысты дөңгелек үстел өткенін хабарлады. «Дөңгелек үстел аясында жантүршігерлік жағдайлар туралы айтылды: мәселен, Қарағандыдағы ТБӨ зауытына 1,8 млрд тг қосымша салық салынған, ал, кінәлі ретінде оның 4-ші тізбектегі контрагенті танылған, яғни, арада өзге 4 кәсіпорын бар. Зауытта 250 адам жұмыс істейді, қазірдің өзінде зауыт 300 млн салық төлеп қойған, жылужелілерін, мектептер, тұрғын үйлер салып беріп отыр. Ал, енді бұл зауыт шығынға ұшырауы керек. Аяқ астынан әлдебір тұлғалар қомақты алым үшін мәселені шешіп беруді де ұсынып отыр екен. Яғни, салық қызметкерлері қолдан проблема жасап, жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды қаласа жауып, қаласа тиіспей жүре бере алады. Бұл жерде мемлекеттің мүддесі қайда? Мұндай мысалдар аз емес» (https://akzhol.kz/ru/blog/v-centralnom-ofise-dempartii-ak-zhol-sostoialos-obsuzhdenie-problem-priznaniia-sdelok-nedejstvitelnmi).

Сонымен қатар, «Ақ жол» демпартиясының лидері осы тақырып бойынша фракцияның биылғы жылдың 31 мамырындағы сауалына берген жауабында Бас прокуратура бұл мәселе ҚҚС төлеушілердің тек 5 пайызына ғана қатысты деп жауап бергенін еске салды.

Дегенмен, «ақжолдықтар» мұндай әдіспен бұл көрсеткіштер тек өсе беретінін сол кезде-ақ айтқан еді. Арада небәрі 4 ай өтті, кеше дөңгелек үстел барысында Қаржы вице-министрі Е.Біржанов мәмілелерді жарамсыз деп тану кәсіпорындардың 11 пайызына әсер еткенін, ал салық кеңесшілерінің мәліметі бойынша, бір жылда әрбір үшінші кәсіпкерд қайта салық салуға ұшырайтынын немесе кәсіпорнына жабылу қаупі төнетінін атап өтті.

«Бұл бассыздықты тоқтату керек. Кәсіпкерлер қазірдің өзінде мұндай талаптар бойынша салық амнистиясын, немесе бұл процедура ретке келтірілгенге дейін мәмілелерді жарамсыз деп тану үшін шағым түсіруге мораторий жариялауды сұрап отыр.

Әйтпесе, салық органдары ондаған табысты кәсіпорынды жасанды түрде банкротқа ұшыратуда.

Фракция ұсынған түзетулердің негізгі мазмұны:

– Салық органдарын мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа шағым түсіру құқығынан айыру. Барлық мән-жайларды толық зерделеу үшін бұл функцияны экономикалық тергеу органдарына беру.

- Мұндай талаптарды қарауды мемлекеттік органдардың айқын басымдықтары бар азаматтық-құқықтық іс жүргізуден тараптардың теңдігін, толық тергеуді, мән-жайларды және әрбір субъектінің кінәсінің дәрежесін анықтауды көздейтін әкімшілік іс жүргізуге ауыстыру.

- Бұл процедуралардың мақсаты – адал кәсіпкерлерге қайта салық салу емес, көлеңкеде жұмыс істеп, бүгінде салық органдарының талаптары шеңберінен шығып жатқан нақты заң бұзушыларды анықтау және жауапкершілікке тарту», ​​– деді Азат Перуашев.