11
Қантар

«Ақ жол» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаты, қоғам қайраткері, ақын Қазыбек Жарылқасынұлы Иса Сыр өңірінде

Бүгін, 11 қаңтар күні «Ақ жол» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаты, қоғам қайраткері, ақын Иса Қазыбек Жарылқасынұлы мен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбіш Сыр өңіріне іс-сапармен келді.

Оларды «Ақ жол» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Б. Сандыбаев пен партиядан сайланған облыстық мәслихат депутаты Н. Сопбеков және Қызылорда облысы әкімінің орынбасары М.Шермағанбетов пен облыстық филиал өкілдері күтіп алды.

Іс-сапардың бірінші күні Қызылорда қаласындағы жаңадан әске қосылған  әлеуметтік-мәдени және шығармашылық нысандарды аралаудан басталды.

 

Олар алдымен Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық- инновациялық академиясының жұмысымен танысты. Бұл шығармашылық-инновациялық академия бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және  фитнес залы орналасқан. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет,  жекпе-жек,  үстел теннисі залдары бар. Барлық залда ұлдар мен қыздарға арналған  жеке-жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.

 

Одан соң  Ақжолдықтар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында салынған, бірлік пен ынтымақты нығайтуға атсалысқан этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея белсенділері үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген замануи «Достық үйінің» жаңа ғимаратының жұмысымен танысты. Өңірімізде 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Ассамблея жанында 11 этномәдени бірлестік бір мүдде, бір мақсат жолында ұйысып, елдің бірлігін сақтау бағытында жұмыс жасауда. Мұнда этномәдени бірлестіктердің, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің, Азаматтық Альянс өкілдерінің де толық жабдықталған жұмыс кабинеттері  бар. Қала сәулетіне сән қосқан жаңа ғимараттағы 200 орындық концерттік, 50 орындық акт залдарында мәдени-рухани шаралар ұйымдастыруға болады. Шығармашыл жастарға арналған домбыра, ән, би үйірмелеріне, медиация орталығы, музей, Ассамблея жанындағы ғылыми сарапшылық топтарға да жағдай жасалған.

 

Келесі нысан -  «Отбасы орталығы» болды.

«Бақытты отбасы» атауымен «OPEN SPACE» форматында өз жұмысын бастаған бұл орталықта қызмет алушыларға барлық ыңғайлы жағдайлар жасалған. 150 адамға арналған күту залы, балалар ойын бұрышы қарастырылған. Орталықта жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға кәсіпкерлік бастамалар мен кәсіптік бағдар беру, мемлекеттік бағдарламалар аясында гранттық қаржылар қарастыру, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру секілді қала халқы үшін қажетті және маңызды жұмыстар жүзеге асырылады. Сонымен қатар орталықтың ішінде заңгерлер, психолог мамандар кеңес беретін арнайы бөлмелер, аналар бөлмесі бар.

 

Одан соң Сыр елі – жыр елі дегендей, былтыр ғана ашылған, келбеті мен көркі сай «Өнер орталығына» барды.

2025 жылдың наурыз айының басында мәдениеттің мәртебесін көтеріп, өнерін құрметтеген қасиетті ұлт руханияты мен мәденитеттік алтын діңгегі болған Сыр өңірінде  заман үрдістерімен көрермен талғамына сәйкес өнер ордасы  өмірге келган болатын. Сонымен қатар, түбі бір түркі халықтарының мәдениетін ынтымақтастықта өркендетуді көздейтін «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы Қызылорда облысын «Үздік мәдени өңір» деп танып, пырақ бейнеленген арнайы сыйлығы табысталған болатын.

Құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын екі қабатты ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі. Қазіргі уақытта ғимаратта облыстық филармония жұмыс жасауда.Оның құрамында ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестр, концерттерді көрермен талғамына сай, кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін тұңғыш рет симфония оркестрі жұмыс жасауда.

Ғимарат заманауи сәулет үлгісімен салынған, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 1000 адамға арналған мәжіліс залы, үйірме бөлмелері жұмыс істейді.

 

Келесі әдеуметтік-мәдени ошақ – «Анаға тағзым орталығы» болды.

2023 жылдың қыркүйек айында белгілі меценат, кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасына үн қосып «Анаға тағзым» орталығы салынып, Сыр жұртшылығының игілігіне берліген болатын. Құрылысқа 1,7 млрд теңге қаражат жұмсалды. Ғимарат жанында «Анаға тағзым» ескерткіші және тұрғындар демалатын аллея бар. Орталықта «Әйелдердің креативті индустрия орталығы», қолынан іс келетін, жаңаша ұлттық брендтерді ойлап тауып, экспорт дамуына үлес қосатын арулар бір жерге шоғырланған. Мұнан бөлек, ғимаратта «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, «Ана тілі» дебат клубы, «Шамшырақ» фото-видео студиясы, психолог-медиатор кабинеті жұмыс жасауда. Сондай-ақ  орталықта қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесі мен «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасы орналасқан.