24 сәуір 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Бүгін «Ақ жол» демпартиясының кеңсесінде күнбағыстың өзге дақылдарын экспорттауға мемлекеттік баж салығын енгізу мәселесін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Бұған дейін «Ақ жол» партиясына бір топ кәсіпкерлер ауылшаруашылық өнімдеріне, атап айтқанда «Пионер» күнбағыс дақылына қатысты, экспорттау саясатының бөлінгені жөніндегі өтінішпен жүгінген болатын.
Дөңгелек үстелге «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев, «Ақ жол» фракциясының мүшелері, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
«Пионер» экспортымен айналысатын Абай өңірі кәсіпкерлерінің атынан «Rail Peak» ЖК директоры Болат Мұхаметқан сөз сөйледі.
Кәсіпкер бүгінде өз өңірінде 1000-нан астам адам тұрақты жұмыс орындарынан айырылып жатқанын, бұған тауар экспортына 20 пайыздық мемлекеттік баж салығы енгізілгені себеп екенін айтты. Кәсіпкерлер экспорттап жатқан «пионер» сорты кондитерлік өнімдерде пайдалануға арналған. Кәсіпкердің айтуынша, «пионер» сорты өсімдік майын өндіруге пайдаланылмайды, дегенмен, Сауда министрлігінің өкілі Әлия Әлімбетованың айтуынша, «пионер» сортының тұқымын май өндіруге пайдалануға болады, бірақ ол қымбатқа түседі екен.
Мемлекеттік баж салығын төлеу кезінде күнбағыс дақылдары бір тауарлық код арқылы өтеді. Болат Мұхаметқан экспорттық кедендік бажды алып тастауды немесе екі экспорттық өнімді бөліп, әрқайсысына жеке тауар кодын беруді сұрады.
Партия төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов сайлауалды науқан аясындағы іссапарлар барысында «ақжолдықтар» кәсіпкерлермен кездесіп, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысқанын атап өтті.
«Адамдар құны 30 000 доллардан 300 000 долларға дейінгі құрал-жабдықтарды сатып алды, олардың барлығы қоймаларда істетілмей тұр, тіпті орнатып үлгермеді. 20 пайыздық баж салығы салдарынан кәсіпкерлерге жұмыс істеу тиімсіз. Оның бәрін өз көзімізбен көрдік. Олар мемлекеттен субсидия мен дотация сұрамай-ақ мыңдаған адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған. Енді жабылудың алдында тұр. Құрылғанына көп болмаған, ірі зауыттары мен кәсіпорындары жоқ облыста жұмыс істеп, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп жатқан кәсіпкерлердің сүбелі үлесін бағалау керек. Бұл жағдайды шенеунік ретінде емес, халқының ертеңіне алаңдап, сол үшін еңбек ететін министрліктің көзқарасы тұрғысынан қарастыруыңызды сұраймын», - деді Берік Дүйсембинов.
«Партиямыз шикізатты емес, дайын өнімді экспортқа шығаруға, яғни өсіргеннің бәрін өңдеуге, сөйтіп экономикамызды көтеруге көңіл бөлуіміз керек деп есептейді. Мемлекеттік баж салығына келетін болсақ. Бұл шектеулер қайдан пайда болды? Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені дереу шешіп, қай тауарды өңдеуге болатынын бөліп алуы керек. Өсімдік майын өндіруде пайдаланылмайтын күнбағыс дақылдары сорттарының кодын бөліп алу қажет», - деді А.Перуашев.
Сауда және интеграция министрлігі атынан сөз алған Әлия Әлімбетова күнбағыс дақылдарын экспорттауға кедендік баж салығын белгілеу тарихына тоқталды.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, біз 2020 жылдан бері бұл жағдайды үнемі қарастырып келеміз, кейде квота белгілейміз, өйткені ашылып жатқан зауыттарымыз шикізатсыз қалуда. Себебі, күнбағыстың барлығын экспорттау тиімдірек, экспорттық баға әрқашан жоғары. Оған қоса, экспорттау кезінде ҚҚС қайтып аласыз. Ішкі нарықта төмен бағамен сатудан гөрі бұл әрқашан тиімдірек. 2021 жылдан бастап квота белгілегенімізді ескерсек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, отандық өңдеуге қажетті күнбағыстың белгілі бір деңгейін анықтап, экспортқа жөнелттік. Ал бизнес тарапынан біреу квота алды, біреу алмаған деген шағымдар түсті. Содан кейін 150 тоннадан астам экспортқа тыйым салынды. Яғни, квота алғандар экспорттап, алмағандар экспорттай алмады. 4 ақпаннан бастап 20% көлемінде, бірақ тоннасына 100 еуродан кем емес экспорттық баж салығы енгізілді. Егер «пионер» сорты туралы айтатын болсақ, оны басқа кодпен бөле алмаймыз. Бізде Еуразиялық экономикалық комиссия бар. Яғни, біз бұл кодты ерекшелеудің орындылығын іштей пысықтауымыз керек. Егер біз «пионер» сортынан баж салығын алып тастасақ, ертең тауарды экспорттау кезінде «пионер» немесе басқа күнбағыс сорттарының түрін анықтай алмаймыз. Бұл мәселені қолға алдық, жақын арада ведомоство-аралық комиссияда қайта көтереміз, бірақ мәселе тез шешілмейді. Біз міндетті түрде Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгініп, ЕАЭО-дағы серіктестерімізден қолдау алуымыз керек», - деді Әлия Әлімбетова.
Сонымен қатар, жиын барысында «Ақ жол» фракциясының мүшесі Ерлан Барлыбаев сөз сөйлеп, министрлікке баж салығын субсидия ретінде қайтаруды ұсынды.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер Қазақстан-Қытай шекарасындағы «жасыл дәліз» мәселесін де көтеріп, бұл жүйенің іс жүзінде жұмыс істемейтінін, тез бұзылатын өнімдерге қатысты мәселелер туындайтынын тілге тиек етті. Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын «Ақ жол» фракциясының депутаты Асқар Садықов тиісті депутаттық сауал жолдап, Парламентте бұл мәселені көтерген болатын. ( https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/tajmen-shekarada-tez-bzlatn-tauarlara-zhldam-tkzetn-zhasl-dlz-zhasau-azhet )
Жиынға қатысушылар Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің байланысқа шықпай, өз құзыреті шегінде мәселені талқылаудан жалтарып отырғанына наразылық танытты. Осыған байланысты фракция депутаттары аталған тақырыпты талқылау үшін Ауыл шаруашылығы министрін Парламентке шақыруды ұсынды.
«Әріптестер, біз бұл мәселенің бірінші талқылауын өткіздік, оған нүкте қою әлі ерте. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігінен аталған өнімдерді экспорттауды баж салығынан босатуға қатысты нақты ұстанымды талап етеміз. Осы тақырып бойынша «Ақ жол» фракциясы депутаттық сауал дайындайды», - деп түйіндеді жиынды партия төрағасы.