28 қазан, «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалы
Өткенге салауат айтпай, кемел келешекке керуен тарту мүмкін емес. Өйткені ел тәуелсіздігін аңсаған ұлт зиялыларының асқақ арманы ұрпақ мұратымен үндесіп жатыр. Ал бұл бағытта «Ақжолдықтар» көптеген игі бастамаларды іске асырып жүр.
2020 жылы 28 қазан күні, «Ақ жол» демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Қуандық Бискультанов Алматыдағы тарихи орындардың бірі Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйіне арнайы барып, нысанның жұмысымен танысты.
Ұлт мұратын бәрінен биік қойған тұғырлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлының өмірінің соңғы күндері өткен шаңырақ 1993 жылдан бастап ағартушының музейіне айналған. Мұнда ұлт ұстазының тіршілігінде тұтынған бұйымдары, маңызды жәдігерлері мен өмір тарихынан сыр шертетін көптеген қолжазбалары сақталған. Партия филиалының жетекшісі ең әуелі ұлт ұстазының рухына құрмет көрсетіп, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды.
- Реформатр ғалымның өз қолымен жазған өмірбаяны, сирек кездесетін құнды кітаптары, жақындарының суреттері музейдің ғана емес, тұтас ұлтымыздың тарихи-рухани өмірінің айшықты мұрасы, - деді жәдігерлермен таныстырған мұражай директоры, Ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбет. Сондай-ақ, ол тарихи мекенге ат басын бұрған «Ақжолдықтарға» алғысын айтып, бұған дейін де партия өкілдерінің тарихи нысанға жасаған қолдаулары үшін ризашылығын білдірді.
- Алаш арыстарының қайраткерлік жолы қаншама уақыт өтсе де, тарих бедеріне мәңгілік қатталып қалған айнымас өнегеге айналды. «Ақ жол» партиясының өкілдері әрдайым таным мен тағылымды егіз өрген олардың қастерлі ізін үлгі тұтады. Сол арқылы жас ұрпақтың рухани санасын серпілтіп, тарихтан сабақ алуға шақырамыз. Өйткені бұл, тарихымызға, ұлттық болмысымызға, елдігімізге деген құрмет. Бүгін осы мақсатты мұрат тұтып А. Байтұрсынұлы музейінің ұжымымен жүздесуге арнайы келдік, – деді «Ақжол» демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Қуандық Бискультанов.
Кездесу барысында «Ақжол» демократиялық партиясы Алматы филиалының өкілдері Арман Жұмаділ мен Юрий Шин ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын жан-жақты зерделеу ісі үздіксіз жалғаса берсе деген тілектерін жеткізді.
Алдағы уақытта тарихқа тамыр жайып, таным мен тағылымға бастайтын рухани жобалардағы екіжақты ынтымақтастық жалғаса бермек.