Семей қаласында «Ақ жол» Қазақстан
Демократиялық партиясы Абай облыстық филиалының конференциясы өтті. Күн
тәртібіндегі басты мәселе - алдағы өтетін ұйымның съезіне аймақ атынан
қатысатын өкілдерді сайлау болды. Партиялық жиынның жұмысына 31 делегат
қатысты.
Конференцияны облыстық филиал төрағасы
Айдос Серікқалиұлы ашты. Ол Партияның орталық аппараты қабылдаған шешімге
сәйкес, Абай облысына республикалық съезге қатысу үшін тоғыз делегаттық квота
берілгенін хабарлады. Айта кетейік, бұл жиын 2026 жылдың 5 шілдесінде Астана
қаласында өтеді.
Өкілдікке үміткерлердің тізімін филиал
төрағасының орынбасары Мұрат Тілегенұлы Иманжапар ұсынды. Ашық талқылаудан
кейін конференцияға қатысушылар ұсынылған тізімге бір ауыздан дауыс берді.
«Алдағы
съезд «Ақ жол» партиясы қызметінің болашақ бағытын айқындайтын өте маңызды
кезең болмақ. Сайланған делегаттар облысымыздың мүддесін лайықты қорғап,
партияның негізгі жоспарларын қалыптастыруға белсенді қатысатынына сенімдімін»,
- деп атап өтті филиал жетекшісі Айдос Серікқалиұлы.
Жиын қорытындысы бойынша аймақтық
делегация құрамын бекітетін тиісті қаулы қабылданды. Шешімнің орындалуын
бақылау Абай облыстық филиалының төрағасына жүктелді.