11 қазан 2025 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық
филиалы
Ақ жол партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жаңа төрағасы Қанапия
Бохаев пен партия өкілдері Ұлан ауданында өткен халықаралық “Шығыс Салбурыны –
2025” фестиваліне қатысты.
Бұл ауқымды шараға Қытай, Ресей, Испания, Венгрия, Моңғолия, Қырғызстан
және Қазақстанның барлық өңірлерінен 100-ден астам құсбегі келді. Үш күнге
созылған сайыстарды 10 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Фестиваль алаңы – «Бүркіт төбе», нағыз достық пен бірліктің мерекесіне
айналды. Мұнда ұлттық ойындар мен жарыстар, қолөнер көрмелері, дәстүрлі
рәсімдер – беташар, тұсаукесер, бесікке салу көрсетілді.
-Құсбегілік – халқымыздың ежелгі өнері, ұлттың рухын танытатын асыл дәстүр.
Осындай фестивальдер арқылы біз өткеннің мұрасын сақтап қана қоймай, жастардың
бойына намыс пен отаншылдық сезімін дарытамыз. “Шығыс Салбурыны” – елдің рухын
көтеретін, бірлік пен мәдениетті ұлықтайтын ерекше оқиға, – деді Қанапия
Бохаев.
«Шығыс Салбурыны – 2025» фестивалі тек Шығыс өңірі үшін емес, бүкіл ел үшін
маңызды мәдени оқиға болды. Ол ел бірлігі мен дәстүр сабақтастығын паш еткен
мереке ретінде есте қалды.





