19
Маусым

ҚАПТАҒАН ШЕНЕУНІКТЕ ҚАДІР БАР МА? – Aikyn.kz

19 маусым 2018 жыл

Қазақстанда шенеунiктер саны Жапониядан 80 есе көп, бiрақ Жапония экономикалық жағынан әлемдегі барлық мемлекеттің алдында. Қазақстанда жұмыс iстейтiн азаматтардың 21 пайызы – шенеунiк немесе квазимемлекеттiк сектор, ұлттық компания менеджерлерi. Бұл көрсеткiш АҚШ-та 14 пайыз, Австрияда 10 пайыз екен. Шенеунік шекпенін жамылған мыңдаған азаматтың  арасында мемлекетшіл тұлғалар неге аз?

                

Қазақстанда бар болғаны 18 миллион халық тұрады. Сол 18 миллионға 100 мың шенеунiктен келедi. Ал Жапонияда 128 миллион халыққа 9 мың шенеунiктен қызмет етіп отыр. Сонда Жапонияда 14 мың адамға 1 шенеунiктен келсе, Қазақстанда 180 адамға 1 шенеунiктен келедi. Біздің елiмiздегi шенеунiктер саны Жапониямен салыс­тырғанда 80 есе көп.

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде алдағы уақытта «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» Ұлт Жоспарын ұсына­ты­нын айтқан болатын. Елбасының бұл жос­пары халықтың назарына Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» деген тақырыппен ұсынылды.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспары елімізде «Қазақстан – 2050» страте­гиясын жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттігін нығайтуға бағытталған. «Әлемдік өзгерістер уақыты әр мемлекетті таңдау алдына қояды: реформалар немесе құлдырау. Өзгерістер кезеңінен өзін-өзі жаңартуға, яғни реформаларға қабілеттілер лайықты өте алады. Біздің алдымызда орасан зор қағидатты міндет тұр: біздің мемлекеттік кемемізді суға батпайтын ету. Алдағы жыл­дарға міндет: Қазақстанды нығайту және тіпті әлемдік дауылдарға қарамастан, әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына сенімді түрде ену» деген Елбасы сөзінде үлкен салмақ жатыр.

Жақында Мәжiлiстiң жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар мемлекеттік функция­ларды бәсекелес ортаға беру туралы заң жобасын мақұлдады. Осы мәселеге бай­ланысты депутат Азат Перуашев өз наразы­лығын бiлдiрдi. «Ұлт жоспарының 97-қада­мында Президент мемлекеттiк функцияларды беру арқылы шағын үкiметке өту керек деген болатын. Яғни, мұнда мемлекеттiк орган­дардың бюджетi мен мемлекеттiк қызмет­керлердi қысқарту жайында айтылып отыр. Бiз осы мәселе бойынша екi сауал жолдадық. «Егер функцияларды бермесек, сәйкесiнше шенеунiктерге кететiн шығындарды да қысқарту керек және босаған шенеунiктi жұмыстан шығару қажет. Егер функцияларды бермесек, олар бiзге неге керек?» дедiк. Үкiмет «Бұл қарастырылмаған, қажет деп есепте­меймiз» деп жауап бердi. Яғни, бiз ендi биз­неске қосымша қаржылай ауыртпашылық түсiремiз. Сондықтан осы сомаға бюджет шығындарын қысқартып, шенеунiктердi жұмыстан босату керек» дейдi Перуашев.

Мемлекет басшысы елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мемлекеттік аппараттың жұмысын мөлдір және азаматтарға есеп беретіндей етуі қажеттігін алға қойған бо­латын. «Мемлекет жинақы болуы тиіс және өкілеттіктердің көбін мемлекеттік секторға беру қажет» деген Президент пікірі қашанда есте тұруы тиіс.

Біздің шенеуніктер Қазақ мемлекеті деген ұғымды пір тұтса дейсің. Орыстың кез келген атқамінері «За державу обидно» деген тұ­жырымды жадына серік еткен. Жапониядан 80 есе артық шенеунігіміз болса да, елдік және мемлекеттік мүдде жолында адал қызмет ат­қаратын азаматтар неге ат төбеліндей ғана?!

Аз болсын, көп болсын қазақ шенеуніктері өз өмірін, кадрлық карьерасын қандай тұрғыдан болсын мықты мемлекетсіз елестете алмайтындай болуы шарт. Сонда ғана Қазақ елінің Тәуелсіздігі тұрлаулы болады!

Нұртөре ЖҮСІП

Деректеме: «Айқын» газеті