02
Қараша

"Ақ жол": Өз жерінен айырылып қалған көршілердің оқиғасынан сабақ алғанымыз жөн

2 қараша 2021 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Кеше өлім жазасын алып тастауды көздейтін заң жобасын талқылаған Мәжілістің жұмыс тобы Қазақстан Республикасының аумағын немесе бір бөлігін басып алу мақсатындағы террористік актілер барысында кісі өлтіру секілді қылмыс жасағандарға жазаның осы ауыр түрін қалдыру туралы Азат Перуашевтің ұсынысын қабылдамады.

Жалпы, көп жағдайда өлім жазасынан бас тарту және құқықты гуманизациялау бағытындағы мемлекетіміздің саяси еркін қолдай отырып, "Ақ жол" фракциясының депутаттары ел тұтастығы мен тәуелсіздігін қорғау мақсатында бірнеше ұсыныс айтты.

"Ақ жол" Демократиялық партиясы фракциясының бұл түзетуі жұмыс тобында да, Бас прокуратура басшылығы және қызметкерлерімен де (заң жобасын әзірлеуші) бір аптадан астам уақыт бойы талқыланды.

Талқылау барысында түрлі пікірлер мен қарсы уәждер айтылғанмен, партияның бұл мәселедегі ұстанымы төмендегідей:

1). Президенттің тапсырмасын орындау мен Қазақстанның өлім жазасынан бас тартатын халықаралық құжаттарға қосылуына байланысты Бас прокуратура «Қылмыстық кодекске өлім жазасы бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген болатын.
Осыған дейін өлім жазасы елімізде террористік актілер ұйымдастыру мен соғыс кезіндегі аса ауыр қылмыстар (адам өлтіру) үшін екі жағдайда қолданылуы мүмкін болған еді.
Енді тек соғыс кезіндегі аса ауыр қылмыстар үшін ғана өлім жазасын қалдыру көзделіп отыр.
Ал, террористік актілер үшін жазаның бұл түрі алынып тасталмақ.

2). Осы орайда "Ақ жол" фракциясының депутаттары аталмыш мәселеге қазіргі заманның ағымына сай қарауға шақырды.
Көбінесе көп адамның өлімі мен қалалардың қирауына алып келетін соғыс қимылдары ресми түрде "соғыс" деп аталмауы да мүмкін.
Біріншіден, біз жақын шетелдегі қарулы/агрессивті сепаратизм туралы айтып отырмыз, оны бастамашылар «ішкі» қақтығыстар ретінде көрсетеді, бірақ оларға қарулы күштердің және басқа мүдделі тараптардың азаматтарынан құралған "еріктілердің" қатысуы құпия емес.
Бірақ енді, мұндай «бейресми» басқыншылық орын алған жағдайда бейбіт адамдарды өлтіріп, қолдарына қару алып, еліміздің аумақтық тұтастығы мен конституциялық құрылысына қол сұққан қылмыскерлерді жазаның ең қатаң түрімен жазалау мүмкіндігінен айырылады.
Себебі, әскери қару-жарақ қолданып немесе шетелдің жалдамалы "басқыншыларын" тарта отырып жасалған ауыр қылмыстарды "соғыс" деп ресми түрде тану мүмкін болмайды.
Ал, соңғы кездері өзге мемлекет парламентіндегі жетекші партия депутаттарының атынан және мемлекеттік телеарналарынан жеріміздің тұтастығына қарсы түрлі арандатушылық сөздер айтылып жүр. Сондықтан, Қазақстанның болашағына алаңдайтын адам үшін бұл мәселенің өзектілігі айқын көрініп тұр.

3). Азат Перуашевтің айтуынша, осындай жағдайларда сепаратизм (ел аумағына қарулы түрде басып кіру) соғыс ретінде емес, терроризм немесе қарулы қақтығыс ретінде бағалануы мүмкін.
Сондықтан, "Ақ жол" адам өліміне алып келетін террористік актілер мен Республика аумағын бөлшектеуді көздейтін сепаратистік қимылдарға қатысты өлім жазасын қалдыруды ұсынған болатын. Яғни, фракция қылмыстың жаңа құрамын енгізуді сұрап отырған жоқ. Кодекстен алынып тастайтын бұрынғы нормалардан біреуін ғана сақтап, оны нақтылап жазуды ғана ұсынған еді.

4). Бұл түзетуді талқылау барысында жұмыс тобының барлық қатысушылары дерлік мәселенің өзектілігімен келісті деуге болады.
Сонымен бірге, өлім жазасы ешқашан қылмыс жасауға тоқтау бола алмайтыны, сондай-ақ, біз ұсынған норма Қазақстанның халықаралық міндеттерді орындамауына алып келіп, ел репутациясына сызат түсіретіні туралы да түрлі пікірлер айтылды.

Әріптестерінің бұл уәждеріне жауап бере отырып, Азат Перуашев әрбір заңның құқықтық негізінен бөлек, өз қоғамына және де басқаларға арналған үндеуі мен саяси мазмұны болатынына назар аударды.
"Ақ жол" демократиялық партиясының пайымдауынша, ұлттық Тәуелсіздік пен Жер тұтастығы секілді ұғымдар кез-келген мемлекеттің басты құндылығы болып саналады. Сондықтан, бұл құндылықтарға қарсы жасалған қарулы әрекеттер мен адам өліміне алып келетін ауыр қылмыстарға жазаның ең қатаң түрі қолданылуы керек.
Мұндай ұстанымның саяси маңызы бар, бұл барлық арампиғылдыларға біздің еліміздің өз тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін ештеңеден аянбайтынын, соңына дейін күресуге дайын екендігін білдіреді.
Мемлекеттің халықаралық репутациясы, әрине, өте маңызды. Еліміздің Тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін де.
Алайда, кейбір көрші елдердің тәжірибесіне сүйенсек, қиын кезде халықаралық қауымдастық оларға ниет білдіргенмен, зорлықпен тартып алынған аумағын қорғап қалу бойынша бірде-бір нақты әрекет жасалмады. «Өзгелердің қателігінен сабақ алайық» - деді А. Перуашев жұмыс тобында әріптестеріне.
Соған қарамастан мүдделі мемлекеттік органдар – Бас прокуратура, Жоғарғы сот, Сыртқы істер министрлігі заңның үкіметтік нұсқасын сақтауды жақтады. Ал жұмыс тобы мүшелерінің көбісі «Ақ жол» демократиялық партиясының ұсынысына қарсы дауыс берді.
Бірақ соған қарамастан, Мәжіліс депутаттары Бақыт Смағұл мен Мақпал Тәжмағамбетова, заң кеңесшілері алқасының төрағасы Әбдікәрім Ақжанов "Ақ жол" фракциясының ұсынысын (терроризм мен сепаратизм мақсатында азаматтарды өлтіру үшін өлім жазасын сақтау туралы) қолдап, дауыс берді.
Нәтижесінде айтылған ұсыныстары өтпесе де, "ақжолдықтар", депутаттық құқықтарын толығымен пайдаланып, өз ұстанымдарын жеткізе алды және де басқа фракциядағы әріптестеріне Қазақ жерінің тұтастығы туралы ой салды.
Ал негізінде гуманизация мен халықаралық стандарттарды еңгізу - бүгінгі заман талабы. Еліміз өркениетті мемлекеттердің бірі ретінде мұндай үрдістен расында тыс қалмауы керек. Әрине, Тәуелсіздігіміз нық, Жеріміз тұтас болса.