4 сәуір 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы
Батыс Қазақстан облысында биылғы қыста қардың мол түсуінен, сәуір айы басталғалы күн райының күрт жылынуына байланысты бірқатар ауданның елді мекендерін су басты.
«Ақ жол» партиясының Батыс қазақстан облыстық филиалының өкілдері облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарымен бірге жедел жиналыс өткізіп, осы аудан тұрғындарына көмек беру бойынша кеңесті.
Түс ауа бір топ депутат Қаратөбе ауданы Шалғын ауылына барып, жергілікті халықпен кездесті.
Тұрғындардың айтуынша, ағымдағы жылдың 28 наурызы кешкісін өзен көтеріліп, ауылдың іргесіндегі бірнеше үйді су шайған. Оқиға орнына облыс орталығынан төтеншеліктерді ертіп өңір басшысы Ғ.Есқалиев барып, жағдаймен танысқанымен, күрт еріген өзен мұздарын жару, арнасын бұру секілді жедел шаралар уақытында қабылданбаған.
Аймақтағы Шыңғырлау, Қаратөбе, Бөрлі және Жәнібек аудандарында су тасқыны бірнеше үйді басып кіріп, ел-жұрттың мал-мүлкі шығынға ұшыраған. Абырой болғанда, адам өлімі жоқ.
Жоғарыда аталған аудандардың ішінде тасқын судан ең көп зардап шеккен Қаратөбедегі Шалғын мен Жәнібектің Жақсыбай ауылы.
Қаратөбе ауданындағы Шиелі өзені арнасынан асып, жағасында тұрған аядай ғана Шалғын ауылының 29 үйін су басқан, 96 тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілген. Топан судан ірілі-ұсақты 30-дан астам қой-ешкі, бірнеше бұзау өлген. Ал облыс орталығынан 500 шақырым жердегі Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында 90 үйді су басып, 600 адам панасыз қалған.
Тұрғындарды үй мәселесінен бөлек ауыл мектебінің жағдайы қатты алаңдатады. 37 оқушы білім алған мектептің шатыры ортасынан түсіп, қабырғалары қақырап тұр.
Жергілікті атқарушы билік балалардың білім алуын тоқтатпау мақсатында ауылдың мұғалімдері мен балаларын 20 шақырым жердегі Қоскөл ауылындағы мектепке апару туралы шешім қабылдаған.
Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың екі арада қатынауын қиындатып жіберген. Ауылды дәл бүгін тұтас ұстап тұрған осы мектеп пен дәрігерлік пункт екенін ескерсек, мектеп жұмысын тоқтатса, жергілікті халық үдере көшіп, елді мекен иесіз қалатын түрі бар.
Бүгінде шалғындықтарды осы мәселе қатты алаңдатады. Тіпті тұрғындардың кейбірі бала санын толтырып, мектепті сақтап қалу үшін патронатпен бала асырап алуға да дайын екендіктерін айтып қалды.
Қазіргі уақытта «Ақ жол» партиясның Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанынан штаб құрылып, жәрдем етемін деушілерден қаражат жинау жұмыстары басталды.