04
Шілде

Қарағандыда «Ақ жол» партиясы Қарағанды облыстық филиалының конференциясы өтті

Қарағанды қаласында Қазақстанның Демократиялық «Ақ жол» партиясы Қарағанды облыстық филиалының конференциясы өтті. Конференция барысында облыстық филиалдың қызметіне қатысты негізгі мәселелер қаралып, атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды. 

Күн тәртібіне сәйкес делегаттар Қарағанды облыстық филиалы төрағасының атқарылған жұмыстар туралы есебін тыңдады. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстанның Демократиялық «Ақ жол» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы болып Ермек Төлеуұлы Әбілдин бірауыздан сайланды. Сондай-ақ конференция барысында Қазақстанның Демократиялық «Ақ жол» партиясының кезекті съезіне қатысатын Қарағанды облысынан делегаттар сайланды. Бұдан бөлек, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелері талқыланып, ұйымдық жұмысты одан әрі нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған басым міндеттер айқындалды. 

Конференция ашық пікір алмасу, өзара қолдау және бірлік рухында өтті. Қабылданған шешімдер Қарағанды облыстық филиалының алдағы тиімді жұмысына, партиялық бастамаларды іске асыруға және азаматтардың «Ақ жол» партиясына деген сенімін одан әрі нығайтуға берік негіз болады.