29
Мамыр

Қаржы мониторингін қамтудың дұрыстығына күмән көп /А.Тұрмағамбет/ - Зан газетi (Алматы)

Бағалы затыңды уақытша кепілдікке қойып қарыз алу кім-кімге де тиімді болып тұрғанын тізбектеп, әңгімені көбейтпей-ақ қоялық. Айтпағымыз, енді осы қалың қауым үшін қаржыдан тапшылыққа ұшыраса, жүгінетін қызметті қажет болған шақта пайдаланудың әуресі көп болайын деп түр. Өйткені, оларды ұсынатын тұлғалар заңсыз кіріс көзі, лаңкестік пен экстремизмді қаржыландыруға қарсы күрес мақсатында қатаң бақыланатын нысандардың бірі болмақ. Оған өткізілген әрбір асыл тас, бағалы металл бұйымдар құнына қарамастан көлеңкелі бизнес табысы ретінде жан-жақты тексеріліп, ол жөніндегі ақпараттар тиісті орындарға жеткізіліп тұрмақ. Мәжілістің осы аптадағы жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында осындай шара қарастырылып отыр.
Жұмысы осындай жіті қадағаланатын нысан тек ломбард қызметі емес. Аталмыш құжат бойынша барлығы бес қызмет нысаны қаржы мониторингісі жасалатын ұйымдар қатарына енгізіліп отыр. Олар лизинг беруші ретінде лизингтік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, бағалы металдар және асыл тастар, олардан жасалған зергерлік бұйымдармен операция жасайтын тұлғалар, жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелеріне делдалдық жасайтын тұлғалар, төлемдер қабылдайтын операторлар.
Жалпы отырыста депутаттар алдында жаңа құжатты қорғаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бүл шаралар Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еруазиялық топтың 14-ші жалпы отырысында қабылданған Қазақстан Республикасының өзара бағалау туралы ескертпелерді және ФАТФ-тың жаңартылған стандарттарын іске асыру мақсатында қабылданыпты. Өйткені, еліміздің осы бағыттағы қолданылып жүрген стандарттары халықаралық талапқа сай келмейді. Кейбірі, тіпті, қолданылмайды. Бүл бүгінгі таңда бүкіл әлем терроризм және экстремизмге қарсы күреске ден қойып отырған сәтте еліміздің имиджіне нұқсан келтіріп, инвестициялық тартымдылығын азайтатын жағдай. Қазақстан 2015 жылдың қараша айына дейін сәйкес емес және ішінара ғана сәйкес деп бағаланған рейтингтері бар барлық ұсынымдарға қатысты кемшіліктерді түзеу үшін нақты шараларды қабылдауы қажет. Осы заң жобасы аталған талаптарды іске асыру үшін әзірленді.
Заң жобасында ҚР-ның үш кодексіне, он бес заңнамалық актісіне қылмыстық жолмен алған кірістерді заңдастыруға және жылыстатуға, терроризмді қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу көзделіп отыр. Заң жобасының негізгі жаңалығы - көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мақсатында қаржы мониторингі нысандарының тізбесін кеңейту. Халықаралық стандарттарға сәйкес, еліміз қаржылық қызмет көрсететін барлық тұлғалар қаржы мониторингі жүйесіне қамтылуы қажет. Соған сәйкес, жаңа құжатта олардың қатарына аталмыш бес тұлға қосылып отыр. Аталмыш мәселеге орай қаржы мониторингіне қамтылып келген ұйымдардың саны бұрын он екі болатын.
Заң жобасы, тұтастай алғанда, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жетілдіруді көздейтіндіктен, құжатта осы ұғымдар толық анықталып отыр. Екіншіден, кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландырудың анықталған осал тұстары мен қауіп-қатерлері негізінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін айқындау, тәуекелдер индикаторларының мәндеріне қарай қолданылатын, қаржы мониторингі нысаны тұтынушысын күшейтілген және жеңілдетілген түрде тексеру шараларын белгілеу, терроризмді жөне экстремизмді қаржыландырған тұлғалар мен ұйымдардың активтерін пайдалануын тоқтату тетігін белгілеу нормалары қарастырылды.
Құжат бойынша қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Оспановтың айтуына қарағанда, заң жобасы арнайы құрылған жұмыс тобының отырысында жан-жақты талқыланыпты. Оған депутаттар тарапынан жетпіске жуық ұсыныс қосылған. Жиындарға аталмыш нысан өкілдері, сарапшылар, мамандар, мүдделі ұйымдардың жетекші қызметкерлері қатысып, құжатта көрініс тапқан нормаларға қатысты өз пікірлерін, көзқарастарын ортаға салды. Бірақ, соған қарамастан заң жобасына қатысты, әсіресе, депутаттар көкейінде көптеген сұрақтар, түсінбеген мәселелер қалған сияқты. Алайда, жиын тізгінін ұстап отырған Палата спикерінің әлсін-әлсін «жауабыңызды қысқа әрі нұсқа беріңіз» деген ескертуінен бе, әлде, шынында айтары аз болды ма, Бақыт Тұрлыханұлынан мардымды уәж есту мүмкін болмады.
Ал, негізінен, депутаттар заң жобасындағы біздің әрбіріміз үшін түйткілді мәселе тудыратын нормаларға қатысты орынды базына айтқан еді. Мәселен, депутат Нұртай Сабильянов бағалы металл бұйымдар, асыл тастарды сатып алу үшін аталмыш құжат негізінде дүкендердің, сауда орталықтарының азаматтардан жеке куәлікті талап етуінің қаншалықты қисындылығы және оның еліміздің «Дербес деректер туралы» заңнамаға қаншалықты сай болатындығын, сонымен қатар, бір адамның өз атынан бірнеше адам үшін бағалы бұйым сатып алу мүмкіндігін қадағалаудың қалай мүмкін болатыны жайлы, жалпы, осы талап азаматтардың көлеңкелі әрекетіне жол ашпай ма деген сауалдарына нақты жауап айтылмады. Министр мырза бұл жұмысты барынша сапалы жүргізуге күш салынатынын ғана айтумен шектелді. Оның айтуынша, дүкен, сауда орындары қызметкерлері күмәнді жағдайды байқаса, тиісті орынға хабарлама жіберуі керек.
Сол секілді, Сәрпеков мырзаның да алаңдаушылығына қатысты тұшымды уәж ести алмадық. Рамазан Құмарбекұлы елімізде заңсыз кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қатысты заңның қабылданғаннан бергі алты жыл ішінде кемінде екі жылда бір рет өзгеріске ұшырап тұрғанына назар аудартқан еді. Депутаттың айтпағы, әрине, толықтырудың тек нақты да орынды талаптан туындау қажеттігі жайлы еді. Өкінішке қарай, тәжірибелі заңгердің байқауынша, аталмыш бес нысанды қаржы мониторингісіне қамтудың дұрыстығына күмән көп. Мәселен, жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу үдерісіне делдал, болатын риэлторлар қызметін мониторингілеу қаншалықты қисынды? Шын мәнінде, олар нақты қызмет жүйесі ретінде қалыптаспаған. Олардың жұмысы ешбір нормативтік құқықтық актімен реттелмейді. Әрқайсысы өз бетінше тірлігін атқарып жүрген оларды тексеру нысанына алудан не ұтамыз? Сол секілді, төлем қабылдайтын операторлардың жұмысын қадағалау шарасынан қандай пайда? Ондағы үш мың теңге көлемінде жасалатын
коммуналдық төлемдер қалай заңсыз кіріс болмақ? Оған лаңкестіктің қандай қатысы бар? Осы сауалдарды қоя келіп депутат: «Бүл шараларды жүргізуге дайындық жасау үшін екі жыл уақыт бар. Осы кезең ішінде бәрі реттеледі деп отырсыздар. Көп жағдайда заңды жасаушылар осындай уәжбен біздің алдымызды орап кетеді. Өткенде «Жолда жүру ережесі туралы» заң қаралған кезде де осындай уәде айтылған еді. Ақырында іс жүзінде басқаша болып, барлық сөз заңды қабылдаған біздерге келді. Негізінде, әрбір жаңалық жұртшылық толықтай ақпараттанып, оны атқаруға құрылымдар дайын болған кезде енгізілуі керек», - деген еді.
Сол секілді, депутат Азат Перуашевтің айтқан пікірі де аталмыш шаралардың тиімділігіне күмән келтірді. Депутат өз сөзінде жалпы қаржы мониторинг! жасалатын нысандар тізбесіне енгізіліп отырған бес тұлғаның кәсіпкерлік ұйымдары, шағын және орта бизнес өкілдері екеніне назар аудартқан еді. Олардың қадағалау нысанына айналуы осы орта сектордың аяғына салынған тұсаудан өзге ештеңе емес. «Мәселен, лицензиясыз әрекет жасайтын лизинг беруші тұлғаны алайық. Шын мәнінде оның қызметі кәсіпкерлер, соның ішінде, техникаға мұқтаж, оған қолы жете алмай отырған ауылдағы шаруа қожалықтары үшін қажет. Бақылауға алудан ең алдымен кәсіпкерлер ұтылады. Сол секілді, шағын несие ұйымдары қалай жұмыс істемек? Негізі, бізге ФАТФ-тың барлық стандарттарына сай болуға тырыспай, олардың өз мүмкіндігімізге сай талаптарын ғана қабылдау керек еді», - деген депутаттың ұсынысы төңірегінде де ойлану қажет-ақ.
Әйтсе де, бүл пікірлерді алғаш рет естіп тұрған министрдің қандай қорытындыға келгенін біле алмадық. Ал, жаңа құжат дауысқа салынған кезде күмәнді тұстары коп болса да депутаттар бірінші оқылымда мақұлдап жіберді. Бүл ретте де олар әдеттегідей екінші оқылымда айтылған мәселелер ескерілуі керек дегенді қосып қойды. Алайда, көп жағдайда формалды түрде атқарылатын бүл шарада бірдеңенің өзгеретініне сену қиын.
Дерекнама - Зан газетi (Алматы), № 77 (2663), 29.05.2015