14
Қараша

Қаржыға бақылау жасалуы тиіс /Халима Бұқарқызы/ - www.aikyn.kz

«Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінетін қаржының жұмсалуын бақылайтын комиссия құрамына партиялардың Парламенттегі фракциялары өкілдері де енуі тиіс.
 Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Мәжіліс депутаты, «Ақ жол партиясының» төрағасы Азат Перуашев осылай деді.
Азат Перуашев бөлінген қаржының мақсатты жұмсалып, өзін-өзі ақтағанына да бақылау жасалуы тиіс деп санайды.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында инвестицияға салынған кәсіпорын нақты жұмыс істеп, өнім шығаруы тиіс екенін қадап айтты. Біз сол себепті өндіріс орындарын салтанатты түрде ашып алып, одан кейінгі тағдырына немқұрайлы қарауды доғару керек деп санаймыз» дейді депутат.
«Ақ жол» партиясы Президенттің «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» атты биылғы Жолдауының мақсат-міндеттерін толығымен қолдайтынын айтады. Себебі Жолдауда айтылған мәселелер «Ақ жол» партиясының ұстанымымен сәйкес келеді.
«Елбасы Жолдауы кеңінен талқыланып жатыр. Кеше маған Мәскеуден журналистер хабарласып, бiздiң партияның Жолдауға қатысты пiкiрін сұрады. Бүгiнгi күнi Ресей ғана емес, көптеген ел Президент Жолдауымен танысып, зерттеуде» дейді.
Кезінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасын басқарған Азат Перуашевқа БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауал бизнеске, оның ішінде кәсіпкерлікті тексеруге тыйым салған мораторийге қатысты болды. Себебі жыл басында жарияланған мораторий 2 айдан соң күшін жояды.
«Мораторий не үшін беріледі? Мораторий кәсіпкерлерді тексеруге үзіліс болсын деп емес, осы мерзім ішінде заңнамалар реттелсін деп беріледі. Былайша айтқанда, мораторий – төтенше шара. Қолданыстағы заңдардың бизнеске қысым көрсететін талаптарын тоқтатып, тексерулерді тоқтатып, бизнестің еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Иә, мораторий бизнеске тиімді. Бірақ бұл төтенше жағдай болғандықтан, оны қайта-қайта соза беруге болмайды. Өйткені қалай болса да мемлекет, қоғам тарапынан бизнеске талап қойылуы тиіс. Бизнес өз жұмысын заң талаптарына сай жүргізуі керек. Олар шығаратын тауарлар мен көрсететін қызметтері заң талабына сай болуы керек. Біздің заңдарымыздың, ведомстволардың нормативті құжаттары бизнеске қолайсыздық тудырды, тексеру тым көп болып кетті. Бұл үдеріс бизнесті парақорлыққа итермелейтін болғандықтан, мораторий жарияланды. Мораторий бизнес үшін демалыс болса, меморгандар үшін, Үкімет пен Парламент, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін жұмыс істейтін мерзім, мысалы, біз мораторий уақытында бизнесті тексеруге қатысты құжаттарды бір ізге келтіріп, заңдағы қажетті талаптарды сақтап, бизнестің заңды мүддесіне қайшы келетін талаптарды алып тастап, бір жүйеге келтіріп, жетілдірудеміз» деді А.Перуашев.
 
Дерекнама - www.aikyn.kz  (Казахстан), 13.11.2014