12
Қыркүйек

Асыра сілтеген министр, «жанайқайы» көп мектептер – 'ZAMAN' газеті


           Бөлімі: Астана Ажары/уақыты:12.09.2014ж, 12:19
  Білім және ғылым министрлігі үшін биылғы жыл тағы сәтсіз басталды. «Арық атқа қамшы ауыр» демекші, басынан сынның қара бұлты сейілмеген министрлікті кейде аяғың-ақ келеді. Бірақ «басқа шауып, төске өрлеген» қылықтарын көріп, бойдағы ашу-ит өршелене үре бастайды.
   Төске өрлегені емей немене, бас ұстаз Аслан Сәрінжіпов оқу жылының алғашқы күні-ақ еліміздегі барлық мектеп оқушы қабылдауға сақадай сай тұр деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Арада апта өтпей-ақ, БАҚ беттерінде сырты сұлу көрінген кей мектептердің «ішіндегі» жанайқайлары шыға бастады. «Ауруын жасырған өледінің» кебі баяғы. Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау т.б. облыстардағы үш ауысымды мектептің «көз жасына» бей-жай қарау тіпті мүмкін емес. Ел астанасының өзінде қадау-қадау мәселелер жетіп артылады. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі құрылысы бітпей қаңырап тұрған «жаңа» мектептердің Үкімет үйіне жалтақтап жетім баланың күйін кешіп жатқанын айтпай кетсек, арға мін. «Арық сөйлеп, семіз шықса» сөз басқа. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар», — деп кеуде соққан министрдің сыры ашылып қалды.
     Еліміздегі мектеп жасындағы балаларды біркелкі киіндіру мәселесі толық жүзеге асты деп асығыстыққа бармалық. Оқушылардан мектеп формасына деп ақшасын жинап алған мұғалімдер 1 қыркүйек күні не істерлерін білмей сасқаны көз алдымызда. Бұл не сонда, жайбасарлық па?! Жоқ әлде салғырттық па? Осының өзі-ақ бұл жүйенің әлі дұрыс жолға қойылмағанын аңғартады. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір сәт статистикаға жүгініп көрелік. 2012-2013 оқу жылында еліміздегі оқушылардың 61 пайызы мектеп формасын киіпті. Ал 2013-2014 оқу жылында бұл көрсеткіш 72 пайызға көтерілген. Алайда әр өңірді былай қойғанда, бір аймақтағы мектептердің өзі әртүрлі үлгідегі форманы киеді. Білім саласына жауапты министрлік мектеп формасының бірізді әрі қолжетімді болуын әлі күнге талап ете алмай отыр. Неге? Өзінің «әйгілі» баяндамасында Білім және ғылым министрі бұл мәселені айналып өтпеді. «Бірыңғай мектеп формасын қолдаймыз, әрине. Мектеп формасының сапалы әрі қолжетімді болғанын да қалаймыз. Оған қоса, мектептердегі сатып алу мәселесін де бақылауға алу керек. Оған жергілікті атқарушы билік жауапты», — деп сырғытпа сөзді сүйкеп, жанамалай өте шыққан. Осының өзі-ақ көп жайдыаңғартып тұрғандай.
        Енді осы мектеп формасының құны қаншалықты екенін нақтылап көрелік. Мектеп формасының орташа бағасы 12-14 мың теңге. Жейде — 2500 теңге. Аяқ киім — 5000-6000 теңге. Бұдан өзге белдік, галстук сияқты ұсақ-түйектер бар. Ал қыз балалардың киімі сәл қымбаттау. Шамамен, бір оқушының киімі 30 мыңға жуықтайды. Бірақ бұл есепке баланың спорттық киімі мен оқулықтары, мектеп құралдары кірмейді. Сонда бір баланы мектепке дайындау үшін 60-70 мың теңге қаражат жұмсалады. Ал кей отбасында бірнеше баланың мектепке баратыны тағы бар. Оны кім ескереді?
 Оны айтасыз, миллиондардың алдында тізесі дірілдемей мына сөзді қалай айтты десеңізші?! «Мектептерді оқулықпен қамтамасыз етуге бюджеттен 8,3 млрд. теңге бөлінді. Осылайша бүкіл өңірде оқулықпен қамту мәселесі 100 пайыз шешілді», — деп салған министрдің сөзі алдынан «айқайлап» шығатын күн алыс емес. Себебі балаларына оқулық іздеп базар аралап, дүкен сөрелерін тінткілеген ата-аналар саны күн өткен сайын артып келеді. Жыл сайын кезігетін бұл келеңсіздіктің әлі де оң шешімін табар түрі байқалмайды.    
 Оқушының оқу үлгеріміне тікелей әсер ететін оқулықтың жетіспеуі Қазақстанның білім саласындағы ең өзекті мәселенің бірі екені даусыз.
Осы ретте ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаевтың Парламенттің жалпы отырысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мырзаға жолдаған депутаттық сауалы өзектілігімен халықтың көкейіндегі ойды дөп баса білді деп ойлаймыз. Сондықтан депутаттық сауалдың «нысанаға» дөп тиген жерлеріне көз жүгіртіп көрелік.
         «Мектептердің түрлі бағытта машықтайтынын, оқу бағдарламасын ескергенде де жаңа оқулықтардың жиі шығарылуы дәстүрге айналып келеді. Мысалы, өткен жылы 4-сынып оқушылары оқыған оқулықты биыл 4-сыныпқа баратын оқушылар оқулық ретінде (біздегі ақпар бойынша) қолдана алмайды. Осылай жыл сайын қайталанатын өзгертудің салдарынан ата-аналар айтарлықтай қаржылай зиян шегуде. Оқулықтар жаңа форматта шығатындықтан, авторлары да көп. Кітап тілі өте ауыр, оны мектеп оқушысы түгілі, ересек адамдардың түсінуі қиын».
       «Арнаулы дүкендерде бір кітаптың бағасы орта есеппен 400 теңгеден басталады, ал бір пән үшін 5 оқулық алғанда, арғы жағында басқа пәндер үшін біршама қаражат керек. Ауыл оқушылары тапқан оқулықтарымен оқиды, яғни қалаға баруды ауырсынған ата-аналар жергілікті базарлардағы сапасы төмен, бағасы дүкеннен де қымбат оқулықтар алуға мәжбүр. Осылай жиі қайталанатын құбылыс салдарынан ауыл тұрғындарына айтарлықтай қаржылай салмақ түсуде.
       «Қазіргі (кітап авторын, баспа атауын атап) талаптар бойынша жағдай жоғарыдағыдай. Нәтижесінде білім сапасы төмендеп, Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында түрлі сұрақтар туындап, нәтижесіне кері әсерін беруі ықтимал.
Ата Заңымызда «кез келген Қазақстан азаматы тегін білім алуға құқылы» деп тайға таңба басқандай жазылған. Онда ата-аналардың оқулық іздеп сабылуына жөн болсын…

 Дерекнама www.kazakhstanzaman.kz