Асықсақ та, аптықпайық – Егемен Қазақстан
«Ақ жол» балалар автокреслолары туралы норманы қайта қарауды талап етеді – Мәжілістің соңғы өткен пленарлық отырысы барысында Премьер-Министр К.Мәсімовтің атына тиісті депутаттық сауалды М.Қазбекова жариялады. Онда былай делінеді:
«Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
«Жол қозғалысы туралы» Заңдағы соңғы өзгерістерге, сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы Жол қозғалысының жаңа ережелеріне сәйкес, 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы ұстап қалатын құрылғы немесе балаларды түймелейтін қауіпсіздік белбеуінсіз тасымалдауға тыйым салатын норма күшіне енгені белгілі.
Осы норманы қабылдау қажеттігінің басты дәлелі балаларды автокөліктермен тасымалдау кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдары келтірген деректерге сүйенсек, 2014 жылы Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары салдарынан 89 бала қаза тауып, 1704-і әртүрлі деңгейлі ауырлықта зақымданған. 2015 жылғы қаңтар айының 7-сі күні жол апаты салдарынан 6 бала қаза тапса, 17-сі жарақат алған.
Іс жүзінде осындай оқиғалардың балалар автокреслоларын орнату талаптарын қоюға алып келгені анық және ол үлкен қоғамдық резонанс туғызып отыр. Ол негізсіз де емес, әрине. Бүгінгі таңда, КазТАГ-тың хабарлауы бойынша, республикамызда 4,5 млн. автокөлік тіркелген. Егер де, әрбір төртінші автоәуесқойдың 12 жасқа дейінгі баласы бар деп болжасақ, онда сатуда бір мезетте 1 млн. автокреслоға дейін болуы тиіс. Бұл мүмкін емес қой! Ал егер де бір отбасында үш не одан да көп бала болса ше?
Олар үшін бір жолғы шығындану тым қымбатқа соғады. Бұған қоса шағын немесе үнемді автокөліктерге бірден бірнеше кресло орнату да мүмкін емес, сыймайды. Ақыр соңында нарықта үлкен дүрбелең шықты, себебі, автокреслоларға алыпсатарлық баға қалыптасты.
Осылайша, заң мен ереже талаптарын дереу орындау мүмкін болмай отыр және де жемқорлық құқық бұзушылықтың көбеюіне алғышарттар жасалуда. Өйткені, балалары бар азаматтарды тасымалдаудан такси және жолай жүретін бағыттас автокөліктер бас тартуда, не бірқатар жағдайларда таксилер парктері жүру құнына балалар креслоларын орнатқаны үшін 200-300 теңге қосымшаны кіргізе бастады.
Аталған норма, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін ерекше проблема тудырып отыр, себебі, олардың кез келген кезде жолай жүретін бағыттас автокөліктерді пайдаланып келгені жасырын емес.
Бала жасын шектеу бойынша да мәселе баршылық. Мысалға, Бельгия мен Данияда балаларды ұстап қалатын құрылғыларды тек 3 жасқа дейінгі балалар, ал Жапонияда 6 жасқа дейінгі балалар ғана міндетті түрде пайдалануы тиіс. Финляндияда балаларға 3 жастан 12 жасқа дейін автокресло қолдану ұсынылған, бірақ ол міндетті болып табылмайды.
Заң жобасын талқылау барысында «Ақ жол» фракциясының депутаттары еуропалық тәжірибенің негізінде балаларға автокреслоларды 7 жасқа дейін (12 жасқа дейін емес) қолдануды үзілді-кесілді талап етті, бірақ, ақыр соңында ІІМ атынан заң жобасын әзірлеушінің көзқарасы басым түсті.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, жоғарыда айтылғандарды қарастыра отырып, «Ақ жол» КДП депутаттық фракциясы мына мәселені қарауды өтінеді:
Біріншіден, жоғарыда айтылған нормаларды және автокөліктерді балалар креслоларымен жабдықтауды іске асыру үшін 12 айға өтпелі кезең белгілеу қажет. Мысалы, 2006 жылы Ресейде осындай норманы күшіне енгізу бір жылға дейін кейінге қалдырылды.
Екіншіден, 6 жасқа дейінгі балаларды автокреслолармен қамтамасыз етуді міндеттеп, белгіленген мерзім ішінде осы заңның нормаларын қайта қарау, ал 6-12 жасқа дейінгі балаларға осы норманы ұсынбалы етіп жасау керек».
Дерекнама – egemen.kz Егемен Қазақстан 17.01.2015