02
Маусым

Аттестаттау мен аккредиттеудің күресі /Жақсыбай Самрат/ - Егемен Казакстан

Мәжілістің мемлекеттік мәселеде Үкімет жасаған заң жобаларымен негізінен сөзсіз келісетіні, ал жекеменшіктің мүддесіне қатысты мәселелерге келгенде аяқ астынан өре түрегеліп кететіні бар. Мұндайда әсіресе, «Ақ жол» партиясы фракциясының белсенділігі шарықтап шыға келеді.
Палатаның соңғы жалпы отырысында да осындай жайт болды. «Ақжолдықтар» кейбір заңнамалық актілерге білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылауда айтарлықтай белсенділік көрсетті. Соның ішінде жекеменшік ЖОО-ларды аккредиттеу мәселесіне келгенде тіпті ширығып кетті.
Айтары жоқ, бұл заң жобасын дайындау мен жетілдіру бағытында өте үлкен жұмыс жүргізілгені белгілі болды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Гүлмира Исімбаеваның қосымша баяндамасында бұл туралы кеңінен айтылды. Екі кодекс пен 8 заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар барынша нақтыланған. Жұмыс тобы 22 отырыс өткізіп, 400-ден астам түзетулер мен ұсыныстарды қарапты. Соның ішінде мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету, мектеп формаларын біріздендіру, мемлекеттік тапсырыс бойынша елге аса қажетті мамандарды дайындау, студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілуі, каникул кезінде оқушылардың қалааралық автокөліктер мен теміржолдарға жеңілдік алуы сияқты халыққа аса қажетті дүниелер депутаттар тарапынан қосылған.
Сонымен бірге, Г.Исімбаева 2015 жылдан бастап енгізілетін ЖОО-ларды аккредиттеу мәселесі заңда емес, білім туралы мемлекеттік бағдарламада қарастырылғанын атап өтті. Ал аттестаттаудан аккредиттеуге көшу туралы депутаттар тарапынан түскен ұсыныстардың нормалары талқыланып, редакциялық жағынан жетілдірілді, деді ол.
«Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашев өзінің сөзінде заң жобасы бойынша баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке қатты шүйлікті. Оның айтуына қарағанда, БҒМ заң жобасында аттестаттаудан, яғни өзінің жекеменшік оқу орындарына үстемдік етуінен айырылғысы жоқ екенін көрсетіп тұр. Ал оқу орындарына министрлік тарапынан аттестаттау жүргізу білім беру сапасына да, басқаға да кедергі келтіретін көрінеді.
Керісінше, тәуелсіз агенттіктер жасайтын аккредиттеулер көш ілгері, ол оқу үдерісінің сапасын дәл анықтайды. Қазірдің өзінде Қазақстанда аккредиттеу жүргізуге 2 отандық, 4 шетелдік агенттіктер белгіленген, олар аккредиттеуді тап бүгінгі күннен бастап кетуге әзір. Осылай дей отырып, Перуашевтің өзі олардың ақша төлесең керекті сапаны көрсетіп беретіні туралы күдіктің бар екенін де жасырмады.
Алайда, деді ол, бүгінгі күні барлық дамыған шетелдерде осы әдіс қолданылады. Оның үстіне біздің Білім және ғылым министрлігі «Болон үдерісіне» кіруге қол қойған, сондықтан азаматтарымыздың шетелде оқуына кедергі болмас үшін аттестаттаудан шұғыл арада аккредиттеуге көшуіміз керек. Ал министрдің ЖОО-лардың бүгінгі таңда әлі аккредиттеуге дайын еместігін айтқанына ол тіпті шамданып қалды.
«Бұл сіздердің жұмыстарыңыздың шалалығы, біз әрбір шенеуніктің жұмыс шалалығы үшін заңды өзгерте алмаймыз», деп салды. Тіпті, осы істі қамтамасыз ете алмаған министр отставкаға кетуі керек қой дегенді де айтты.
Жекеменшіктің мүддесін жаны шыға қорғаған депутат А.Перуашев, әрине, жеке ЖОО-лардың Білім және ғылым министрлігіне тәуелді болып, олардың тарапынан тексеріс жүргізгенін, білім беру сапасын бақылап, аттестаттау өткізілгенін қаламайды. Сондықтан оны аттестаттаудың сапасы, пайдасы емес, тек осы үдерістің өзінің «қажетсіздігі» ғана қызықтыратыны барлық сөздерінен көрініп тұрды. Барлық ынты-шынтымен жеке оқу орындарын тек тәуелсіз агенттіктер аккредиттесін деп тұрғаны сол.
Ал ондайлардың көбінің аты-заты белгісіз, кейбіреулерінің құрылуы да күмәнді. Ештеңеге, ешкімнің алдында жауап бермейтін болғандықтан, ондайлардың кейбірі ақша төлесең болды – қалаған баллды жазып бере салатыны жасырын емес. Оны Перуашев те жақсы біліп тұр. Алайда, Білім және ғылым министрлігінен әбден запы көргендей, ол тек сондайларды қалайтындай. Керісінше, министрлік тарапынан жүргізілетін аттестаттаудың сапасын жақсарту керек еді дегенді ауызға да алмайды.
Заң жобасы «Ақ жол» партиясының фракциясы қарсы болғанымен, көпшілік дауыспен мақұлданды. Бірақ «ақжолдықтардың» алаңдауын ескеріп, ол БҒМ жұмысын осы тарапта жақсартатын болса құба-құп болар еді.
 
Дерекнама - Егемен Казакстан (Астана), № 100 (28578), 30.05.2015