04
Маусым

Қазақстан Республикасы мен Қытайдың Шаньдун провинциясы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі конференция өтті

4 маусым 2025 жыл, Алматы қалалық филиалы

2025 жылғы 4 маусымда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мен Қытайдың Шаньдун провинциясы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі конференция өтті.

Іс-шараға ұйымдастырушылардың шақыруымен «Ақ жол» демократиялық партиясының Алматы қалалық және Алматы облыстық филиалдарының өкілдері қатысты.

Қытай делегациясын Шаньдун провинциясы үкіметі канцеляриясының жетекшісі, бас хатшының орынбасары Сунь Цишэн бастап келді. Конференцияға қатысушыларға Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэ ханым құттықтау сөз арнап, Алматы қаласы мен жалпы Қазақстанның Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін атап өтті.

Шаньдун провинциясы губернаторының орынбасары Сунь Цзюньцзи өз сөзінде бұл аймақ Қытайдағы халқы тығыз орналасқан, экономикалық және мәдени дамыған, халықаралық ынтымақтастыққа ашық ірі провинциялардың бірі екенін айтты. Ол Қазақстанның «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасын алғашқы болып қолдаған елдердің бірі ретінде Шаньдун үшін Орталық Азиядағы басты әріптес болып табылатынын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ Цзыбо қаласы әкімінің орынбасары Го Цин ауыл шаруашылығы, автокөлік өндірісі, құрылыс, медицина және логистика салаларында ынтымақтастық орнатуға ұсыныс білдірді.

Осылайша, Қазақстан мен Қытайдың Шаньдун провинциясы арасындағы іскерлік конференцияның алғашқы күні өзара түсіністік пен серіктестікке деген мүдделілік рухында өтті.