Қазақстанда шенеунiктер саны Жапониядан 80 есе көп, бірақ Жапония экономикалық жағынан бізден алда келеді. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бүгiн Мәжiлiстiң жалпы отырысында депутаттар мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру туралы Заң жобасын мақұлдады. Дегенмен, Азат Перуашев заңға қатысты өз наразылығын бiлдiрдi.
«Ұлт жоспарының 97 қадамында Президент мемлекеттiк функцияларды беру арқылы шағын үкiметке өту керек деген болатын. Яғни, мұнда мемлекеттiк органдардың бюджетi мен мемлекеттiк қызметкерлердi қысқарту жайында айтылып отыр. Бiз осы мәселе бойынша екi сауал жолдадық. Бiз «егер функцияларды берсек, сәйкесiнше шенеунiктерге кететiн шығындарды да қысқарту керек және босаған шенеунiктi жұмыстан шығару қажет. Егер функцияларды берсек, олар бiзге не керек?» дедiк. Ал Үкiмет «бұл қарастырылмаған, қажет деп есептемеймiз» деп жауап бердi. Яғни, бiз ендi бизнеске қосымша қаржылай ауыртпашылық түсiремiз. Сондықтан осы сомаға бюджет шығындарын қысқартып, шенеунiктердi жұмыстан босату керек. Үкiмет те, бүгiн министр де (Ұлттық экономика министрi Тимур Сүлейменов –авт.) осы сұраққа дұрыс жауап бермедi», - дедi Перуашев кулуарда берген сұхбатында.
Депутат өз сөзiнде ЭЫДҰ мәлiметiн келтiрдi. Дерекке сай, Қазақстанда жұмыс iстейтiн азаматтардың 21 пайызы – шенеунiктер немесе квазимемлекеттiк сектор, ұлттық компания менеджерлерi. Ал бұл көрсеткiш АҚШ-та 14 пайыз, Австрияда 10 пайыз екен.
«Яғни, бiзде 18 млн халыққа 100 мың шенеунiктен келедi. Ал Жапонияда 128 млн халыққа 9 мың шенеунiктен келедi. Жапонияда 14 мың адамға 1 шенеунiктен келсе, Қазақстанда 180 адамға 1 шенеунiктен келедi екен. Яғни, елiмiздегi шенеунiктер саны Жапониямен салыстырғанда 80 есе көп. Бұл не деген сұмдық! Ендi Жапония мен бiздiң экономикалық дамуымызды қараңыз. Жауап анық қой», - дедi Азат Перуашев.
Деректеме: Alashainasy.kz