25
Мамыр

Cұхбаттар 25.05.2016

Қазақтың қамалы – шекарадағы мектеп емес пе?



Төрткіл дүниедегі тоғызыншы территорияның қожасы саналатын қазақ халқының туабітті жерге кіндігі байланған. Жер мәселесіне келгенде, айрықша алаңдайтыны сондықтан. Атам заманнан солай, қанға сіңген қасиет. Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» ҚДП фракциясының мүшесі Берік Дүйсенбиновтің Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалын естігенде де осындай күйде болдық. Содан соң мәселенің мән-жайын сұрадық.
– Берік Сәлімжанұлы, Үкімет басшысына депутаттық сауал жол­дауыңызға не түрткі болды?
– Есін жиып, етегін қымтаған елдің ең бірінші қолға алатын басты мәселесі – шекара шебін бекемдеу. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­­­дарынан-ақ әбжіл қимыл­дап, қай­рат көрсетіп, мемле­кет­тік ше­ка­раны шеген­деп, ха­лық­­ара­лық шарт­тар­ды бекі­тіп ал­­ғаны белгілі. Қазір­гі ха­лық­ара­­­лық жағдай­дағы тұрақсыз дүр­бе­лең­дер мем­лекеттің басты назарын осы мәсе­ле­лер­ге аудару­ды талап етеді.
Менің депутаттық сауалыма түрткі болған шалғай ауылдардың негізін сақтап қалушы маңызды факторлардың бірі – шекаралық ауылдардағы мектептердің жағ­дайы. Білім және ғылым министр­лігінің мәліметтеріне сай, елімізде орта есеппен жылына 100-ге жуық мектеп жабылады екен. Мек­теп, білім ордасы болумен бірге, бүгін ауылдағы жұмыс бере­тін орын, ауылдың қасиетті қара шаңырағы. Маңыздылығы жа­ғы­нан ауылда орналасқан бір­­де-бір мемлекеттік орган ауыл­­дағы мектепке тең келе алмайды.
– Ахуал соншалықты алаң­датарлық жағдайда ма?
– Иә. Әсіресе, Шығыс Қазақ­стан, Солтүстік Қазақстан, Қос­танай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарындағы ше­кара­лық ауылдардың жағдайы сын көтермейтіндіктен, халық­ты тұрақтандыру мен шоғырлан­дыру мәселелерін мемлекеттік дең­гей­де шұғыл қолға алуымыз қажет. Алматы облысының шекаралық аудандарындағы ауылдар ахуалы да алаң­датарлық. Мәселені төте­сі­нен қойып отырғанымыз, мектеп­т­ің арқасында ауылға жас, білімді ма­ман­дар тартылып, бола­шақта сол ауыл­дың тұрғыны болу­ға себеп болады.
Егер жыл сайын шекара аумақ­тарында 5-6 мектеп жабыла берсе, 10 жылдан кейін ауылдардан не қалатынын есептей беріңіз. Жыл сайын жабылған мектеппен бірге, сол ауылдың шаңырағы құлап, ошағы өшті деп айтуға болады. Мүмкін шенеуніктерге жабылған мектеп саны тек қана цифр болса, бізге ол – осы ауылдағы адамдар­дың тағдыры, ауылдың тағдыры.
 – Мектеп жабылып жатыр деп жалпы айту бар да, нақты дерек бар ғой. Бұл тұрғыда деректер не дейді?
– Бір ғана Шығыс Қазақстан облысы бойынша алсақ, 1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан жойы­лып, 20-дан астам мектеп өз жұмы­сын тоқтатқаны аза бойыңды қаза қылады. 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жыл ішінде Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Үржар ауда­н­дарынан 85,1 мың адам көшіп кеткен. Бұл аудандардың бар­лығы – Қазақстанның шекара­лық ай­­мақтары. Шығыс Қазақстан об­лы­сын­да тек 2009-2010 оқу жы­лын­да балалар санының азаюы­на бай­ланысты 19 мектеп, 2010-2011 оқу жылында 17 мектеп, 2011-2012 оқу жылында 13 мектеп жа­был­­ған. 2012-2013 оқу жылын­да об­лыс бойынша 20 жалпы білім бере­тін мектеп жабылып, 6 мектеп қайта ұйымдастырылған. Жалпы, 2009 жылдан бастап облыста 69 мектеп жабылып, 48 мектеп қай­та ұйымдастырылған. Қайта ұйым­дастырудың да тигізер кесірі көп. Өйткені, 11 жылдық мектептер то­ғыз жылдық немесе тоғыз жыл­дық мектептерді бастауыш мек­теп­тер мәртебесіне ауыс­ты­ра­ды. Бұл да халықтың жаппай көшуіне өз әсе­­рін тигізуде. Бұл – бұдан 5-6 жыл бұрынғы бір ғана облыстағы дерек.
–  Шындығында да алаңдатар­лық ахуал екен…
–  Шекаралық аудандардағы мек­­теп­тердің жабылу себебі – мек­теп оқу­­шыларының саны тиісті шек­­ті мөлшерге сай келмеуінен туын­­дауда. Қолданыстағы мемле­кет­тік норматив әрбір ауылдық елді мекенде мектеп жасындағы 5 немесе одан көп бала санымен бас­тауыш мектептің, 41 және одан көп бала санымен негізгі мектептің және 81 және одан көп бала саны­мен орта мектептің жұмыс істеуіне кепілдік береді.
Шекаралық аумақтарға орналас­қан ауылдардағы халық санының азаю динамикасымен бірге, жоға­ры­да көрсетілген нормативтер осы ауыл­дардағы мектептердің әрі қарай жабылуына өз ықпалын тигізеді.
– Алдыңғы қатарлы елдер ауылдар түгілі жеке-жарым жан­дар­­дың тағдырына алаңдау­шы­лық білдіріп, «мемлекеттің ең басты қазынасына» жағдай жасау­ға ұмтылады ғой?
– Дұрыс айтасың. Өркениетті қоғамда адамдардың санына қарап емес, әрбір жеке адамның тағ­ды­рына алаңдайды. Басылым бет­тері­нен жақында бізге өнеге болар бір жаңалықты оқыдым. Жапо­ния­­­дағы трамвай мекемесі шал­ғай ауыл­дан қалаға қатынайтын жал­ғыз оқушы үшін тоқтатылуы тиіс трам­­вай бағытын екі жыл бойы ж­ұмыс істеткені туралы жазылған. Шал­­ғай ауылдағы оқушы мектебін бітір­­генше, жалғыз жолаушы үшін трам­вай қатынасын тоқтатпау – Жапо­­ния­ның жасампаз рухты ел еке­нін көрсетеді. Ал бізде жалғыз оқу­­­шы­­ның тағдырын ойламақ түгі­­лі, жүз­деген мектеп жабылып жатыр.
– Қазіргі кезде шалғай ауыл­дардағы халықтың қалаларға қоныс аудару үрдісі де толастамай отыр емес пе?
– Шекаралық аудандардағы халық санының күрт азаюы қиын-қыстау кездегі оңтайландырудың оңай тимегенін білдіреді. Шекара­лық аудандар тараған кезде жыл сайын көптеген мектеп жабылып, сол кезеңде 80-ге жуық ауыл толық жойылып кеткені баспасөзде талай жазылды да.
Жалпы еліміз бойынша шекара­лық аудандардағы халық саны барған сайын азайып келеді. Өйт­кені, жыл сайын кемінде 3-4 мың­ға жуық тұрғын облыс, аудан орта­лық­тарына қоныс аударады. Егер бұл елдің етегін жалаңаштап жат­қан екпінді дереу тоқтатып, шұғыл шара қолға алынбаса, шекара шебіміз селкеу тартады деген сөз. Себебі, шекараның мықты болуы – ондағы әскерлердің санына ғана емес, шеп бұзбай оты­ратын халықтың санына да байла­нысты екені әлімсақтан әйгілі жайт.
– Шекаралық аудандардағы халықты тұрақтандыру үшін Үкімет тарапынан қандай шара­лар қабылдануы керек деп ойлайсыз?
– Шекаралық аудандарда халық­­ты тұрақтандыруға, шоғыр­лан­­дыруға қатысты тиісті бағдар­лама қабылдаумен қатар, бірінші кезекте, шекаралас ауылдарға қа­т­ыс­ты орта мектептің норма­тив­терін 81 баладан 41 балаға дейін түсіру қажет деп санаймын. Ең бастысы, шекаралық ауылдардағы мектептерді сақтап қалу үшін олар­дағы оқушылардың тиісті шекті мөлшерін кемітуді қолға алу керек.
Сонымен қатар, бұл аудандарда кәсіпкерлікті дамытуға, жас маман­­дар­дың қияндағы алыс ауыл­дар­­ға барып, тұрақтап қалуы­на, жер­гілікті тұрғындардың әлеу­мет­тің жағ­дайын көтеруге, сон­дай-ақ, таби­ғи мүмкіндіктері бар аумақ­тар­да туризмді дамытуға бағыт­­тал­ған ын­та­ландыру шара­ларын қа­былдау мүмкіндіктерін қарастыру қажет.
Әңгімелескен
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дерек көзі - egemen.kz