https://qazaquni.kz/basty-makalalar/159924-azat-peruasev-alas-ideyasy-ar-qazaqtyn-qanynda-bar
Қазақстанның саяси сахнасында өзіндік орны, қоғам алдында абырой-беделі бар «Ақ жол» партиясының құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр.
Түрлі қиындықтардан өткен, тағдыры күрделі партияның бағындырған мерейлі белесінде бір сәт өткенге зер салып, атқарылған қыруар жұмысқа әділ баға берген дұрыс деп білеміз.
Алаш идеясы, ұлттық экономикалық мүдде, әлеуметтік теңдік, жемқорлық және монополиямен күрес секілді көптеген өзекті де өткір мәселелерді басты назарда ұстайтын «Ақ жол» партиясының Мәжілістегі депутаттық фракциясы Парламенттің белсенділік рейтингінде көш бастап тұрғаны да заңдылық.
Олай болса назарларыңызға «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевпен өрбіген өзекті сұхбатты ұсынамыз.
- Құрметті Азат Тұрлыбекұлы! Жұмыс кестеңіз қарбалас болса да, уақыт тауып сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс білдіремін. «Ақ жол» партиясы елге еселі еңбек етіп жүргеніне биыл 20 жыл толып отыр екен. Құтты болсын! Бүгінде партияның Қазақстанның саяси аренасындағы орны қандай деп ойлайсыз?
- Енді «Ақ жол» партиясының саяси сахнадағы орны белгілі. Меніңше, еліміздегі ең беделді партияның бірі. Әсіресе, Қаңтар қасіретінде «Ақ жол» партиясы өзінің ұстанымы қаншалықты халыққа жақын, саяси бағдарламасының қаншалықты өзекті екендігіне тағы да көзіміз жетіп отыр. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын қабылданған партиямыздың саяси бағдарламасында Тәуелсіздігімізге үлкен үш қауіп-қатер төніп тұрғанын айтқан болатынбыз. Бұл, біріншіден, әлеуметтік теңсіздік, яғни, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықтың күрт өсіп кетуі. Екіншіден, әділетсіздік пен жемқорлық. Үшіншіден, саяси және экономикалық монополия. Ел экономикасындағы ең табысты салалар мен бизнестер 162 адамның ғана қолында. Шағын және орта бизнес, қарапайым халық банкке қарызға белшеден батып кеткен. Банктердің иелері де сол тізімнің ішіне кіретінін барлығы біледі. Кез-келген өндірістің үстінен бір монополистің мойны қылтиып шығып тұрады. Мәселен, біздің партиямыз 2017-ші жылдан бастап теміржол тасымалына байланысты сауалды бірінші рет көтерген болатын. Біздің депутаттық сауалдарымыз бен Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін теміржолмен жүк тасымалдағаны үшін кәсіпкерлерден ақы алатын монополистердің тарифтерін 12 есеге төмендетті. Яғни, олар тарифті 12 есеге негізсіз көтеріп тастаған. Енді біз сол теміржол бөліктерін оны пайдаланатын өндірушілердің өздеріне қайтару керек деген мәселені көтеріп отырмыз. Кезінде 2016-2017-ші жылдарда ол теміржол бөліктері соттың заңсыз шешімдерімен өндірушілерден тартып алынған болатын. Халықтың өміріне тікелей қатысты коммуналдық шаруашылық саласын алып қараңыз, тіпті. Қызмет көрсететін компаниялар мен тұтынушылардың арасында делдал болып, ештеңе тындырмаса да ақы алып отырған операторлар жетіп артылады. Оның барлығы тұрғындардың қалтасына қосымша ауыртпалық түсіреді. Міне, экономикалық монополия деген осы. Бұл үлкен мәселе.
Ал, саяси монополия деген не? Мысалы, дамыған елдерде билік партиясы екі-үш сайлау сайын өзгеріп тұрады. Ал, бізде қандай дағдарыс болса да билік партиясы ауыспайды. Сайлаулардың ресми нәтижесін көрсеңіз, олардың көрсеткіштері 70 пайыздан төмен түспейді. Әрине, мұндай көрсеткіштерге көпшілік сенбейді. Саяси монополия деген осы. Түрлі жолдармен басқаларды билікке өткізбеу, не болса да билік үстінде қалып, мемлекеттің барлық қаржысы мен құзіретін өз қолынан кетірмеу. Ал, саяси жүйені өзгертпей, яғни, басқару жүйесін өзгертіп, жемқорлықты жоймай экономикалық өзгерістерді енгізу мүмкін емес. Яғни, осы монополияны сындырып ғана, әлеуметтік-экономикалық дамуға жаңа серпін, жаңа бағыт бере аламыз. Біз саяси бағдарламамызда бұл туралы айтқан болатынбыз: билік келіссе де, қарсы болса да, түбегейлі өзгерістер басталады, себебі, оған жағдай да, халық та әбден пісіп жетілген. Сол өзгерістер биліктің өз басқаруымен жүргізіле ме, әлде, тәртіпсіз, аяқ асты түрде жүзеге аса ма, мәселе сонда ғана. Екі жыл бұрын айтқан осы сөздеріміз бүгінде шындыққа айналды. Яғни, «Ақ жол» партиясының саяси ұстанымы, көзқарасы өз өміршеңдігін, халық үнімен үндестігін айқын көрсетті.
«Ақ жолдың» басты ерекшелігі осы. Біз мемлекеттік, әлеуметтік-экономикалық жүйедегі кемшіліктерді құр айтып ғана қоймай, оны оңтайлы шешудің, түйткілді мәселенің түйінін тауып реттеудің жолдарын қоса ұсынамыз. Ия, парламенттік оппозиция болғасын көп ұсынымызды билік тыңдағысы келмейді. Келмегенмен «заманына қарай адамы» демекші, біздің бағытымыз дұрыс екенін уақыттың өзі дәлелдеп беріп жатыр.
- Жаңа өзіңіз де бір тақырыптың шет жағын тарқатып бердіңіз. Сайлаудағы көрсеткіштердің әділетсіздігі бар, сосын жалпы, партиялардың жұмысын электорат санымен бағалау қаншалықты орынды?
- Жасырып жабатыны жоқ, бұл қолдан жасалған нәрсе. Мысалы, кеше ғана Оңтүстік Кореяда президенттік сайлау өтті. Біреуі 49, екіншісі 48 пайыз дауысқа ие болған. Алысқа бармай көрші Өзбекстан мемлекетін алып қараңыз. Соңғы парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия 34 пайыз ғана дауысқа ие болған. Ал, біздегі 70-80 пайыз деген көрсеткіштерге кім сенеді? Сайлауда 99 пайыз көрсеткішпен жеңіске жету Солтүстік Корея, Сирия, Ливия секілді диктаторлық-тоталитарлық жүйедегі мемлекеттерге ғана тән. Тіпті, Ресейдің өзінде де «Единая Россия» партиясы 49 пайызбен жеңіске жеткен.
Сайлаудағы мұндай жалған көрсеткіштер қайдан шығады? Кез-келген облыс, қала, аудандардағы әкімдер билік партиясының филиалдарын басқарып отыр. Барлық мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік, коммуналдық мекемелер, тіпті, мемлекеттік сатып алумен күн көріп отырған кәсіпкерлер, барлығы «Нұр Отанға» мүше болуға міндетті. Студенттерді сайлауға жіберіп, дауыс берген бюллетеньдерін суретке түсіріп декандарға есеп беруге міндеттеген қаншама жағдайларға куә болдық. Бұл – зорлық! Бұл демократияға қарсы қылмыс. Жастарды алаяқтыққа итермелеу. Әлден осындай мемлекеттік деңгейдегі жалғандыққа араласуға мәжбүр болған жастар қалай өз елінің патриоты болады? Мұндай әрекеттер ұрпағымыздың болашағына балта шабу. Әділ сайлау – өркениетті келешектің кепілі.
Сондай-ақ, барлық мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары, телеарналар, газеттер, сайттар тек билік партиясын насихаттап, ал басқа партиялардың қандай да бір маңызды шаралары болса да, оны көрсетпеуге, жасырып-жабуға тырысады. Тіпті, әрбір мемлекеттік органның жанындағы «нұрбот» фермалары бар екені, олардың қызметіне бюджеттен миллиондар жұмсалатыны белгілі. Әрине, бұлар билікке не билік партиясына қарсы бірдеңе айтылса, қаптап талайтынын жақсы білеміз, өзіміз де көргенбіз...
Ал, электоратқа келсек... Саяси партиялардың салмағы формалды тізіммен емес, қолдаушылардың санымен есептеледі. Тіркелген мүшелердің емес, шын қолдаушылардың санымен! Көптеген демократиялық елдерде саяси партиялардың мүшелер тізімін көрсету талабы да жоқ. Мысалы, «Ақ жол» партиясына өткен сайлауда 800 мыңға жуық адам ресми түрде дауыс берген. Ал, тіркеуден өткен 250 мыңнан астам мүшеміз бар. Міне, бұл партиямыздың саяси салмағының нақты көрсеткіші. Бірақ, ол да «Нұр Отанның» сайлау комиссиясы шығарған «нәтиже», ал, шын қолдаушыларымыздың саны одан да көп. Меніңше, біз сайлаудағы қолдаушылар санына сүйеніп, ресми тіркеулерден бас тартауымыз керек.
- Мәжілісте «Ақ жол» фракциясы құрылғанына 10 жыл болды. Осы уақытта қандай негізгі мәселелердің шешімін табуға түрткі болды? Басты-бастысын атай кетсеңіз?
- «Ақ жол» фракциясының осы 10 жылда атқарған жұмысы қыруар. Ел алдындағы болсын, кәсіпкерлер алдындағы болсын өз міндеттемелерін адал, абыроймен орындап келеді.
Өткенде ғана тәуелсіз журналистердің Мәжіліс жұмысын сараптаған рейтингінде біздің фракция көш бастады. Парламенттегі ең нәтижелі депутаттардың тізімін фракциямыздың депутаттары Серік Ерубаев пен Қазыбек Иса басқаруда. Шындығында, фракциямыздың барлық депутатының белсенділігі жоғары. «Ақжолдың» депутаттық сауалдары ұлттық экономика, кәсіпкерлер мүддесі, мемлекеттік тіл, Алаш мұрасы, спорт, білім, Қаңтар оқиғасының әділ зерттелуі, нәтижесі бойынша парламенттік тыңдау өткізу, бейбіт митингке шыққан жазықсыз жастарды босату секілді көптеген өзекті тақырыптарды қамтыған.
Атап айтсақ, Мемлекеттілік пен Алаш ұлттық идеясын насихаттау, шағын және орта бизнесті қорғау, жемқорлықпен, деофшоризациямен күресу, демократия мен парламентаризм, әлеуметтік теңдік секілді бағыттар бойынша өткір тақырыптарды көтеріп келеміз.
«Ақ жол» фракциясының табанды күресі, өткір даулары нәтижесінде 2017 жылы он жылдық күрестен кейін қылмыстық кодекстен «жалған кәсіпкерлік» деген бап алынды. Осыған байланысты талай кәсіпкер түрмеден босатылып, мыңдаған бизнеске қатысты қылмыстық іс жабылды.
«Ақжолдың» 5 жылдық күресінің нәтижесінде 2018 жылы салықтық тексерулердің мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. Бұдан да басқа талай ұсыныстарымыз іске асуда.
Осы секілді жетістіктерді жіктеп тауысу мүмкін емес. Біздің әрбір сауалдарымыз бен оның нәтижелері БАҚ-та тұрақты жарияланып отырады. Көзіқарақты жұрт оның бәрін біліп, көріп отыр.
Оған қоса 2013 жылы "Ақ жол" фракциясы"Парламенттік оппозиция туралы" тарихи заң жобасын енгізді. Ұзақ жылғы тартыстан кейін Мемлекет басшысының қолдауымен ол заң ақыры қабылданды.
- Тәуелсіз журналистер демекші, өткенде ғана өзіңізден сұхбат алған ютубтағы белгілі бір арна журналисінің «Президенттің жолдауы «Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасымен үндес келеді екен» деп таңданып, сізге сауал қойған сұхбатыңызды көріп ем. Жалпы, Президенттің саяси реформаларынан «Ақ жол» партиясы не күтеді?
- Ия, ол рас. Тіпті, бізге қарсы журналистердің өздері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауы «Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасымен сәйкес келетіндігі туралы айтып жатыр. Бұл нені білдіреді? Яғни, «Ақ жол» ресми сахнада шын демократиялық ұстаныммен келе жатқан жалғыз партия. Оған қоса 20 жылда талай тауқіметті бастан кешірдік. Біздің саяси бағдарламамыз нағыз демократиялық ұстанымдарды дамытуға арналған. Оның ішінде, парламентаризм, билік органдарының қоғам алдында есеп беруі, бір палаталық парламентке көшу, Ассамблея квотасынан бас тарту секілді көптеген өзекті дүниелер бар. «Ақ жол» парламенттік жүйені, парламенттік республикаға көшу, ашық және әділетті сайлауды өткізуді қалайды.
- Алаш демекші, «Ақ жолдың» Алаш идеясын насихаттаудағы үлесі зор екенін білеміз? Бұл бағыттарыңыз қазір елдің ұлтшылдық санасы күшейіп келе жатқанда күшейе түсе беруі үшін қандай жоспарларыңыз бар?
- Әрине, біз оны жалғастырып ғана қоймай, күшейтеміз де. Себебі, қазақ үшін Алаштан асқан идея жоқ. Қаншама жылдар бойы билік өкілдері «ұлттық идея» деп түрлі бағдарламалар әзірледі. Оның бәрі жыл өтпей ұмыт болып жатыр. Ал, Алаш идеясын кеңес үкіметі де, большевиктер де, қызыл әскерлер де жоюға тырысқанымен, ол уақыт өткен сайын елдің санасына сіңіп, халықпен бірге жасап келеді. Біз елді біріктіретін Алаш идеясын көтерген соң, маған жан-жақтан партия атауын «Алаш» деп өзгерту туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Менің көзқарасым біреу – Алаш идеясы барша халыққа ортақ. Оны жеке иемденуге ешкімнің құқығы жоқ. Сол үшін біз ары қарай да Алаш туын биік көтеріп, Алаш идеясын насихаттауға бар қажыр-қайратымызбен қызмет етеміз.
- 1937 жылғы зұлматта Алаш идеясын ұстанғаны үшін құрбан болған атаңыз Перуаш Кәрімұлының құжаттары табылғанда қандай сезімде болдыңыз?
- Мен бала күнімде әкемнен «Неге атамыз жоқ?» деп сұрайтынмын. Басқа балалардың аталары бар, соларға қарап қызығамыз. Әкем «Оны жаман адамдар түрмеде өлтірген» деп қысқа ғана қайыратын. О кісі өмір бойы жоғарғы сотқа, өзге де мемлекеттік органдарға атамыздың тағыдырына қатысты хаттар жолдаумен болды. Бір рет жоғарғы соттан «Перуаш Кәрімұлы реабилитирован посмертно» деген жауап та келген.
Уақыт өте келе, мен Мәжіліс депутаты болып отырған кезімде, тиісті органға қайтадан хат жібердім. 2013 жылы күзде «Ақ жол» партиясының кезекті Президиумының басталуына жарты сағаттай уақыт қалғанда маған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бір қызметкері келіп бір құжаттар әкелді. Онда атамызға қатысты деректер табылғаны, онымен танысуға болатындығы туралы жазылған. Біз өзіміз үш ағайындымыз ғой. Барып таныстық. Сөйтіп, атамызға қатысты құжаттардың 70 жыл бойы неліктен жасырын жатқаны белгілі болды. Олар бір топ болған екен. «Шайшық Олжабаев пен басқа да топтың қылмыстық ісі» деп аталған екен іс. Жеті адам, менің атам ең жасы болған екен. Олар Алаш арыстарының идеясын насихаттап, шығармаларды таратқан. Істі жүргізген тергеуші «Ұлтшылдық пен контрреволюциялық, антисоветтік әректі үшін. Алашорда стихиясын таратқан» деп айыптау жазған екен оларға. Яғни, басуға келмейтін, табиғи күшке ие қозғалыс болған. Өте дұрыс атап көрсеткен, меніңше, тергеуші. Себебі, Алаш идеясы әр қазақтың қанында, тегінде, рухында бар.
Мен Ресейде оқыған кезімде Робет Конквест деген америкалық зерттеушінің ашаршылық туралы кітабы қолыма түсті. Онда алашорда арысы Смағұл Сәдуақасұлы туралы деректер келтірілген. Сөйтіп, Алаш тақырыбымен қызыға бастадым. Ал, «Ақ жол» партиясына келгелі бұл идеяны насихаттауды бірден қолға алдым. Себебі, мен үшін Алаш идеясы жай ұран емес. Өз атам Алаш идеясы үшін құрбан болғасын, бұл идеяға қызмет ету біздің әулетіміздің борышы.
Қазақта «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген ұлағатты сөз бар ғой. Өкінішке орай, атамыздың көзін көрген, оның сүтпен жазылған дастанын көзінің қарашығындай сақтап бізге жеткізген шәкірті Бикүл апамыз екі жыл бұрын дүние салды. Соңғы шәкірті Амантай ақсақал да жақында ғана қайтыс болды. Амантай ақсақал Малтабар ауылындағы мектепке Перуаш Кәрімұлының есімін беруге өзі ұйытқы болған. «Ауылда алғаш мектеп салып, ел ішіне білім нұрын алып келген Перуаш Кәрімұлы еді» деп өсиет айтқан еді. Осы асыл кісілердің көзін көру, талай кездесіп, әңгімелесу бақыты бұйырды маған.
- Парламенттегі халық үнін білдіріп отырған конструктивті оппозициялық “Ақ жол” партиясының 20 жылдығына орай айтар тілегіңіз?
- Партиямыздың барлық бүгінгі де бұрынғы мүшелерін құттықтаймын. Сіздердің еңбектерінің, ерліктеріңіз бүгінгі заманда, жаңа заманда өзекті. Әсіресе, алғашқы жылдары «Ақ жол» белсенділері талай қысым көрді. «Ақ жол» партиясы парламенттік дәрежеге ие болып, 2012 жылы партия ардагерлерін мемлекеттік наградаға ұсынған болатынбыз. Сөйтіп, Президенттің Жарлығымен партия құрылуының басы-қасында жүрген екі азамат «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Соның ішінде, Талдықорғанда Құдайберген есімді партия ардагеріне медаль тапсырдым. Оның сол кезде айтқан сөзі әлі есімде: «Заман өзгеріп бара жатыр дегенге көзім жетіп отыр. Он жыл бұрын бізді қудалап, қолымызға кісен салып, темір торға қамап еді. Қазір сол үшін бізге мемлекеттік наградалар табыстап отыр» деп еді. Расында да, партияның жолы оңай болмады. Түрлі даулар орын алды, партия екіге бөлінді, өзге партиямен бірігіп, қайта бөлініп, талай қиындықтардан өтті. Сондықтан, партияны құрған адамдарға да, түрлі себептермен партиядан шығып кеткендерге де, кейіннен қатарға қосылғандарға да, бөліп-жармай, барлығына алғыс айтамын. Осы партияның құрылуы басында тұрған біраз адам қазір де «Ақ жолдың» жетекші органдарында бар.
Менің партия басшысы болғалы мақсатым оның таңдаған жолын кеңейтуге, дамытуға ғана бағытталды. Әрине, көптеген жаңашылдықтарды, Алаш идеясы, кәсіпкерлікті қолдау секілді бағыттарды қостық.
Әсіресе, соңғы Қаңтар оқиғасы партиямыздың ұстанымы, жолы дұрыс екендігін көрсетіп отыр. Барша «Ақ жолдықтарға» осы жолдан таймай, табанды еңбек етіп, еліміздің дамуына ортақ үлесімізде қосуға шақырамын. Ақ жол!
- Рақмет сұхбатыңызға!
Сұхбаттасқан: Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні