Кеше «Ақ жол» демпартиясы Алматы облыстық
филиалының төрағасы Мейраш Шынасылова мен Алматы қалалық филиалының төрағасы,
қалалық мәслихат депутаты Олжас Нұралдиновпен бірге Алматы мен Алматы облысының
бірқатар кәсіпорындарын аралап, «Асфальтбетон 1» ЖШС, АЖҚК (Алматы жол құрылыс
кәсіпорны) және «KZ Recycling» ЖШС еңбек ұжымдарымен тілдестік.
«Асфальтбетон 1» ЖШС-де асфальт пен битум
өндірісінің барысымен, операторлық орталықтар мен аккредиттелген зертханалардың
жұмыстарымен таныстық. «Асфальтбетон-1» – отандық мұнай өңдеу зауыттарына
тәуелділіктен қорғайтын, өнімнің өзіндік құнын төмендететін өзінің битум
өндірісі бар сирек жол құрылыс кәсіпорны.
Мұнда шамамен 700 жұмысшы еңбек етуде. Компания бюджетке жылына 4 миллиард
теңгеден астам салық төлейді.
Кәсіпорын директоры Бақтияр Абдуманапов былтыр "Асфальтобетон 1"
зауыты тап болған санитарлық аймақ мәселесін сәтті шешкені үшін «Ақ жол»
демпартиясына алғыс айтты. «Ақ жол» фракциясы депутаттарының Парламент пен Бас
прокуратураның алқа мәжілістеріндегі бірнеше мәрте депутаттық сауалдары мен
өткір мәлімдемелері нәтижесінде өндірісті сақтап қалу мүмкін болды. Сонымен
қатар, Б.Абдуманапов ЖШС алдында тұрған басқа да бірқатар мәселелерді атап,
мемлекеттік органдардың алдында көтеруімізді сұрады.
«АЖҚК» ЖШС заманауи құрал-жабдықтары
арқылы сапалы тротуар тақталарын, қабырға блоктарын және т.б. өндіреді.
Кәсіпорын жылына 1 миллиард теңгеге дейін салық төлеп, жұмыскерлерінің жоғары
жалақысымен мақтанады (айына 300 мың теңгеден астам). Компания басшысы Мустафа
Гагиев пен еңбек ұжымы отандық тауар өндірушілерді қолдап отырған «Ақ жол»
демпартиясына алғыс білдіріп, бизнес үшін бірқатар өзекті мәселені атап өтті.
«KZ Recycling» ЖШС зауытында бас директор Қанат Исабаев Өндірісті дамыту
қорының қолдауымен іске қосылған жаңа өндіріс желісін таныстырды. Компания
қалдықтарды өңдеп, одан нарықта сұранысқа ие заманауи қаптамалар шығарады. Ұжым
«Ақ жол» демпартиясына санитарлық аймақтар мәселесін шешкені үшін алғысын
білдірді, өйткені мемлекеттік органдардың рұқсатымен зауыт аумағына тікелей
іргелес жатқан аймақтарда нормаларды бұза отырып тұрғын үйлер салынған болатын.
Бұл өз кезегінде қалдықтарды өңдеудің тоқтатылып, 1000 қызметкердің жұмыссыз
қалу қаупін тудырған еді.
Сондай-ақ Қ.Исабаев жақын маңдағы тұрғын үйлерді зауыт жүйесіне қосуға
байланысты сарқынды суларды ластағаны үшін заңсыз айыппұлдардан қорғауды
сұрады. Бұл ретте зауыттан келетін судың анализдері нормаларға сәйкестігін атап
өту керек.
Басқа да өзекті мәселелер талқыланды.