11
Қантар

Азат Перуашев Алматы облысында бірқатар кездесулер өткізді

https://t.me/peruash/10664

Бүгін Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы мен Қонаев қаласында бірқатар кездесулер өткіздік. 1970 жылы сақ дәуірінің «Алтын адамы» табылған Есік қорғандарының мұражай кешені құрылысының барысымен таныстық. Қорғандарды зерттеу жалғасуда, бүгінде археологтарымызға оңтүстік кореялық мамандар көмектесуде. Бұл, әрине, қуантады, себебі, 90-жылдары мен Сеулдегі патшалар қорғандарында болып, олардың ұлттық тарихына қаншалықты мұқият қарайтындарын өз көзіммен көрген едім.

Ең қынжылтатыны – 2010 жылы ғана салынған мұражайдың қазіргі аянышты жағдайы. Көрменің өзі әсерлі болғанымен, ғимараттың төбесінен су ағып, қабырғаларының сыры кеткен.

Аудандық ауруханада болып, дәрігерлермен бірқатар тақырыптарды талқыладық: өткен пандемия (ол кезде бұл емханада 500-ден астам науқас емделген) және ДДҰ ескертіп жатқандай, оның қайта өршу қаупі (басшылықтың айтуынша, жинақталған тәжірибенің арқасында, емхананы қатаң режимге ауыстыру үшін бар болғаны 2-3 сағат жеткілікті).

Дәрігерлер деменцияға байланысты аурулардың күрт өсуіне назар аударуда: егер пандемияға дейін жылына мұндай науқас 3-тен аспайтын болса, бүгінде олардың саны 600-ге жуық.

Осы орайда әріптесіміз, «Ақ жол» демпартиясының тізімі бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидат, Альцгеймер және Паркинсон ауруларын емдеу әдістерінің авторы Шыңғыс Шашкиннің сәтті тәжірибесі туралы әңгімелестік.

Біздің әйгілі нейрохирургымызды мұнда жақсы таниды екен.

Сондай-ақ, қызылша ауруының өршуі, екпе мәселесі, жедел жәрдем бөлімінің жұмысы мен оны жабдықтау мәселесін талқыладық. Емхана КТ, МРТ, кардиологияның ерте диагностикасы, маммология және басқа да заманауи медициналық технологиялар қызметін ұсынады.

«Ақ жол» фракциясының ауыл медицинасын мобильді экспресс-диагностикалық жинақтармен және интернет-медицинамен жабдықтаудың өзектілігі туралы жақындағы сауалын талқыладық. Жауап нақты: жабдық өте қажет, мұндай аналогтар Швецияда және басқа да Еуропа елдерінде (біздің сұхбаттасушыларымыз сонда тәжірибеден өткен) кеңінен қолданылады, сонымен қатар отандық жабдықтар олардан әлдеқайда арзан болуы керек.

Ауруханадағы қызметкерлердің 60%-ға жуығы жас дәрігерлер мен медицина қызметкерлері, түрлі бағыттағы оңалту орталығын (ересектер және балалар бөлімшелері) ашу жұмыстары жүргізілуде.

Дегенмен, аурухананың күрделі науқастарды емдеудің толық цикліне жұмсалатын шығындарын жабу, емхананы жаңғырту және құрал-жабдықтарды сатып алу бойынша МӘМС жұмысына бірқатар шағымдар бар. Дәрігерлер аталмыш мәселелер бойынша «Ақ жол» фракциясына егжей-тегжейлі өтініш дайындап береді деп келістік.

Сондай-ақ, «Арба-Вайн» зауытына да бардық. Жанданып келе жатқан шарап өнеркәсібі қиын кезеңдерді бастан өткеруде: климаттың өзгеруі жүзім өнімінің төмендеуіне әсер етті, ал толығымен өз шикізатымен жұмыс істейтін компания үшін (кейбір дайын шарапты импорттаушылардан гөрі) төмен өнім өндірістің қысқаруын білдіреді. Дегенмен, шарапты араластыру бойынша жұмыс процесі жалғасуда, компания ассортиментін айтарлықтай кеңейтіп, болашаққа жоспарлар құруда. Саланы қолдау мәселелерін талқыладық.


Бұл ретте жүзім өсіруден жалпы бағбаншылық жағдайын да талқыладық. Еңбекшіқазақ ауданы экономиканың осы саласына маманданғанымен, диқандардың айтуынша, биыл бақша шаруашылығы Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидияланатын түрлерінің тізіміне енбей қалған. Ал жанар-жағармайға (мысалы, жүгері өсіруге) берілетін субсидиялар нақты қажеттіліктің төрттен бірін де өтемейді: мысалы, онда 18 литр дизель/гектар бөлу қарастырылса, механикаландыру нормалары бойынша көктемгі дала жұмыстарына  (жер жырту, тырмалау, себу) 70 литрденден де көп қажет және т.б.

«Ақ жол» демпартиясы Алматы облысы филиалының төрағасы Мейраш Шынасыловадан осындай бірқатар ескертуді жинақтап, партияның орталық аппаратына жолдауды сұрадым.

Облыс орталығында еліміздегі ең ірі макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорын – «Mareven» фабрикасында болдық. Компанияны шетелдік инвесторлар құрған (Жапония-Вьетнам), отандық тез дайындалатын азық-түлік нарығының 70 пайызын қамтып отыр.

Өкінішке қарай, өткен кезең үшін экспортқа шығарылған 7 миллиард теңгенің өнімі үшін ҚҚС қайтару мәселесі қайтадан туындап отыр. Екі жыл бұрын «Ақ жол» фракциясы салық органдарымен дауда компанияны қолдаған еді.

Мұндай жоғары сома Mareven өнімінің негізгі бөлігін (70 пайызы) экспортқа жіберуімен байланысты.

Бірақ, өкінішке қарай, жағдайдың жылдан жылға қайталануына байланысты инвесторлар қорытынды жасап, жаңа жылда саясатын экспортты жалпы өндірістің 30 пайызына дейін қысқарту бағытына қарай қайта қарауға мәжбүр.

Жоғалған көлемнің орнын толтыру үшін компания қазақстандық ұнды пайдаланса да Өзбекстанда зауыт ашуды жоспарлап отыр.

Бұл мемлекеттік органдардың бизнес-климат пен салық саясатына немқұрайды қарауының айқын  нәтижесі!

Бұл мәселені Парламентте көтеріп, кінәлілердің жазалануын талап етеміз.

Еңбек ұжымдарымен сөйлесіп, бірқатар сұрақтарға жауап бердік – мобильді аударымдарға салық енгізу туралы (көптеген жұмысшылардың өзін-өзі жұмыспен қамтыған туыстары бар, олар үшін жеке кәсіпкерлік ашу қиын емес, бірақ оны жабу мүмкін болмайды); жаңа Алатау қаласының болашағы туралы (зауыт жұмысшылары арасында бұрынғы Жетіген және Жаңа Арна ауылдарының тұрғындарын құттықтадым); медициналық сақтандыру жүйесіндегі олқылықтар, мемлекеттің 1,5 триллион БЖЗҚ қаражатын пайдалануы туралы және т.б.

Еңбек ұжымының сауалдарына Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев, облыстық филиал төрағасы Мейраш Шынасылова, Қонаев қалалық мәслихатының депутаты Сергей Горяной, 7 шақырылымдағы маслихат депутаты Абзал Сағымбекұлы да жауап берді.