20
Ақпан

Азат Перуашев Қарағандыдағы полиуретан бұйымдарын өндіретін «КазПолимер» ЖШС-не барды

Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының Төрағасы Азат Перуашев партия филиалының төрағасы Ермек Әбілдиннің, партия депутаттары мен белсенділерінің сүйемелдеуімен полиуретан бұйымдарын өндірумен 10 жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан «КазПолимер» ЖШС-на барды. Мәжіліс депутаты мен өзге де қонақтар үшін өндіріс орнына экскурсия ұйымдастырылды. 

Компания өкілдері полиуретан бұйымдарын өндірудің негізінде еркін құю тәсілі жататынын атап өтті. Құю технологиясы қысқа мерзім ішінде кез келген күрделіліктегі бұйымдарды шығаруға мүмкіндік береді. Полиуретан өнімдерін өндіру барысында компания әлемдегі жетекші өндірушілердің шикізатын пайдаланады, бұл өнім сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеді. Өнім сапасы шикізат компоненттерін сатып алудан бастап, дайын өнімді тұтынушыға жөнелтуге дейінгі барлық кезеңдерде мұқият бақылаудан өтеді. Кәсіпорында бұйымдарды конструкторлық-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес шығару толық бақылауда жүзеге асырылады. 

Техникалық бақылау бөлімі бұйымдардың геометриялық өлшемдерін, мәлімделген қаттылығын және сыртқы көрінісін қадағалайды. Сонымен қатар материалдардың физика-механикалық көрсеткіштерін бақылауға арналған зертхана жұмыс істейді. Мұнда Шор бойынша қаттылық (A және D шкалалары), үзілу және жыртылу беріктігі сияқты көрсеткіштер анықталады. Серіктестік келесі бағыттар бойынша қызмет атқарады:

-        тау-кен, мұнай-газ, металлургия, байыту және өзге де салаларға арналған жабдықтар үшін бұйымдарды жобалаудан бастап, сериялы өндіріске енгізу, тапсырыс беруші нысанында монтаждау және пайдалану кезеңі бойы жұмысын мониторингтеуге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асыру;

-        жоғары күрделіліктегі сорғы және басқа да технологиялық жабдықтарға сервистік қызмет көрсету, жөндеу және жаңғырту жұмыстарын орындау;

-        бөлшектер мен бұйымдарға қорғаныш полиуретан қабатын бүрку.

Сондай-ақ «КазПолимер» ЖШС күрделі бұйымдар мен металл конструкцияларын өндіруге арналған металл өңдеу бойынша заманауи станоктар мен жабдықтардың кең паркіне ие. Кездесу қатысушылары өндірістің техникалық жарақтандырылуы мен инновациялық деңгейін ерекше атап өтті.