20 ақпан 2023 жыл, “Ақ жол” демократиялық партиясының баспасөз қызметі
«Ақ жол» демпартиясының үгіт-насихат тобы тұтас ел аумағында жұртшылықпен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде. Бүгін Азат Перуашев бастаған үгіт-насихат тобы елордалық №3 автопарктің ұжымымен жүздесті. Шара аясында партияның саяси бағдарламасы таныстырылды.
«Ақ жол» демпартиясының саяси бағдарламасы алты негізгі бағыттан тұрады: Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы, демократия және парламентаризм, жемқорлықпен күрес және де-офшоризация, әлеуметтік теңдік, нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау, сыртқы саясат», - деді Азат Перуашев.
Жиналған қауым кездесу барысында өндіріс пен техникаға инвестицияны қолдауға қатысты сұрақтар қойды.
«2015 жылы кәсіпкерлік кодексті талқылау барысында «Ақ жол» демпартиясы депутаттарының бастамасымен бірнеше маңызды нормалар енгізілген. Мысалы, инвестор қаржы құйып, зауыт салса және бұл компания салығын төлеп, жұмыс орындарын ұстап, өнімін шығарып табысты еңбек етсе, онда бұл компанияларға мемлекет салынған инвестицияның 30% қайтарады. Бұл халықаралық тәжірибе, Германияда 50% қайтарады, Түркия, Қытайда және т.б. елдерде де осы тектес жеңілдіктер қарастырылған. Бізде Үкімет бұл норманы тек инвестициясының көлемі 20 миллион доллардан асатын ірі компанияларға ғана қатысты енгізді.
Бірақ, мұндай компаниялар табылып, инвестицияларын құйып, 20-30 млн долларға жаңа зауыттар салып, модернизациялаған соң, Үкімет Кәсіпкерлік кодекстің бұл нормасын орындаудан бас тартты. Бизнес қайтарылатын инвестиция көлемін ақшалай емес, жүктемені бөлу мақсатында салық есебінде алуға да келіскен, алайда, шенеуніктер бұл қадамға да бармады.
Одан бөлек, «Ақ жол» фракциясы екі депутаттық сауал жолдап, мұның мемлекет тарапынан жасалып отырған алаяқтық екенін айтқанда, үш жыл бойы инвесторларды «арбауына түсірген» үкімет артқы датамен бұл норманы кодекстен алып тастай салды.
Яғни, үкімет инвесторларды алдымен қызықтырып, артынша алдап соққан.
Өкінішке орай, мұндай мысалдар жетіп артылады. «Ақ жол» фракциясы бұл норманы қайтаруды талап етеді.
Сонымен қатар, біз кәсіпорындар табысының реинвестицияланған (қайтадан өндіріске құйған), яғни, техникаға, жабдықтарға, ғимаратқа салынған бөлігін ҰТС-тан босатуды ұсынып отырмыз. Бүгінде бұл норма бар, бірақ, ол тек ірі бизнеске қолданылады. Біз бұл норманы орта бизнеске қатысты да қолдану керек деп санаймыз», - деді партия лидері.
Сондай-ақ, автопарк жұмыскерлерді қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй және ипотекалық несие мәселесі де толғандырады. «Ақ жол» фракциясы бұған дейін өз депутаттық сауалдарында жастарды қолжетімді тұрғын үйлермен қамтуды көтерген болатын. Сол кезде, партия төрағасы көлемі шағын баспаналар салып, бірінші қабаттарында оқу орталықтарын, тігін цехтарын не шеберханаларды орналастыруды ұсынған еді. Сол арқылы жастарды үймен де, жұмыс орындарымен де қамтамасыз ету көзделген еді.
«Жыл сайын 300 мыңнан жарты миллионға дейін жастар қалаға ағылып келуде. Олардың не үйі, не тұрақты тіркеуі, не жұмысы жоқ. Сол кезде БАҚ бұл тақырыпты бұрмалап шығарған еді. Үкімет ұсынысымызды қолдамады. Қолдамағаннан бөлек, бұл мәселені шешу үшін өздері де ештеңе ұсынбады.
Жас отбасыларды ынталандыру үшін біз 2013 жылдан бастап әр бала туылғанда ипотекалық несиенің пайыздық үстемелерін 25%-ға субсидиялауды енгізуді табанды түрде ұсынып келеміз. Яғни, екінші бала туылғанда мемлекет ипотеканың 50% субсидиялайды, ал, 4-ші баласы туғанда, сол отбасы ипотекасының толық сомасына субсидия алуы қажет», - деді Азат Перуашев.
Автопарк жүргізушілері ауыр мамандық жұмыскерлері үшін зейнет жасын төмендетуді сұрады.
- «Ақ жол» Парламентте еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмысшылар – металлургтер, кеншілер, ыстық және қауіпті өндіріс жұмысшылары үшін 1 және 2 тізімдерді қайтаруды бірнеше рет ұсынды. Бірақ, үкімет пен билік партиясы мұндай ұсыныстарға тосқауыл қойып отыр. Біз бәрібір табандылық танытамыз, себебі, бұл топтағы көптеген жұмысшылар зейнет жасына дейін жетпейді», - деп жауап берді партия төрағасы.
Кездесуге қатысушылар партияның саяси бағдарламасын қолдап, өз ұсыныстарын білдірді.
«Біз президент Қ. Тоқаевтың конституциялық реформасын аяғына дейін жеткіземіз деп сенемін. Ол Конституциялық реформаның негізгі мазмұны парламентаризмді дамыту мен тежеу мен тепе-теңдік жүйесін қалыптастыру екенін атап өткен болатын.
Бірақ, шенеуніктердің бір бөлігі бұл реформаларды жүзеге асырмауға тырысып жатқанын, ал, үкімет экономиканы дамытудың орнына шеңбер бойын айналшықтап, сандарды салумен шектеліп жүргенін байқап отырмыз.
Атқарушы билік пен бюджетті бақылау бойынша парламенттің құзіретін нығайтып, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтерді парламент бақылауына қою керек. «Ақ жол» демпартиясы парламенттік республиканы жақтайды.
Ол үшін Парламент пен Маслихатқа ел тағдырына бей-жай қарамайтын адамдар келуі керек. «Ақ жол» демократиялық партиясы дәл сондай адамдардан құралған», - деп атап өтті Азат Перуашев.