Бүгін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасының жұмыс тобы «Ақ жол» фракциясының екі немесе одан да көп жеке кәсіпорын қатысқан жағдайда квазимемлекеттік компаниялардың мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуына тыйым салу туралы түзетуін қабылдады.
Осылайша, біз жеке кәсіпкерлердің мүддесін мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың бәсекеге жатпайтын қысымынан қорғап қалдық. Барлық жинақталған тәжірибе көрсеткендей, ақылға қонымсыз несие мөлшерлемелері бойынша қаржыландырылып, тырысып-тырмысып күн көріп жүрген жеке бизнес, әдетте, бюджеттен толассыз қаржыландырылатын, орасан зор әкімшілік ресурстарға ие мемлекеттік кәсіпорындармен физикалық түрде бәсекеге төтеп бере алмайды. Бұл жағдай бір кездері нарықтық экономикадан мемлекеттік монополия жүйесіне көшкен Қазақстан экономикасының сыни деформациясы себебінің бірі болды.
Жұмыс тобы қабылдаған «Ақ жол» фракциясының түзетуі жағдайды түзетуде шағын, бірақ сенімді қадам болады деп сенеміз.
Бұл шешім Президент Қ.Тоқаев 7 ақпанда өткен жаңа үкімет отырысында алға қойған ұлттық экономиканы ырықтандыру және мемлекеттің қатысуын азайту міндетіне толық сәйкес келеді деп есептеймін.
Айта кетерлігі, бастапқыда біздер бәсеке бар жерде мемлекет бизнестен шығып, оны нарыққа беруі керектігін ескере отырып, квазимемлекеттік кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысуына толық тыйым салуды ұсынған болатынбыз.
Бірақ Қаржы вице-министрі Дәурен Кенбейілдің қатысуымен өткен бірқатар кездесуден кейін жеке монополияның мемлекеттік монополиядан айырмашылығы шамалы екеніне келістік. Одан бөлек, жекелеген мемлекеттік кәсіпорындар жеке бизнес жоқ секторларда құрылған. Сондықтан, біз өз түзетуімізді егер мемлекеттік сатып алуларға екі не одан да көп бәсекелес жеке кәсіпорындар қатысса онда мемлекеттік компаниялар тендерден шеттетілуі қажет деп өзгерттік.
Ал олардың құрылтайшыларына (үкімет, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек», ұлттық компаниялар, министрліктер, әкімдіктер, ӘКК және т.б.) - құрылтайшылықтан шығып, мұндай құрылымдарды жеке бизнеске сату туралы ойланатын кез келді.
Ұсынысымызды қабылдаған Мәжілістегі жұмыс тобының төрағасы Руслан Қожаспаевқа және барлық топ мүшелеріне, дұрыс түзетуі үшін Дәурен Кеңбейілге (Қаржы министрлігі) алғысымды білдіремін. Жақында ғана сайланған Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовке де талқылау барысында белсенді қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын.