06
Наурыз

Cұхбаттар 06.03.2015

Азат Перуашев - «Орта бизнесті дамытпай, өзгенің өніміне тәуелділіктен құтыла алмаймыз» - Зан газетi (Алматы)

 
Жуырда Парламент Мәжілісінде Кәсіпкерлік кодексінің тұсауы кесілді. Осымен үшінші рет дайындалған құжат жобасының соңғы нұсқасын депутаттар қарсылықсыз қабылдап алды. Заң жобасымен жұмыс істейтін топ құрылып, тізгінін палатадағы Ақ жол фракциясының жетекшісі Азат Перуашев өз қолына алды. Құжаттың таныстырылымы пікірталасқа толы болды. Депутаттардың айтуынша, онда кәсіпкерлікті қолдауға байланысты бірқатар мәселелер назардан тыс қалған. Азат Перуашев бұл заң жобасында кемшіліктердің болғанына қарамастан, өзінің қолдайтындығын бірден білдірді. Мұның мәні неде? Оны депутаттың өзінен білсек.
- Азат Тұрлыбекұлы, сонымен көптен айтылып жүрген құжаттың жобасын қолдарыңызға алдыңыздар. Әріптестеріңіздің бірқатар сынына қарамастан сіз бүл құжаттың қажеттігін айтып, онымен жұмыс істейтін топқа жетекшілік жасауға ынта танытып отырсыз. Кәсіпкерліктің жілігін шағып, майын ішкен жанның бүл шешімінің бір салмақты негізі бары анық деген ойдамыз.
- Иә, бұл заңнамалық құжаттың қажеттігі жөнінде біз осыдан төрт-бес жыл бұрын мәселе көтерген едік. Алайда, ұсынысымызға сол кезде заң саласының мамандары, ірі академик ағаларымыз қарсы шыққан болатын. Бірақ, еліміздегі шағын және орта бизнестің бірден-бір қолдаушысы - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі осы заңды қажет деп тауып, Үкіметке оны дайындау жөнінде тапсырма берді.
Шын мәнінде, бүгінгі таңда шағын және орта бизнес экономиканың, халықтың әл-ауқаты деңгейінің бірден-бір айнасы. Әлемнің барлық елдерінде оның дамуы жөніндегі көрсеткіштер ішкі жалпы өнімдегі бизнес үлесінің деңгейімен айқындалады. Оның жоғары болуы ел экономикасында өсу, өркендеу бар дегенді білдіреді. Сондықтан, бизнесті қолдау, олардың тиісті заңнамалық құжаттармен қамтамасыз етілуі өте өзекті. Өкінішке қарай, бізде бүгінде бүл шарада жүйелілік, бір ізділік болмай отыр. Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жүзден аса заң баптары арасында қарама-қайшылықтың аз еместігі сыртында, оларды қажет кезде тауып, қолданудың өзі үлкен қиындық тудырады. Бұл әсіресе, өзі басшы, өзі бухгалтер, өзі заңгер болып жүретін, заң қызметіне қаржының тапшылығынан жүгіне алмайтын бизнес өкілдері үшін күрделі мәселе. Салдарынан олар міндеттерін дұрыс атқармауымен қатар, өздерінің де, құқықтарының да бұзылуына жол беріп жатады. Аталмыш заң жобасын жасау осындай олқылықты жою тұрғысында қажет шара. Менің оны қолдап, құжат бойынша құрылған жұмыс тобына жетекшілікті өз қолыма алуымның себебі осы. Рас, онда кемшіліктер аз емес. Біз енді заң жобасын қарау барысында оларды барынша азайтып, оның шын мәнінде кәсіпкерлікке қолдау жасаудың бірегей құралына айналуына күш салуымыз қажет.
- Сонымен, бүл құжаттың қазіргі таңдағы кемшіліктері қандай болып отыр? Сіздіңше онда қандай мәселелер қамтылмай қалған? Заң жобасын таныстыру барысында құжатты дайындаған құзырлы орын - Әділет вице-министрі оны негізі «Ұлттық экономика министрлігі дайындау керек еді» деген пікір айтып қалды. Соған қарағанда, бүл құжаттың көтеретін жүгі жеңіл болмайтынға ұқсайды.
Ол экономиканың маңызды буыны кәсіпкерлікке қатысты болғандықтан, онда теориялықтан гөрі өндіріске, тәжірибеге қатысты мәселелер кеңірек қамтылуы қажет сияқты. Ал, бүл шаралар Әділет министрлігінің құзырынан, мүмкіндігінен тыс жатқандай көрінді.
- Расында, бүл заң жобасында біраз мәселе қамтылмай қалып отыр. Бұл осы саланың тәжірибесіне қанық біздерге айқын көрінеді. Онда заңды дайындаған құзырлы орын сіз айтқандай теориялық, заңнамалық редакцияның дұрыстығына көбірек көңіл бөліп, тәжірибелік мәселелер толыққанды ескерілмей қалған. Мұны мен де құжатты тиісті сала мамандарының дайындамау салдары деп түсініп отырмын. Мәселен, кодекс жобасында кәсіпкерлікке қатысты жүзден аса құжаттың он бірі ғана қамтылыпты. Оған тым болмаса осы сала үшін маңызды деген отыз құжат біріктірілуі керек еді. Өкінішке қарай, олардың енбей қалғаны былай тұрсын, кейбір кәсіпкерлікке қатысы жоқ құжаттар кодекс жобасына қосылып кеткен. Соның бірі мәселен, техникалық реттеу мәселесіне қатысты заң. Негізі бұл құжат тұтынушылар құқығын қорғайтын, тауарлардың сапасын, қауіпсіздігін қадағалап отыру бизнеске емес, жалпы халыққа қажет құжат. Бүл заңның кодекске енгізілуі бизнесті осы жауапкершіліктен алшақтатып, оның тұтынушылар алдындағы міндетін жояды. Сол секілді, Кәсіпкерлік кодекстің Азаматтық процессуалдық кодекс мәселелерімен арақатынасы толықтай ашылып, айқындалмаған. Айталық, заңды тұлғаға жатпайтын, бірақ, солай бола тұра кәсіпкер болып саналатын жеке кәсіпкер (индивидуальный предприниматель) мәселесі қалай шешіледі? Осы сұраққа жауап жоқ. Және тағы бір маңызды жай - елімізге келіп жұмыс істеп жатқан шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен қарым-қатынас осы кодекстің негізгі мәселесі болуы керек болса, оны реттейтін заңнама бүл құжатқа енбей қалған. Мемлекеттің елу пайыз үлесі бар, яғни, квазимемлекеттік кәсіпорындар жұмысы да осы құжатпен белгіленуі керек еді. Алайда, ол да ескерілмепті. Ал, осы бюджеттің қаржысын пайдаланып отырған бұл ұйымдар бизнес нысаны ретінде кәсіпкерлікті тексеруге жарияланған мораторийға қамтылып отыр. Негізінде, бюджет қаржысын пайдаланып отырғандықтан, олардың жұмысы үнемі қадағалануы керек.
- Неліктен мұндай жағдай қалыптасты? Айқындалған талаптар бойынша заң жобаларын дайындау барысында мүдделі органдар, салалық қауымдастықтар қатысып, оның елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсері жан-жақты сараланады емес пе? Жалпы, шетел тәжірибесі бойынша бүл құжат қалай жасалады екен? Соны зерделеп көрдіңіздер ме? Жалпы, бүл құжат отандық кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді деп үміт артуға бола ма?
- Әрине, олардың бәрі қатыстырылған. Сараптама да бар. Бірақ, соған қарамастан құжатта осындай кемшіліктер жіберілген. Негізі, әлемдік тәжірибе бойынша, ол ең алдымен шағын және орта бизнес түрлеріне сипаттама, олардың құқықтары мен міндеттері жайлы түсініктемеден басталуға тиіс еді. Өкінішке қарай, біз одан басқаны былай қойғанда «Акционерлік қоғам деген не?» деген сұраққа жауап таба алмай отырмыз. Сонымен қатар, онда осы салаға қатысты барлық заңдар бірізге түсіріліп, қайшылықтары жойылып, біріктірілуі керек. Біздіңше, бұл құжат бизнестің барлық ұйымдарының құқы тең дәрежеде қамтылған құжат болуы керек. Өкінішке қарай, онда әдеттегідей тек шағын бизнеске қолдау басым сипат алған. Бүл дұрыс емес. Өйткені, тек қана саудамен айналысатын шағын бизнесті қолдап, біздің ел ешқашан да отандық тауар көлемін арттырып, импорттық өнімдерге тәуелділіктен арыла алмайды. Біздегі қазіргі теңгенің құнсыздануы, өзгенің өніміне кіріптарлықтың бір себебі - осы елдегі бизнесті қолдау саясатының шағын кәсіпкерлікке басымдық беруінен болып отыр. Орта бизнесті қолдауға ынта аз. Шын мәнінде, осы кәсіпкерлікке қамқорлық көп болса, бізде экономика алға басып, халықтың әл-ауқаты артар еді. Өйткені, оның тауар өндіруге, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндігі зор. Біз құжатты қарау барысында осы мәселелерді барынша қамтуымыз керек. Үкіметтің біздің бүл тұрғыдағы ұсыныстарымызды қолдайтынына сеніміміз зор.
- Әңгімеңізге рақмет.