Азат Перуашев, Парламент Мәжілісінің депутаты: «Нұрлы Жол» – қазіргі сын-қатерлерге жауап /Жазып алған Әлисұлтан Құланбай/ - Егемен Казахстан (Астана)
– Мемлекет басшысының жария еткен «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясаты – қазіргі сын-қатерлерге Назарбаевтың жауабы. Дәлірек айтқанда, Елбасының бұл Жолдауы ел экономикасын жаңа пішінге көшіре отырып, қауіп-қатерлерді ел алдындағы жаңа мүмкіндіктерге айналдыруға бағытталған, – деп бастады әңгімесін Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев. – Ондағы мәселелер әркездегідей күтпеген жерден және нысанаға дөп тиіп отыр. Мен мұндай стильді «Назарбаевтың рапирасы» деп атар едім. Өйткені, бокста да және семсерлесуде де көптеген әдістер қарама-қарсы жүріс пен қарсы соққыларға негізделеді. Контрциклдық әдіс – бұл экономикада мақсаткерліктің және қарсы синергияны пайдаланудың осындай қағидаттарын қолдану дегенді білдіреді.
Нарықтық реформалар мен еліміздің экономикасына алғашқы инвестицияларды тарту, сондай-ақ, ұлттық валютаны енгізу кезеңінде де осылай болып еді. Тіпті, 2008-2009 жылдарда бүкіл әлем дағдарыс қыспағынан қалай шығамыз деп жанталасып жатқанда, біздің Президентіміз үдемелі индустрияландыру бағдарламасын бекітіп, экономиканы жаңғыртуға және әртараптандыруға, сол арқылы оны жаңа деңгейге шығару міндеттерін қойған болатын.
Жолдау тек біздің елде ғана жаңғырық тудырған жоқ. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған бұл Жолдауына алыс-жақын шетелдердің саясаткерлері мен сарапшылары да үлкен қызығушылық танытып отыр. Мысал үшін айтайын, Жолдау жария етілген күннің ертеңінде маған Жолдау бойынша сұрақтары бар мәскеулік журналистер хабарласты. Осының өзінен-ақ көптеген елдер осы құжатты мұқият зерттеп жатқандықтарын білдіреді.
Бұдан көп уақыт бұрын да Президент мұндай жұмылдыру мен икемді де оңтайлы әрекеттердің бастамашысы болғанын атап өтуіміз керек. Бұған мысал ретінде кезіндегі Ұлттық қорды құрудың төңірегіндегі пікірталастарды алуға болады. Сонда көптеген саясаткерлер мен сарапшылар қордағы қаражаттарды халыққа бөліп беруді ұсынғаны есімізде. Тіпті, олар қордағы қаржы әр адам үшін бір жылға 17 мың теңгеден келетіндігін де есептеп қойған екен. Бүгінгі күні 17 мың теңге деген не? Сол ақшаны әлдеқашан-ақ ішіп-жеп, той-томалаққа жұмсап көзін құртар едік. Осы Ұлттық қордағы қаржының арқасында көптеген қиындықтарды еңсере білдік, проблемаларды шеше алдық. Еліміздің экономикасын дамытып келеміз. Ұлттық қордың басқа да салаларға тигізіп жатқан пайдасы аса зор. Ал бүгінде сол айтқыштар Ұлттық қордың құрылуына өздерінің де қатысқандығын мақтанышпен айтып жүр. Жеңістің иегерлері көп деген осы шығар.
«Ақ жол» партиясы Президент Жолдауын сол күні-ақ Парламенттегі фракция отырысында барлық облыстық филиалдардың қатысуымен бейнеконференция режімінде талқылады. Қазіргі кездегі Батыс пен Ресейдің өзара санкциялары, энергия ресурстар мен шикізаттарға бағаның құлдырауы бюджет кірістерін төмендететіні анық. Бұлардың барлығы бізді таңдау жасауға итермелейтін қиындықтар. Осыған ұқсас жағдай 2007-2008 жылдары орын алған еді. Сол кезде біздің еліміздің дағдарысқа қарсы қабылдаған бағдарламасы әлемдегі ең сәтті бағдарламалардың бірі болды.
Ал қазіргі таңдағы жағдай бұдан да күрделірек. Сондықтан оған қатысты шаралар да едәуір ауқымды. Нақты айтар болсақ, Парламентте бизнестің үні болып табылатын «Ақ жол» партиясы Жолдауда алға қойылған міндеттерді толықтай қолдайды. Себебі, экономиканың нақты секторы – азық-түлік, химия өнеркәсібі, машина жасау, қызметтер көрсету саласындағы шағын және орта бизнесті несиелеу үшін 100 млрд. теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға дейін 50 пайызға дейін ұлғайту міндеті алдымызда тұр. Бұл өте өзекті мәселелер болып табылады.
Осы тұста атап өтейін, «Ақ жол» партиясының фракциясы 2013 жылғы 19 желтоқсандағы Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында шағын және орта бизнес қызметінің алғашқы жылдарында оларды тексерулерден босату жөнінде мәселе көтерген болатын. Бұған бұрынғы Үкімет «тек шағын кәсіпкерлік субъектілерін ғана тексеруден босату туралы позицияны ұстану орынды» деп жауап берген еді. Осы арқылы біз шағын бизнестің әрі қарай орта және ірі бизнеске өсуге деген ынтасы мен ұмтылысын төмендетіп отырмыз. Өйткені, кәсіпкерге аз салық төлеу үшін бір қызметті бірнеше жеке кәсіпорынға бөліп тастаған әлдеқайда тиімдірек. Бұл бизнесті ұлғайтудан бас тарту деген сөз. Ірі өндіріс орындарынсыз экономиканың инновациялық және технологиялық дамуы мүмкін емес.
Шағын бизнес – бұл көбіне сауда, қызметтер көрсету және шаруа қожалықтары. Жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып отырғандығы үшін оларға да мемлекеттік қолдау қажет. Бірақ, экономиканы индустрияландыру және технологиялық дамыту, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін жою өңдеуші кәсіпорындар мен орта бизнессіз мүмкін емес. Сондықтан орта бизнесті де қолдау маңызды. Ал дайын өнім өндіретін өңдеуші өнеркәсіптің кез келген кәсіпорны, олардағы жабдықтардың құны мен өндірістік инфрақұрылымының ауқымдылығы шағын кәсіпорындардың аясына сыймайды. Еуроодақта да, БСҰ-ның көптеген елдерінде де, Кеден одағындағы әріптестеріміз – Ресей мен Белоруссияда да тек шағын бизнес қана емес, сонымен бірге, орта кәсіпкерлікті қолдау заң деңгейінде іске асырылады. Сол себепті «Ақ жол» партиясы орта бизнесті қолдау бойынша нормаларды Кәсіпкерлік кодексінің жобасына арнайы бөлім ретінде қосуды ұсынды.
«Тұрғынүйқұрылыс жинақ банк» АҚ жүйесіндегі қалыптасқан проблемаларды «Ақ жол» партиясының депутаттары соңғы бір жарым-екі жыл көлемінде көтеріп келеді. Өткен жылы осы жағдай Мемлекет басшысының әділ сынына ұшырады және қазіргі күні «жіберген қателіктерімен жұмыс» жүргізілуде. Қалай болғанда да, мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үйдің жетіспеушілігі адамдарды ипотекалық несие алуға итермеледі. Ал ипотеканы әлемдік, тіпті еуропалық өлшеммен қарағанда да, жоғары табысты адамдар үшін тұрғын үй алу мүмкіндігі болып саналады.
Алайда, біздің елде аз мөлшердегі табыстары бар азаматтар бұған баруға мәжбүр болып отыр. Нәтижесінде ипотеканың шарттары оларды жоқшылыққа ұшыратып, дүние мүліктерінен айырып, әлеуметтік шиеленіске дейін соқтыруда. Тіпті, бақуатты деген Еуропа мемлекеттерінің 60 пайыздан астам тұрғындары мемлекет салып берген және ұсынған жалдамалы пәтерлерде өмір сүреді. Сондықтан да ипотекаға ең дұрыс балама тұрғын үй мәселесін мемлекеттік құрылыс есебінен шешуге болар еді. «Ақ жол» партиясы осы тәсілдемені Қазақстанда да пайдалануын шындап қолдайды. Бұл өте маңызды, өйткені, қарапайым адамдардың мүдделерін көздеген бұл тапсырманы Елбасымыздың өзі беріп отыр.
Дерекнама - Егемен Казахстан (Астана), № 250 (28473), 24.12.2014