Шымкентте
партиямыздың Бақылау комиссиясының төрағасы Болат Өтепбаев, "Ақ жол"
демпартиясы қалалық филиалының төрағасы Батырбек Әшірбаев, Шымкент және Атырау
облысындағы депутаттарымызбен бірге биыл сәуір-мамыр айларында президент
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Атырау облысындағы су тасқыны кезінде
тұрғындарды эвакуациялап, бөгеттер салуға қатысқан әскери бөлімдерге барып
қайттық. Сарбаздар, сержанттар мен офицерлер осы кезеңде өз мемлекетін
табиғаттың долы күшінен қорғап, табандылық танытып, ерік-жігерлерін көрсетті. Атыраулық
«Ақ жолдың” депутаттар Қайырбек Баймұратов пен Нұрлан Қайырденов жерлестері
атынан әскери қызметшілерге кезіндегі
көмегі үшін алғыс айтып, үздіктерді марапаттады.
Сондай-ақ,
Нұртас ықшам ауданындағы «Жайлы мектептер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан
2000 орындық мектеп құрылысымен таныстық. Қалалық құрылыс бөлімі басшысының
орынбасары Айдын Нәшеновтің хабарлауынша, өкінішке қарай, бұл нысандардың
көпшілігін тапсыру 1 қыркүйекке белгіленген мерзімге сәйкес келмей, мекемені
пайдалануға беру қазан айының соңына шегерілді.
Бұл жағдайға жобаларды әзірлеу және сараптау мерзімінің ұзаққа созылуы және процедуралардың қатаң реттелуі себеп болды. Атап айтқанда, қазақстандық қамтудың міндетті талабын орындау кезінде бекітілген материалдарды отандық өндірушілердің шектеулі саны (мысалы, қаптау материалдары, желдету жүйелері және т.б.) ғана шығаратыны анықталған. Нәтижесінде нарықта үстем субъектілер пайда болып, бағаны бірден шарықтатып жіберген (20-30%), алайда, жұмыс көлемінің жоғары болуына байланысты өнімді дер кезінде шығарып үлгермеген, бұл өз кезегінде жеткізу кезектілігі мен нысандарды тапсыру мерзімдерінің созылуына әкеп соқты. Сонымен қатар, бұл үдерістерді үйлестіруді «Самұрық-Қазына-Construction» өкілдері жүзеге асырады. Дегенмен жергілікті жерлерде бұл мәселелерді әкімдіктерге тапсырған дұрыс болар еді.
Қысқасы,
құрылысшылардың қауырт жұмысына қарамастан, мектептерді аяқтау мерзімі созылып
отыр. Сондықтан жағдайды тұрақтандыру қажет.
Құрылыстан соң,
инвестицияларды тарту мен жүзеге асыруға көмектесу мақсатында қала әкімі құрған
«Шымкент-Инвест» серіктестігіне бардық. Орталық «Kazakh Invest» ҰК және
«Атамекен» РКП-мен бірлесіп жұмыс істейді. Инвесторларды қолдау шарасын, жеке
бизнесті қорғау мәселесі, түрлі өңірлердің оң тәжірибесін талқыладық.
Директордың
орынбасары Рамиль Амерханов іскерлік көші-қон визасын алу рәсімінің
бюрократиялық сипаты мәселесін көтерді. Мәселен, бұдан қазірдің өзінде-ақ
Түркиядан келген шетелдік инвесторлар да, олардың қазақстандық серіктестері де
зардап шекті, себебі көрсетілген визасы жоқ инвесторлар құрған кәсіпорындар
заңсыз деп танылып, олардың тіркеуі жойылса, олармен жасалған мәмілелер
жарамсыз деп танылды. Шенеуніктердің консерватизмінен бизнес айтарлықтай
шығынға ұшырады.
Бұл жүйелі
мәселе, Парламенттегі фракциямыз онымен міндетті түрде айналысады.
Сондай-ақ, ең
жоғары халықаралық стандарттар бойынша итальяндық жабдықты пайдалана отырып,
керамогранит шығаратын «Зерде-Керамика» зауытында болдық.
Мен осы
компанияның Ақтөбедегі зауытында болғанмын, бас директор Руслан Дүйсембеков
үшінші зауытты ашуды да жоспарлап отыр. Технологиялық процеспен және өте жоғары
деңгейдегі сапаны бақылау жұмыстарымен таныстық. Компания «Жайлы мектептер» бағдарламасына
қатысып, қазір барлық күш-жігерін құрылыс компанияларының тапсырыстарын орындауға
бағыттауда.
Кешкісін «17»
жастардың авангардтық интерактивті театрында «Алаш» спектаклін тамашаладық.
Театр бірегей шығармашылық тәсілдері арқылы шымкенттік жастар арасында танымал.
Батырбек
Әшірбаев жас өнерпаздарды қолдап жүр. Бұл театрға жеке ғимарат салу жоспарда
бар.
Әртістер «Алаш»
спектаклін шабыттана, толғаныспен сомдап шықты. Қойылымнан кейін режиссер
Рүстем Әуелбековпен және бүкіл труппамен әңгімелестік.
Ұжым назарын
ұсынылған тақырыптарды, атап айтқанда – Алаш идеологиясындағы тәуелсіздік пен
ұлттық жаңғыру тақырыбын, осы ұлттық идея мен жерлестері Сұлтанбек Қожанұлы мен
Мұстафа Шоқайдан бастап, оның лидерлері Әлихан, Райымжан Мәрсекұлы, Барлыбай
Сыртанұлы сынды Алаш арыстарының тағдырын мұқият зерделеу қажеттілігіне назар
аудардым.