16
Тамыз

Азат Перуашевт: Қостанайдағы жұмыстың екінші күнінде «Евразия Каспи Стил» ЖШС ұжымымен кездестік

https://t.me/peruash/11885

Қостанайдағы жұмыстың екінші күнінде «Евразия Каспи Стил» ЖШС ұжымымен кездесіп, бас директор Олег Петров өндірістік қуаттылығы 420 мың тонна болат арматураның қазіргі өндірісін таныстырды. Сондай-ақ ол ССГПО базасында қуаттылығы 1 миллион тонна металлопрокаттан асатын ыстық брикеттелген шойын өндірумен бірлескен, болат құю зауыты құрылысының жобасы туралы айтты. Бұл өндіріс өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Зауыт мамандары энергетика саласындағы делдалдардың жойылуы тарифтерге қатысты жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. О.Петров вагондарды жеткізудегі проблемалардың жиілігін (жыл сайын 2,5 мыңға дейін) атап өтті. Бұл кәсіпорын жұмысына теріс әсер етеді.

Одан кейін үй құрылысы комбинатын араладық. Кәсіпорын директоры Владимир Анненко арматуралық құрылымдарды тоқу, жабынды плиталарын, жылытылған үй панельдерін, қадаларды және т.б. шығаруға арналған автоматтандырылған желілерді көрсетті. Сонымен қатар, ауданы 80 ш.м. панельді коттедж үлгісін қарап шықтым. Мұндай үйлерді (оның ішінде көп қабатты) салу жылдамдығы дәстүрлі әдістерге қарағанда 2-3 есе жоғары.  Бұрынғы кезде панельді көпқабатты үйлер тұрғын үй құрылысының басым бөлігін алғаны бекер емес.

Бұл әдіс әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар салуда да үлкен рөл атқара алар еді.

Өкінішке қарай, тұрғын үйге сұраныс жоғары болғанымен, зауыт әлеуеті толық пайдаланылмай жатқаны анық. В.Анненко оған негізгі себептердің қатарында типтік жобалардың жоқтығын, сондай-ақ несие бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелерді атады.

Панельдік әдіспен салынатын әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы мен жобаларға қатысты Өнеркәсіп министрлігі және «Отбасы банкімен» әңгімелесеміз.

«Кайдзен» ЖШС (бұршақ өңдеу) түрік инвесторларының қаражатына құрылды.  Кәсіпорын директоры Нұрлан Есенов атап өткендей, бұршақ дақылдарын (ең алдымен жасымық) өсіру ауыспалы егісте тартымды және тіпті тыңайған алқаптарды қалдырумен бірдей, сондықтан өндіріс шикізат базасымен қамтамасыз етілген, сату негізінен экспортқа бағытталған (Түркия, Ауғанстан). Жоба ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің бастамасымен жүзеге асып, ауыл шаруашылығының табиғи мүмкіндігін пайдаланудың жақсы үлгісі саналады. Бұл тәжірибені басқа өңірлерде де кеңейту туралы ұсыныс бар.


«Аруана-2010» ЖШС (диірмен комбинаты) иесі Сайлаубек Әлішев қуаттылықты 2 есеге (300-ден 600 тн/тәулікке дейін) арттыра отырып, өндірісті жаңғырту және кеңейту бойынша жұмыс барысын көрсетті. Егін жинау науқаны қарсаңында серіктестік 30 мың тонна астық қабылдайтын элеваторды жаңартуды да қарқынды аяқтауда. С.Әлішев «Ақ жол» демпартиясына кәсіпкерлерге тұрақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, әсіресе несие бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге қол жеткізуді сұрады. Себебі, қазіргі жағдай, жұмсақ тілмен айтқанда, бизнестің инвестициялық белсендігіне қолайлы емес. Сонымен қатар, электр энергиясының тарифтері мен Энергетика министрлігінің осы саладағы делдалдарды жою туралы шешімді талқыладық.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен пай мәселесін талқыладық – жер телімдерін қайтарып алу арқылы шаруа қожалықтарын бопсалауды тоқтатып, үлесті жер түрінде емес, құрылтай капиталындағы үлес түрінде бекіту туралы ұсыныс бар. Бұл меншік иелеріне табыстың бір бөлігіне кепілдік береді, және өкінішке қарай, кейінгі кездері бизнеске қысым жасаудың, тіпті рейдерліктің кең таралған әдісіне айналған шаруа қожалықтарының қызметін бөлшектеу және тосқауыл қою қаупін тоқтатады.

Тағы бір ұсыныс – АПК-да гигантоманияға заңды түрде тыйым салу. 

Бұрынғы астық холдингтерінің тәжірибесі көрсеткендей, шамадан тыс шоғырландыру мұндай құрылымдарда тиімсіз басқаруға, ұрлыққа және корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа әкеледі. Осы мақсат үшін бір шаруа қожалығына тиесілі жер телімдерінің шекті көлемін – 20-30 мың гектардан аспайтындай етіп белгілеу ұсынылып отыр.

Бұл қарапайым мәселе емес әрі өте өзекті. Аталмыш ұсыныстарды ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кең ауқымының қатысуымен жіті зерттеуге уәде бердім.

Биыл сәуір-маусым айларында бүкіл өңір бойынша су тасқынына қарсы тұруға әскерилері тікелей қатысқан Қостанай қаласында орналасқан әскери бөлімде болдым. Сарбаздар мен сержанттар күні-түні қапшықтарды құмға толтырып, су тасқыны қаупі бар аймақтарға бөгет тұрғызды, тұрғын үйлерді қорғап, тұрғындарды эвакуациялады, инфрақұрылымды қалпына келтірді.


«Ақ жол» демократиялық партиясы мен ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық фракциямыздың атынан әскери қызметкерлерге және олардың командирі, подполковник Қуаныш Хабиевке алғыс айттым.

Қостанайдан жолға шықпас бұрын «Ақ жол» демпартиясы филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Махаббат Жұтаевқа және оның ұжымына атқарған жұмысы, тығыз кездесулер кестесі мен қызықты пікірталас үшін алғыс айттым. Бұл алдағы жұмысымызға пайдалы болары сөзсіз.