14
Мамыр

Азат Перуашев Алматы облысында Іле ауданы Өтеген батыр ауылының тұрғындарымен кездесті

https://t.me/peruash/5632

Алматы облысында сапарымыздың қорытындысы ретінде бүгін Іле ауданы Өтеген батыр ауылының тұрғындарымен кездестік.

Бұл ауданда «Ақ жол» демпартиясы атынан екі мәслихат депутаты бар - Дүрия Даниярова мен Евгений  Константинов (ротация бойынша Әділжан Құдайбергеновты алмастырған). Сондықтан, біздің филиал тұрғындардың көңіл-күйі мен жағдайды жақсы біледі. Оған қоса Евгений, кәсіпкер ретінде, жерлестердің өмір сапасын арттыруға сүбелі үлес қосты, атап айтқанда, аудан орталығында серуендеу аймағын салып, абаттандырды (жергілікті «Арбат»); ал, қазіргі уақытта аудан орталығының көркін келтіретін заманауи коттедж қалашығының құрылысын іске асыруда.

Жиналған қауымға конституциялық реформаның басым бағыттары, оның себептері мен билік пен шешеуніктердің халықтың мұң-мұқтаждарына жақын болуы секілді басты күтілетін нәтижелері туралы айтып бердім.
Өзекті сұрақтарға жауап бердім, бұл жерде мұғалімдер ерекше белсенділік танытты (кездесу №24 мектеп-лицейінің ғимаратында өтті), сауалдардың көбі референдум ғана емес, ағымдағы депутаттық жұмыстарға қатысты болды. Педагогтерді ҰБТ өткізу, «Алтын белгіні» беру құқығын білім мекемелерінің өзіне тапсыру; әйелдердің зейнет жасын төмендету және т.б. мәселелер толғандырады. Біздің Парламенттегі жұмысымыздың соңғы жарты жылында ғана бұл мәселелердің көбі «Ақ жол» демпартиясының депутаттық сауалдарында көтерілгенін атап өттім.
Әйелдердің зейнет жасына қатысты 2013 жылы зейнет жасын көтерер кезде Мәжілісте белгілеген «Ақ жол» ҚДП ұстанымын еске салдым. Бұл мәселені әйелдер қауымының өз таңдауына қалдырған дұрыс деп санаймыз. Мәселен, егер 58 жастағы әйелдің тұрақты жұмысы болса, ол кәсібі өзіне ұнаса және ары қарай еңбек ете бергісі келсе - еш проблема жоқ. Ал, егер 58 жастағы әйел жұмыссыз қалып жатса, оның лайықты жұмыс тауып, 63 жасқа дейін қалған уақытта қажетті жинақты толтыра алатынына сену қиын.
Ал, оны зейнетақыдан айыру - өмір сүруге деген қаржыдан айырумен бірдей  (https://akzhol.kz/ru/migrated_6931/).
Жақында ғана кран жүргізуші болып еңбек етіп жүрген, аязда да, жауында да 20-25 метр биіктікке өз күшімен көтерілетін егде жастағы әйелмен болған әңгімемізді мысалға келтірдім. Сол биіктен қайтып түсу әуресі тағы бар. 60 жастан асқанда мұндай ауыр жұмысты қалай атқармақ?
Сондықтан, бұл мәселеде әйелдердің өз еркіне жүгінген дұрыс деп санаймыз.

Конституциялық реформаға қатысты сұрақтар негізінен бұл өзгерістер сайлау процесіне, саяси партиялардың әділ бәсекелестігі мен қоғамдағы өмір сүру сапасының артуына қандай әсер ететіндігіне байланысты болды.
Президент өкілеттіктерін шектеу нормаларын деген қызығушылық жоғары болды - Қ. Тоқаев өзіне және отбасы қарсы бұл өзгерістерді енгізуінің себебі неде?
Осы туралы айта отырып, конституция Тоқаев үшін ғана емес, кез-келген мемлекет басшысына, соның ішінде қазіргі Президентке де қатысты жазылатынына назар аудардым.
Бұл шектеулердің өзіне келсек - оларға еш қарсылық болмады)

Кедейлік пен жұмыссыздықты азайту, бюджеттік сала мамандарының жалақысын көтеру секілді тақырыптар жөнінде де әңгімелестік. Бұл салаға қатысты мемлекет басшылығының шешімдері туралы, сондай-ақ, олардың саяси жүйені өзгертумен, мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастырумен тікелей байланысы туралы айтып бердім.
Жалпы, кездесу өте қызықты, ашық диалог форматында өтті.
Осы кездесуді ұйымдастырған Алматы облысы бойынша филиалымыздың жетекшілеріне және «Ақ жол» демпартиясының Іле аудандық мәслихатының депутаттарына алғыс білдіремін.