9 шілде 2024 жыл, Алматы қалалық филиалы
ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Алматы қаласындағы іссапар аясында Алматы
қаласы Наурызбай ауданындағы «Оқушылардың инновациялық шығармашылығы
орталығының» жұмысымен танысты.
Орталық басшысы Айнұр Дауылбаева баяндама
жасап, орталықпен жақынырақ таныстырды.
Жалпы ауданы 10 мың шаршы метр болатын бұл орталық 2023 жылы салынған және 3500 оқушыға арналған.
Бүгінде Орталықта 2250 бала қосымша білім алуда. Түрлі секциялар халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Олардағы тәрбие ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен техника жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, жан-жақты дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған.
Мысалы, «Ғылым және технология» бағыты
бойынша студенттерге заманауи бағдарламалау тілдері (C++, Python, C-sharp),
Lego және Arduino негізіндегі робототехника, 3D басып шығару және модельдеуді
үйретеді;
- «Көркем-эстетикалық үйірмелер» бағыты
бойынша балалар мен мектеп оқушылары ұлттық музыкалық аспаптарда ойнау,
режиссура және актерлік шеберліктерін игереді. Журналистика өнерін және киім
дизайнды бастауға білім береді;
- «Спорт» бағыты бойынша білікті жаттықтырушылар олимпиадалық спорт түрлері: дзюдо, бокс, еркін күрес, каратэ т.б. бойынша сабақтар өткізеді. Сондай-ақ, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық зияткерлік спорт түрлерінен секциялар жұмыс істейді.
Ең маңыздысы, барлық секциялар оқушыларға тегін беріледі. Жазғы демалысқа қарамастан барлық секцияларда бірнеше топтар бар және Айнұр Мұратқызының айтуы бойынша жазғы кезде балалар қалауы бойынша түрлі үйірмелерге қатыса алса, оқу жылында нақты екі бағыт бойынша үйірмеге қатыса алады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса өз сөзінде: “Осындай орталықтар оқушыларға болашақта мықты маман ретінде қалыптасуға зор әсерін тигізетіні сөзсіз және оған Наурызбай ауданындағы осы шығармашылық орталық дәлел бола алады деп сенеміз”-деді.
Мекеме басшысы Айнұр Мұратқызы депутатқа
өзінің ұсыныстарын білдіріп, оқушылардың шығармашылық орталығына назар аударып,
арнайы келгені үшін алғыс айтты.