8 шілде 2024 жыл, Жетісу облыстық филиалы
Қазыбек Иса және
ақжолдықтар Жетісу облысындағы іс сапар барысында Жаркент мешіт мұражайына
барды. Мұражайды аралап, жұмысымен танысты.
Жаркент мешіті 1887-1892 жылдары жергілікті халық
қаржысына бірінші дәрежелі саудагер Уали Ахун Юлдашевтің ұйымдастыруымен
тұрғызылған. Өзінің сәулеті, құрылымы және әшекейленуі жағынан Қазақстан мен
Орта Азияның құрылыс өнерінің әдісімен салынған ғимарат. Ғимараттың қайқы бел
шатыры көне Қытай үлгісімен 122
бөрене бағаналарға бекітілген.
Сәулет ғимаратында қазақ, ұйғыр, дүнген тағы да
басқа Шығыс халықтарының ою-өрнектерінің нұсқаларын, арабеска стиліндегі
әшекейлі жазудың тамаша үлгілерін кездестіруге болады.
Мешіттің құрылысы мен әшекейлендірілуін сәулетші
Хон Пик (Мұқан) басқарған. Мешіттің ұзындығы 54,5 метр, ені 29 метр, биіктігі
22 метр.
Үш жыл бойы (1887-1890) ағаш құрылыс орнына
жеткізіліп, қажетті үлгідегі бағаналар мен бөренелер дайындалды, оларға күрделі
саңлаулар шабылды. Дайындалған бөлшектер таңбаланып, әшекейлендірілді.
Бөлшектердің қиылысу жүйесіне сай дәлдігі нәтижесінде ғимарат бірде-бір шегесіз
бір жазғы маусым ішінде тұрғызылды.
1918 жылдан 1948 жылға дейін ғимарат түрлі
мақсаттарға: жұма мешіті - әскери жатақхана, астық қоймасы, медресе бөлмелері -
кинотеатр, пәтер ретінде пайдаланылды. Нәтижесінде ғимарат бүлінді. 1962 жылы
жүргізілген зерттеу жұмыстары, стилобаттың бүлінуі жұма мешіті галереясының орнықтылығына
қауіп туғызғанын көрсетті. Күмбездер зақымданып, жапсарлас қабырғаның орталық
бөлігі опырылып құлады. Медресе төбесі түсіп кетті. Кіші мешіт үйінің
қабырғалары жарықшақтанып, барлық есік, терезелері шағылды.
1948-1949 жылдары КСРО сәулет және құрылыс
академиясының Қазақ филиалы Республика көлемінде тарихи-мәдени ескерткіштерді
анықтау, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жаркент мешіті де сәулет ескерткіші деп
танылып, мемлекет қарауына алынды.
Қайта қалпына келтіру жұмыстарын 1967-1978
жылдары Республикалық бірлестік "Қазқайтақалпынакелтіру" мамандары
жүргізді.
Жұмыс барысында кіші мешіт үйі толық қалпына келтірілді, порталға алғашқы
кейпі берілді: сәнді мұнаралар, күмбез төбелер, мұнараға шығатын қуыстағы
баспалдақ, дәрісханадағы сәнді суретті текше қайта жасалынды.